Қазақ пен қонақ: қонақжайлықтың қазақ қоғамындағы көп қырлы рөлі

⋅ Естеліктер сөйлейді. Қонақ десе ішкен асты жерге қоятынымыздың бірден бір дәлелі - ата-бабамыз қалдырған өсиет-аңыздар, өлең-жырлар. "Асыңа тойғызбасаң да, ақ ниетіңе тойғыз" демекші, қазақ халқы мейманды аса құрметпен, абырой, дәулетпен дүркіретіп, барын салып қарсы алған.

⋅ Әңгіме қонақжайлылық жайлы болса, Қадыр Мырза Әли атамыздың есімін атап өтпеу мүмкін емес,- "Қазақ пен қонақ" сынды шығармаларында әр қазақтың ғұмырында қонақтың орнын ерекше бейнелейді:

Адамдар арасында ғұмыр кешіп,

Адаммен араласпау —

Азап оған.

О бастан жомарт қазақ топырағы,

Ол қашан дастарқансыз тоқырады.

Мейманға нәрін беріп,

Барын беріп,

Қонақтан қалғанын жеп отырады.

 

⋅ Өлең жолдарында айтылғандай, қонақты күтемін деп жарғақ құлағы жастыққа тимеген ел барынша жақсы пікір қалыптастыруға талпынған. "Қонақ келсе есікке, жүгіріп шық есікке. Қарсы алмасаң қонақты, кесір болар несіпке" демекші, салтымызда қонақты есік тұтқасын бұрағанда-ақ үйдің кенжесі қарсы алып, сәлемін беріп, артынан үлкендерге кезек келетін. Мына бір қызық деректі қараңыз: ежелде қазақ киелі киіз үйді паналаған заманда қонақ ат үстінде ешқашан ауылға өзі кірмеген. Алыстан көзі шалған балалар бейтаныс адам келе жатқаны жайлы хабардар еткен де, өзі қарсы алып алған. Бұл - сый-құрметтің айқын бейнесі. Мейманды шығарып салудың да өзінде тың құпия-сырлары болған.  Байырғы, тіпті қазіргі деректерге сүйенсек, үй иесі келген адамды есігінен емес, ауыл сыртына дейін шығарып салған. Ал ас ішіп болған соң, дәстүр бойынша сарқыт салып берген. Сарқыт - үйдегі балалар мен үлкен кісілерге, келіндеріне қонақтан, тойдан келген кісінің құрт, ірімшік, кәмпит сықылды т.б. ауыз тигізуіне әкелген дастарқан дәмі; жақсы қасиеттері жұғысты болсын деп ырымдап жеуге болатын қонақтан, үлкен кісілерден қалған тағам.

⋅ Бір атап өтерлігі, қазақтың танымында қонақтың түр-түрі бар. Олардың бірі - арнайы қонақ. Анығына келсек, алыстан ат терлетіп, арнайы шақыртумен келген мейманды арнайы қонақ деген мәртебеге ие болған. Оған қоса, құдайы қонақ - жолшылап келе жатып, табан асты ат басын тіреген; ерулікті қонақ - ауылға көшіп келген отбасын құрметтеп, ерулік асқа шақырылған; қыдырма қонақ - ерігіп те желігіп жүрген және т.б қонақтың түрлері бар. Қазақ - көшпелі халық, сол себепті шалғай жерлерге көшіп-қону үшін қонақ болып үй-үйге ат тұяғын түреу - жан сақтап қалудың амалы іспеттес еді.

⋅ Ұлы Абай өзінің 34-қара сөзінде: «Адам баласына адам баласының бәрі - дос. ...Біріңе-бірің қонақ екенсің, өзің дүниеге де қонақ екенсің» деген екен.. Жалпы, әрбір адамды бұл дүниеде қысқа мерзімді қонақ ретінде түсіну қазақ мәдениетіне тән.

⋅ "Қазақтардың және олардың ата-бабаларының қонақжайлылығы заң деңгейіне дейін көтерілген басты әлеуметтік институтқа айналды",- дейді «Бозоқ» қорық-музейінің жетекші ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының кандидаты Сұрағанова Зубайда Қабиқызы. Расымен де, қонаққа сый-құрмет, шынайы ілтипат көрсету арада белең алғаны сонша, елден ерекше, қонақтың асты-үстіне түспей жатқан адамға көзіміз түссе, бірден байқаймыз.

⋅ Қорыта келе, қонақжайлылық – қазақ үшін сан қырлы сөз, мәдени мұра, еңбектеген баладан еңкейген қарияға дейін ежелден өзектілігін сақтап келе жатқан салт-дәстүр және оның қазақ қоғамында алатын орны теңдессіз.

 

                                                                            Мақала авторы: Түнғат Томирис



Бөлісу: