«Қазақтар - әдет-ғұрып, салт-сана,
тіл жағынан біртұтас ұлт»
В.В.Радлов.
Қазақтың салт-дәстүрі тұтас ғылым десек те болады. Қай халықты алсақ та, өзіне тән тұрмыс тіршілігі, күн көрісі, әдет-ғұрпы мен салт-дәстүрлері бар. Салт-дәстүр халықпен бірге жасасып, тарихында өшпес із қалдырады. Бірақ ұмыт болып бара жатқан салт-дәстүрлеріміз де жетерлік.
Қазақта атадан балаға мирас болып келе жатқан салт-дәстүрлер баршылық. Бірақ жылдар өте ұмытыла бастаған ұлттық құндылықтарымызда бар.
Салт пен дәстүрдің көбі торқалы тойда , топырақты өлімде атқарылады. Мысалы, құда түсу, келін алу, қыз ұзату, бала сүндеттеу, көшіп - қону, жұрт жаңалау, жолушы жүру, барыс - келіс жасау, өлім - жітім ұзату, қайтқан адамның жетісін , қырқын, жылдық асын беру кездерінде, әр қайсысына тән мазмұны болады. Соған сай өткізілетін дәстүр мен салт, ырым мен тыйымдары бар. Оны үлкендер болмаса, жастар жан - жақты біле бермейді деп ойлаймын.
Дәстүрдің мағынасы өте кең. Ол тек ата - баба мұрасы болып қана қалмай, әлеуметтік ұлттық сыйпаттарды да, оның ішінде әдіс-тәсілдерін де өз мазмұнына қамтиды. Дәстүр - қоғамның барлық салаларынан көрініс табады. Анықырақ айтсақ, ол діндегі, тілдегі, ғылымдағы, өнердегі, әдебиеттегі, философиядағы, психологиядағы, тарихтағы басқа да салалардағы алар орны ерекше. Біз бұл жерде тек қана қазақ халқы арасында атқарылып келе жатқан дәстүр туралы айтамыз. Мысал ретінде баланың тұсауын кесу, кіндік шеше, құда түсу, қыз ұзату, табалдырық аттау, құда күту, т.б. Айта берсек, біздің қазақ халқының дәстүрлері жетерлік. Дәстүрдің ерекшелігі мен мазмұны кең. Төменде ұмыт болған кейбір салт-дәстүрлерге мысал келтіре кетуді жөн көріп отырмыз.
Босаға майлау
Біздің салтымызда көнерген дәстүрлер бар. Отау тігіп, шаңырақ көтерген екі жасқа жасалар жөн-жоралғы да айтылар тілек те мол. Осындай салттың бірі- босаға майлау. Бұл дәстүрді көреген әжелер мен ақ жаулықты аналар жасайды. Екі жастың үйіне шашуын шашып, ақ ниетін білдіріп келеді. Үлкендер «Жас отаудың босағасы майлы болсын, қазаны оттан кетпесін, еліне қалаулы болсын» деп тілек айтқан. Мұндағы тілек келіннің қазаны оттан түспесін, елге майдай жұғымды, көп түсетін үй болсын деген ырыммен жасалады. Жас келін бір үйдің ұрпағын көбейтуші жан. Яғни, сол үйге бақ-береке қонсын, майдай жұғымды болсын деген ниетпен барады. Босағасын майлаған адамға шаңырақ иелері кәде береді.
Қалау айту
Тағы бірі «қалау айту», біреудің жақсы малына немесе мүлкіне көзі түскен адам сол үйдің иесіне немесе әйеліне, баласына бір бағалы тарту әкеліп, сол үйдегі өзі ұнатқан дүниені көрсетіп, «менің қалауым осы» деп сұрайды. Әсілінде текті қазақ қонақтың қалауын қайтармайтын болған.
Әмеңгерлік
Әйел ерден кетсе де, елден кетпейді деген қағиданы ұстанған ата-бабаларымыздың әмеңгерлік деген салты бар. Бұл үрдісті бүгінде ел ішінде сирек ұстанады.. Бақилық болған жандардың жылын беріп болған соң, жесір қалған әйелді қайын ағасына немесе қайын інісіне қосады. Мұның астарында немерелеріміз ешкімге жалтақтамай, өз туысының бауырында өссін, өзге біреу өгейлік көрсетпесін деген қағида жатыр. Әмеңгерлік мәселесін ру ақсақалдары кеңесіп, ағайын арасында талқыға салады. Сүйіп қосылған жарының ыстық сезімін өзгемен бөліскісі келмесе де, үлкендердің сөзін жерге тастап, ата салтын аттауға болмайды. Бұл келіннің ақылдылығын көрсетеді.
Ерулік
Ерулік – жаңадан көшіп келген адамдарға көршілерге арналған қонақ асы. Ерулік жаңа көршілерді жақындастыруды көздейді. Жылқы еті, қазы-қарта, жал-жая мүшелері немесе қой еті сойылып дастархан жайылады.
Аунату
Қазақтар үйіне келіп қонақ болған, қонып кеткен адамдардың отырған, жатқан жеріне «баламыз осы атасына тартсын, бойына осы атасының қасиеттері қонсын» деп балаларын аунатып алатын болған. Елге, ағайынға сыйлы азамат кіндік қаны тамған туған жеріне келгенінде халық, туған-туыстары, дос жарандары оны сол жердің топырағына аунатып алған. Шыңғыс Айтматов үйіне Мұхатр Әуезов келгенінде, ол отырған орындыққа ұлын аунатып алған көрінеді.
Сан қилы өмір үдерісінің желкенінен шықпай бізге жеткен, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасқан салт-сана, әдет-ғұрыптарымыздың көбісі бүгінгі таңда ұмыт болып, тіпті кейбіреуі жоғалуға да айналды. Ұлт мұрасына, ұлт мәдениетіне даңғыл жол ашылып, жаңа мәдениет құрудың ұлы жорығы ел болып, шеру тартып отырған тұста ұлттық салт-сана, әдет-ғұрыпты жинау, зерттеу, саралау кәдеге жарату әрбір есті адамзаттың борышы саналады. Халқымыздың өткені мен бүгініне ой көзімен қарасақ, салт-дәстүрдің кейбірі бүгінгі мына дәуірде арамыздан ізі кете бастағандығы шындық деп айтуға да болады.
Дайындаған – Қуандық А.Т.
Жетекшісі – аға оқытушы Тунгатова У.А.