XXI ғасыр ғаламтор ғасыры ма?

… Айшылық алыс жерлерден,
Жылдам хабар жеткізер…
(Ы.Алтынсарин)

Ғаламтор театрға ұқсайды…
(Крис Артертон)


Жалпы әлем тарихы басынан небір сындарлы кезеңдерді өткізіп, заманның ағымына қарай әр дайым үдеп, дамып отырды. Дәуірден дәуір өткізіп, ғасырлардың тоғысында жаңа бір кереметпен көш-көруені толығысты. Кешегісі бүгініне, бүгіне ертеңіне ұқсамайтын деңгейге жетті. Ғылым мен білім жолында адамзат баласы ауыз толтырып айтар жетістіктерге қол жеткізді. Ағайынды Монгольфьелердің Әуе шарын ойлап табуы, Анри Жаффардың Дирижабльды құрастыруы бүкіл ғаламды дүр сілкінтіп тастағаны сөзсіз шындық болатын…

Осылай басталған жетістіктердің үрдісін XXI ғасыр шырқау биігіне шығарды. Алты айлық жерге алты сағатта апаратын темір құстарды жасап шықты. Бір кездері апталап күтетін сәлем хаттар көзіңді ашып-жұмғанша жететін дейге жетті. Жалпылай айтқанда адамзат баласы жаңа әлемнің құшағына енді. Ми мен ой кеңістігінде «Ғаламат Ғаламтор» деген ғалам пайда болды. Осы әлемнің барлық нәрседен артықшылығы «Болмайды» деген болғызып, кез-келген жердің түпкіріне оңай саяхат жасауға үлкен мүмкіндік туғызды. Әлемнің қиырын жедел ақпарат жеткізуге таптырмас құралға айналды. Десе де қанша мақтап, атын әлемге алтын әріппен жаздырғанымызбен зияны да жоқ емес. Осы тордың кесірінен қаншама қара көз қыздарымыздың, намысы нардай ұлдарымыздың тағдыры ойыншыққа айналды. Бәзбіреулердің барлық өмірі жалпақ тақтайға байланып қалды. Кейіңгі ұрпақ атадан қалған асыл қасиеттерімізді аяқ асты етіп, қаймағы бұзылмаған дәстүрі мен дінін көзіне де ілмейді. Жиырма төрт сағат бойы қос жанарына күннің нұры емес, шайтандар терезесінің сәулесі түсіп, бүкіл сана-сезімін улап бітті. Бар дүниесі осыған байланған жастар рухани азықтану дегенді де ұмытқандай. Ата-бабамыздың қолынан түспеген кітапты, бүгінгі елдің баласының ең болмаса сөресіненде көрмейміз. Ғаламтордан теріс ағымды уағыздаушылардың сөзіне ерген Жаңаөзендік атқана мінерлеріміз шекеара асып, өз-өздерін жарып жібергені – қалың көпшіліктің есінен әлі кеткен жоқ. «Әй» дейтін – әже, «қой» дейтін – қожа болмағасын нар алыптарымыздың бүкіл өмірі темекінің тұқылындай жанып бітті. Басқа халық десе таңданар ем, өзімізден шыққан тексіздерге әлі күнгі сене алмай келемін. Жанымның өртенге өкініш оты – ғаламтор арқылы қазақ қыздарының тәнін саудаға салып жайымыз бар. Осыдан бір-екі жыл бұрын халыққа хабар таратқан «К+» арнасынан бастап, бірнеше газет-журналдар мен күдікті деп табылған ғаламтор сайттарын соттың үкімімен жапқан болатын. Ал, аруларымызды саудағы салған сайттардың неге жабылғанын түсінбей-ақ қойдым…

Мен көп жасаған адам емеспін. Бар болғаны он алты күзімді артқа тастадым. Он алты жыл бойы өмірден көрген-түйгенім мені ала түтіннің арасынан адастырмай алып шығатынына кәміл сенемін. Ал өзімнің қатарластарым, аға, бауыр, інілерім көк будың құрсауында қалып қойғанына жаным күйзеледі. Ғаламтор оларға теріс тәрбие беріп жатыр. Кей көкірек көтергендері осынысын дұрыс деп санайды. Бөтеннің қаңсығына қызыққан жас буындар ата-ананы құрметтеуден, сыйлаудан мақұрым қалған. Алла Тағала «Ата-ананың көңілін қалдыру – ең үлкен күнә!» десе керек.

Жылдам хабар жеткізгенінен не пайда, жаңалықтан керегін ұрпақ алмаса, мол ақпарат айтқанынан не пайда, ешқашанда көз қиығын салмаса, бар әлемді аралаттырғанынан не пайда, бір ауылды қара басып, сорласа, жақсылықты үйреткенінен не пайдаса, жамандықта шығып тұрса жармаса, дұрыс тәрбие көрсеткенінен не пайда, тәриесіздер өзіне тартып тұрғанда, түзу жолдар көрсеткендерінен не пайда, қайта айналып қармақ басқа салғанда, төре болып жүргенінен не пайда, тексіздері басына мініп тұрғанда.

XXI ғасыр ғаламтор ғасыры болар еді, жеткіншектеріміз тек қана құнарлы азықпен қоректеніп жүргенінде. Алайда пайдасынан зияны басым боп тұрған шақта жаңа ғасырдың нағыз жетістігі деп айту қиын соғады. Демек, XXI ғасыр қарусыз соғыс ғасыры деп айтуға келіңкірейді.

Авторы: Марат ҚАНИ 2014 ж.



Бөлісу: