Қазіргі жастар мен жасөсірімідер, тіпті орта жастағылардың арасында түрлі наным-сенімдер пайда болғанын байқап жүрміз. Мысалы, алдынан мысық кесіп өтсе, айналып басқа жолмен кетіп қалу. Сондағы сенгені – мысық адамның жолын кесіп, қырсық шалады деген ой. Сонымен қатар бір сәтсіздікке не бір келеңсіз жағдайға тап болса, «Бүгін қай күн өзі? 13-і емес пе?» деп сұрайды. Айдың 13-і жұмаға сәйкес келсе, демек бұл күні қандай да бір сәтсіздік болады деп нанады. Бұл ойдың түп-төркіні Батыстан келгенінен біреудің хабары болса, біреудің хабары жоқ. Оның тарихы тым тереңде әрі өте күрделі. Дінмен, ұлтпен, жалпы мәдениет қайшылығымен астасып жатқанын ұққан жөн.
Ал қазақ не дейді? «Құдайдың құтты күні» деген сөз бар емес пе? Бұл «күнде» деген мағынаны береді. Демек, қазақтың дүниетанымында күннің аласы жоқ, барлығы да құтты, несібесі мол. Адамның басына келер келеңсіздіктің бір күнге байланып қалуы мүмкін емес, бұл – тар ойлаудың шеңберінен шыққан шала түсінік.
Қазақтың тыйым сөзі – ұлттың тәрбие көзі. «Тыйым көрмеген баладан тексіз адам шығады» деген сөз де бекер емес. Халқымыз тыйым арқылы ұл-қызын ұнамсыз мінезден, жат қылықтан шектеп отырған. Жастайынан ненің дұрыс, ненің қате екенін ажыруға үйретіп, бала күннен бойына әдептіліктің әліппесін сіңірген.
Қазақтың ырым-тыйымдары, наным-сенімдері ұлттың дүниетанымынан хабар береді. Тұспалмен сөйлеп, айтар ойын жұмсақ жеткізген халық тыйымдар негізінде мақал-мәтелдерін шығарып отырған. Ата-бабаларымыз ырым-тыйымдардың философиялық және тәрбиелік қызметін өте ұтымды пайдалана білген.
Табиғатқа, қоршаған ортаға зияны тимесін деген оймен «көкті жұлма», «жас ағашты сындырма», «ағаштың бұтағын сындырма» деп баланы жастайынан тыйып отырған. Ертеден көшпенді өмірді серік еткен, дархан даланы баспана көрген көреген халықтың таным-түсінігінің табиғатпен астасып жатуы да заңды. Содан болар, «Көкті жұлсаң көктей соласың» деп сенген, ескерткен. Осыдан барып «Бір тал кессең, он тал ек деген» мақалды шығарып, ой қорытқан. Көкке, жалпы өсімдік атаулыға осылай аялап, құрметпен қараса, суды тіпті аса қасиет тұтқан. «Судың да сұрауы бар», «Су ішкен құдығыңа түкірме» деп ұрпағына «суға дәрет сындырма» тыйыа отырған. Себебі қазақ түсінігіндегі су – өмірдің, тіршіліктің бастауы. «Бұлақ көрсең, көзін аш» деп те жататыны осыдан. Осылайша ырым-тыйымымен, мақал-мәтелімен ұрпағын обал мен сауапты білуге, рақымды да қайырымды болуға, әр дүниенің парқын білуге баулыған.
«Тұзды баспа, тұзды төкпе» деп жатамыз. Тұз төгілсе, аналарымыздың түрі бұзылатын. Мұның да өз сыры бар. Қазақтың лексиконында бір қатерден аман қалған жанды «татар дәм-тұзы бар екен» десе, о дүниелік болған жанның хабарын «дәм-тұзы таусылды» деп жеткізген. Осы турасында З. Ахметова «Күретамыр» атты кітабында былай дейді: «Қарғыстың ең ауыры да: «Дәм-тұзым атсын!» деген сөз. Жолдасқа адал, айналасына әділ жанды «дәм-тұз аттамайтын азамат» деп мақтап бағалайды. Опасыздық жасағанды «дәм-тұзға түкірді» деп жазалаған», - деп жазады.
«Доссыз өмір – тұссыз аспен тең» деген мақал осы орайда ойға келеді. Былай қарасақ, доссыз өмірдің мәні жоқ, тұзсыз астың дәмі жоқ. Қарапайым күннің өзінде тұзссыз асты іше алмасымыз анық. Демек, тұздың тіршілікте алар орны ерекше. Оны адам тағдырымен байланыстырып, ата-бабамыз біздің өміріміздегі ерекше орнын осылай көрсетсе керек.
Ежелден тұрмыспен, дүниетаныммен қанға сіңген әдет-дағды кейін келе заңмен бекіді. Қазақ хандығы өз отауын тіккеннен кейін Қасым ханның қасқа жолы, Есім ханның ескі жолы, Тәуке ханның «Жеті жарғысы» шыққаны мәлім. Осы заңдарда қазақтың ырым-тыйымдарының негізінде Даланың ұлы заңдары қалыптасты деуге негіз бар. «Анаңа ауыр сөз айтпа» дейді қазақ мәтелі. Осы заңдардан ата-анасына қарсы шыққан қыз бен ұлға қатаң жаза қолданғанын көре аламыз.
Байыппен қарасақ, ырым мен тыйымның мақсаты – дұрыс тәртіпке шақыру, айналаңа зиян тигізбеу. Тіпті, өзіңді күтіп, денсаулығыңа зарар келтірмеудің де негізі осы қазақтың ырым-тыйымдарында жатқандай. Мысалы, дастарқан басында алдыңызға ыстық ас немесе шай келгенде, үрлеп ішкен кезіңіз болды ма? Сондайда үлкендер «Асыңды үрмелей іш» деп ескерткен болар?! Бұл тыйымның сыры неде деп ойлайсыз?
Біріншіден, үрлеп, тез суытып асығып жеу – адамның денсаулығына зиян. Екіншіден, қазіргі медицина тілімен айтқанда ауа арқылы түрлі бактериялар тарайды. Адамның бойында бір дерт болса, ол үрлеген кезде ауа арқылы дәмдес отырғандарға тарап кетуі де мүмкін. Үшіншіден, жаныңыздағы адамдарға ыңғайсыздық келтіреді. Демек, бұл – этикет, яғни осы тыйымның негізінде тамақтану мәдениеті жатыр. Үстел басында өзіңді дұрыс ұстау әдебін кәрі құрлықтағылар арнайы мектепте оқып, сабақ етіп енгізіп барып бойларына сіңірсе, қазақ дархан далада еркін жүріп, киіз үйдің ішіндегі дастархан басында үйренген. Бұл – мол тәжірибенің, көрегендіктің белгісі.
Міне, бұдан не түюге болады? Әрине, қазақтың дүниетанымының өте терең, нағыз ғылым жатқанын көреміз. Бір тыйым сөздің өзінде экология, медицина, мәдениет, этиканың негізін байқаймыз. Өз тыйымдарымызды құлаққа ілмей, өзгенің таңсығына жүгіргенді доғарған абзал. Бай мәдени мұрамызды жаңғыртып, тұрмысқа енгізу ауадай қажет. Қазақтың әрбір тыйым сөзінің астарында кең дүниетаным, мол мағына жатқаны сөзсіз.
Данат Жанатаев
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ
профессоры, доцент
Балғын Әділбаева
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ
магистранты