Мәдениет адам өмірінің, жалпы қоғамның әрбір саласын қамтитын бірден бір феномен. Кез келген адамнан "мәдениет деген не?" деп сұрасаң, ол оны міндетті түрде тарих, салт-дәстүр, әдет-ғұрып деген сөздермен байланыстырады. Әрине, оның да өз орны бар, дегенмен бұл ұғымның мәні тереңірек. Мәдениет өмірдің реттілігін, тұрақтылығын, мәнділігін, табандылығын қамтамасыз ететін үлкен институт болып табылады. Ал қазіргі таңда қоғамдық өмірде дәйексіздік, тұрақсыздық, тиянақсыздық секілді белгілердің көбейіп кетуіне байланысты соңғы онжылдықтарда осы мәдениет феноменіне қызығушылық артып отыр. Бүгінгі қоғам өмірінде жиі көрінетін жағдайлар – отбасы ішіндегі түсініспеушілік, адамдардың бір-біріне сенімсіздік танытуы, бір мемлекеттің азаматтары бола тұра, ұлтқа, нәсілдікке, діни ұстанымдарға бөліну, бірін-бірі белгілі бір себепсіздіктерге байланысты жек көру секілді құбылыстар теріс бейсаналық пен түрлі келеңсіздіктерге жол ашып жатыр. Бұл қоғам, мемлекет, әлем бойынша орын алуда. Міне, қоғамдағы мәдениет функцияларының бірі – осындай қоғамдық немесе жеке әрекет түрлерін реттеу болып табылады. Яғни мәдениет мораль мен құқыққа негізделе отырып, адамдардың мінез-құлқына әсер етеді [1, 7 б.].
Өкінішке орай, қоғамда мәдениет пен өнер саласына ойын-сауық, бос уақытты өткізу бағытындағы екінші дәрежелі нәрсе сияқты көзқарас жиі кездеседі. Бұл түбірінде қате пікір, өйткені тек мәдениет пен өнер ғана ұлттық рухани құндылықтарды көркем түрде жүзеге асыруға мүмкіндік береді, халықтың рухани күші мен қуатын көрсетеді, онсыз елді деградация, яғни артта қалу күтеді [4, 36 б.]. Қазақстанның қазіргі заманғы мәдени оқиғаларының басым бөлігі бір жолғы табысқа бағытталған бытыраңқы іс-шаралар болып табылады. Сондықтан еліміздің мәдениеті мен өнерін дамыту үшін оны жүйелі әрі жан-жақты қамтитын стратегия қажет. Қоғамда қалыптасқан стереотипке қарамастан, мәдениетті, ең алдымен, ұлттық идеологияны қалыптастырудың, елдің әлемдік кеңістіктегі рухани дамуы мен позициялануының қуатты құралы ретінде қарастыру қажет.
Мәдениет туралы ғылым, әрі философиялық ілім - мәдениеттану қоғамда болып жатқан түрлі процестерді, оның ішінде материалдық, әлеуметтік, саяси, адамгершілік, көркемдік, т.б. барынша қамтып, мәдениет дамуының жалпы заңдылықтарын, оның өмір сүруінің принциптерін және бір-бірінен этно-әлеуметтік, саяси-моральдық, ғылыми, көркемдік және тарихи сипаттамаларымен, жағдайларымен ерекшеленетін түрлі мәдениет түрлерінің өзара байланыстарымен, төуелділіктерімен зерттейді [2, 12 б.]. Жеке пән ретінде XIX ғасырдың соңғы ширегінде қалыптаса бастағанымен, бүгінгі таңда бұл жас ғылым қоғамның әрбір саласына етене сіңіп келеді. Әсіресе, отандық жоғары білім беру жүйесінде бұл анық байқалады, өйткені соңғы жылдары "мәдениеттану" дисциплинасы жоғары білім беру жүйесінің әрбір саласына міндетті түрде оқытылатын пән ретінде енгізіліп отыр. Мұндай реформалар Қазақстанның білім беру сапасы мен стандарттарының халықаралық деңгейіне шығу, отандық білім беру сапасын көтеру және шет елдерде отандық дипломдардың мойындалуына қол жеткізу қажеттілігінен туындап отыр.
