Қазақтың дәстүрлі ән өнері

Бізде сәби дүние есігін ашқан сәттен бастап «бесік жырын» айтып әлдилеп қарсы алып, адам дүниеден өткенде «жоқтау» айтып шығарып салады. Адам өмірінде болатын әр қуанышты сәттерге дайын тұратын тамаша дәстүрлерімізді сақтаудың өзі адалдықтың айқын көрінісі. Соның ішінде қасиетті халқымыздың рухани жәдігерліктерінің бай мұрасының бірі – дәстүрлі әндер. Музыка зерттеушілерінің айтуына қарағанда, халқымызда 5 мыңнан аса күй, 12 мыңға жуық ән бар көрінеді. Бұл – қазақ әншілік өнердің ғасырлық даму тарихының бар екендігінің айғағы.


Киелі қара домбыра мен қобыздың сүйемелдеуімен айтылатын дәстүрлі әндер кең диапазон, күрделі ырғақ-иірімдерімен ерекшеленеді. “Ел іші – өнер кеніші” дейді дана халқымыз. Әрине, қазақтың дәстүрлі әндері тек домбыра, қобызбен шектелмесі анық. Жетігенмен, сыбызғы, шертер, адырнамен ән айту өнері қазірге таңда сейілсе де бұрын ел ішінде, ұлт арасында да жалғасып жатты. Ал домбырамен тек қана әннің төресі шырқалған. Тарихтан белгілі, қазақтың сал-серілері де екі не үш ішекті домбыраны серік еткен. Домбырамен сүйемелдеп ән айту сол кезден ақ шеберліктің шыңы саналған.

 

Дәстүрлі ән өнерінің әртүрлілігі аймақтық мектептерге бөлінуіне байланысты. Яғни орындаушылық ерекшеліктеріне қарай оқыту тәжірибесі қалыптасқан. Жалпылама айтқанда, Арқа мектебі, Жетісу мектебі, Батыс Қазақстан мектебі болып бөлінеді.                                                                          Мысалы, Біржан сал, Ақан сері, Майра Уәлиқызы, Шашубай т.б. – Арқа мектебінің өкілдері саналады. Олардың әндері де еркін ырғақпен айтылып, басқа мектептерге қарағанда диапозоны мейлінше кең болады. Арқа әндерінің кәсіби мектебін жасағандар – Ж.Елебекеов, Ж.Кәрменов, Қ.Байбосыновтар, бұлардан өзге, ән өнерінде ерекше із қалдырған Қ.Байжанов, Ә.Қашаубаев, Қ.Бабақов, Қ.Лекеров, Б.Жылқыбаев, М.Ержанов, Ж.Омарова, Р.Есімжанова, Р. Қойшыбаева, М.Көшкінбаев, И.Әлібаев, Ж.Қартабаева, Л.Сүйіндікова, М.Ешекеевтердің атын атай аламыз.

Орындалуы мен домбырада сүйемелденуі Арқа әндеріне ұқсас келетін мектеп – Жетісу мектебі. Қазақтың халықтық әуендердің мол сақталған әншілік өнер шоғыры саналған мектептің көрнекті өкілдері ретінде Жамбыл, Кенен, Қапез, Пішан, Дәнеш Рақышевтарды атай аламыз. Жетісу ән мектебінің кәсіби тұғырын қалаған –Ж.Кәрменов, оның ізін жалғастырушы шәкірті – Е.Қосбармақов.


Батыс Қазақстандық әншілік мектеп– еліміздің батыс өлкесінде дамыған әншілік өнер. Бұрынғы Бөкей Ордасының жерінде шырқалған төкпелі жыр негізінде синтезделген желдірмелі ән Мұхит арқылы жаңа белеске көтерілді.
Мұхит әндері Атырау, Ақтау, Орал, Ақтөбе жерінен бастау алып Сыр мен Арқаға дейін қанатын жайған. Бұл мектептің басында Ғарифолла Құрманғалиев тұр, Ғарифолла Құрманғалиевпен үзеңгілес өнерпаз ретінде Әли Құрмановтын есімін құрметпен атай аламыз. Ғарифолла мектебінен шыққан оның шәкірттері – Қ.Бекбосынов,Қ.Орашева, Қ.Рахимова, А.Дәрібаева, Ж.Сәрсенғалиев. Қ Ақтаев. М.Төрешов, Қ.Бердіғалиев, Ә.Еңкебаев, Қ.Құлышева, С.Таутаева, С.Рахметжанов, С.Әбдірахманов, С.Жанпейісова, С.Мырзабаева, А.Қосанова, Қ.Кәкімовтар.

 

Халық әндері аймақтық мектептерге бөлінгенмен негізгі сарыны жалпы қазақы әнге ортақ сазға құрылады, сондықтан бір өлкенің әнін басқа өлкенің әншісі қиналмай айта береді, яғни қазақ әнінің біртұтастығы аймақтық әншілік мектептеріне қанша жіктегенмен бұзылмайды. Ғарифолланың Арқа әндерін тамылжыта шырқағаны, Жүсіпбектің Мұхит әндерін тебірене айтқаны соған дәлел бола алады.

Қазақ халқы дәстүрлі ән өнеріне бай екенін әрі қазіргі таңда да дәстүрлі әншілеріміз жеткілікті деңгейде таратып жүргенін айта аламыз. Ал негізін салған әнші-сазгерлердің мол шығармашылық мұрасы қазақ операсы мен балетінде және классикалық музы­калық туын­дыларда кеңінен пайдаланылып, әлемнің ең әйгілі му­зы­катану­шы­лары тарапынан жоғары бағаға ие.

 



Бөлісу: