"Үстінен жұлдыз жауған алтыбақан"

"Үстінен жұлдыз жауған алтыбақан"
жеке
блог

«Тамаша дәстүрімді халқыма тән,
Жоғалтпай, аялашы, алтын Отан!
Орны боп шын достықтың әуелесін
Үстінен жұлдыз жауған алтыбақан».

     Қазақ мәдениетін өлеңіне арқау еткен ақын қыздарыңыз Күләш Ахметова осынау «махаббат бесігіне» әдемі жыр арнап кетті. Әдебиетте әні үзілмей, мәдениетте мәні кетпеген алтыбақан турасында біз не білеміз?

     Алтыбақан- жастарды ептілікке, өнерлілікке, орынды сөйлеу мен сыйластыққа тәрбиелейді. Өнерлілік деуіміздің себебі- алтыбақанда тербелген екі жас әнмен, сыпайы қалжың, тапқыр өлеңмен өзара жарысатын болған. Жиналғандардың арасында да белең алған «рухани жарыс» қазақ даласында мәдениеттің кең тарауына сеп болғаны хақ. Сөзімізді «Абай жолындағы» мына әсем көрініс айғақтай түседі:

     «Құлаштап сермелген әлпеншекке Абай мен Тоғжан кезек-кезек биіктей түсіп, теңселіп тұрып ән шырқасты. Тоғжан алғашқы бір-екі ауыздың тұсында Абайды тыңдап айтып кеп, үшінші ауызға келгенде, еркін сермеп қосылды. Бұрын жаңылыс айтып келген жерлерді Керімбаладай емес, оңай түзеп алды. Ербол мен өзге тыңдаушының бәрі де:

-Ә-ә, жаңа түзелді!

-Тоғжан оңай үйренді!

-Ән жаңа келісті! Айт, айтыңдар... пәлі!-  деп тегіс құптай жөнелді.

     ... Алтыбақан қасындағы ән мен ойын тағы біразға созылып барған соң, Ербол тың ойын бастады. Онысы- «ақсүйек», содан кейін «сергек құлақ» еді. Жастар тегіс қатты даурығып, шулап жүріп, үлкен желікпен ойнады».

      Қай туынды болмасын, осынау ойын-сауық түрін ерекше ықыластың, іңкәр көңілдің, астасқан өнер мен махаббаттың бесігіндей етіп көрсетеді. Тал бесікте тербелген екі жастың сезім куәгері- алтыбақанды тербеткен үшінші адам. Ауыл сыртына құрылып, тымық кешті әсем әуезге бөлейтін жастар сауығы ойынға, ән-жыр мен айтысқа ұласып отырған.

     Алтыбақан дегеннен-ақ оның бейнесі, құрылымы көзімізге елестей кетеді. Ал, жалпы анықтамасына келер болсақ... Аталған әткеншекті құрастыруға 6 бақан немесе сырық және үш мықты арқан таңдалады. Бақанның жоғарғы аша бөлігіне екі арқан орнатылып, бел сүйеуге немесе отыруға ыңғайлы болады. Үшінші арқан тұруға арналған. Қазір үшінші арқанға отыру үшін тақтай орнатылып та жүр.

    Халқымызда алтыбақан ойын есебінде танылған. Өзге түркі халықтарына да белгілі бір өзгеріске ұшырап, тараған бұл әткеншек мифтік сипатқа жақын болуы мүмкін. Бұл жайында мәдениеттанушы Серік Ерғали былай дейді:

     «Алтыбақан - табиғатында ойын емес, ойынға тән нақты ережесі жоқ, одан гөрі әлдебір мифтік жоралғыға барынша жуық рәсім. Жалпы, алтыбақанды тігінен үш-үштен бастарын байлау мен жетіншісін олардың бастарын қосуға пайдалануда үлкен космогониялық таным жатыр. Бұл рәсімде ежелгі ғаламның жаратылу көрінісі орын тапқандай; бізге жеткен түркі-парсылық әфсаналар бойынша  алты күн ішінде жеті планета жаралды емес пе?! Ендеше, алты бақан - ғаламның жасампаз алты күні де, сырық санының жетеу болуы - әуелгі жеті планета құрметіне деген нышан болуы керек. Ал, бұларға бекітілген тербеуіш (маятник) Күн мен Түн ғарыштық антагонизмінің ұлы ғаламдық дуализмге айналуын тілеп, Тәңір-Іңір («іңір» ұғымы қазақтарда - күн батқаннан кейінгі мезгіл, түнектің басы) сипатындағы үйлесімін паш етуге арналған қондырғы!»

     Қалай болғанда да, жоғарыда айтқандай, қазақ мәдениетінде өзіндік орны бар алтыбақанның бүгінге дейін жетіп, өз рөлін әлі де белсенді атқарып жатқаны қуантады. Наурыз мерекесінде қала көшелерін көркемдеп, шалғай ауылдарда құрылысы бұзылмай тұратын көнекөз ойын әлі талай тарихты өткеріп, талай жастың махаббатына желеу болады деп сенеміз!