Елбасы Н.Ә. Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында "Заманауи әлемдегі бәсекелік қабілет – мәдениеттің де бәсекелік қабілеті деген сөз. Біз ХХІ ғасырдың жаһандық картасында ешкімге ұқсамайтын, дербес орны бар ұлт боламыз десек, «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» жобасын іске асыруға тиіспіз. Әлем бізді қара алтынмен немесе сыртқы саясаттағы ірі бастамаларымызбен ғана емес, мәдени жетістіктерімізбен де тануы керек" - дегендей, мәдениет күннен күнге дамуды, ілгерілеуді қажет етеді [3]. Қазақстанның өзіне ғана тән ұлттық құндылықтары, мәдени мұрасы, ұлттық бренд ретінде қалыптасқан бірегейлігі бар. Бірақ біз оны жаңа мазмұнмен толтырып, жаңа дем беруіміз керек. Онсыз бүгінде атқарылып отырған жұмыс өткенге жазылып, қазіргі заманғы әрекет тек имитация мен бос балама ретінде қабылданады. Еш өзгеріссіз қалыпта дәстүрді өзгерту және үздіксіз жалғастыру мүмкін емес. Ол үшін міндетті түрде сыртқы байланыстар мен білім айналымы керек, яғни мәдени салада бәсекеге қабілеттілік қажет. Осыған орай "Мәңгілік ел" ұлттық идеясы топтастырушы күшке ие, еліміздің тарихы мен мәдениетінің мұрасына сүйеніп, мемлекеттілігіміздің нығаюына алып келеді, сондай-ақ қазіргі заманғы мәдени кластерлердің бәсекеге қабілеттілігін қалыптастыруға және дамытуға жаңа серпін береді. Ал бәсекеге қабілетті мәдени ортаны қалыптастырудың маңызды шарттарының бірі - мәдени процестерді құзыретті басқару болып табылады, яғни мәдениет саласы үшін мамандарды даярлау өте маңызды. Сондықтан мәдениет пен өнердің әртүрлі салаларында "Мәдениеттану" мамандығы бойынша жас мамандарды, мәдени менеджмент және саясат бойынша сарапшыларды даярлау мәдени саясат міндеттерінің біріне айналуы тиіс және көп кешенді шаралар әзірлеуді көздейді [2, 381 б.].
Бүгінде бұл бағытта үлкен жұмыс атқарып келе жатқан - Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті. Еліміздің басты білім ордасының Философия және саясаттану факультеті Дінтану және мәдениеттану кафедрасы аясында мәдениеттану бойынша мамандарды даярлау жүзеге асырылады. Тәжірибелі профессорлар мен оқытушылар құрамы қазіргі заманғы мәдениетке тән жаңа өзгерістер мен оларды зерттеу үрдістерін анық біліп, жаңа ұрпақты тек білімді ғана емес, бәсекеге қабілетті, жаңа тенденцияларды зерттеп, оларды тәжірибеде дұрыс қолдана білетін маман ретінде тәрбиелейді. Өйткені, бүгінгі таңда мәдениетті тану біздің елімізде ғана емес, бүкіл әлемде қарқынды түрде дамытылып, оқытылуда. Мәселен, Ресейде "культурология" пәнінің теориялық-әдіснамалық бағдарламасы мен курс құрылымы отандық пән жүйесіне ұқсас болса, батыс университеттерінде "мәдениеттану" пәні жоқ, бірақ олардың оқу бағдарламаларында "мәдени антропология" немесе "сultural studies" атты курс оқытылады. Ал "мәдени антрополог" мамандығы Батыс, Азия мемлекеттерінде гуманитарлық мамандықтар арасында сұранысқа ие мамандықтардың бірі болып табылады. Ал Қазақстан сияқты дамып келе жатқан жас мемлекетке толық халықаралық мойындауға қол жеткізу үшін заман, қоғам талабына сай мұндай мамандар міндетті түрде қажет. Өйткені, жаһандану мен жаңғырту заманында өз мәдениеті мен онымен қоса өзгенің де мәдениетін зерттеу, елдің ішіндегі жанжалды мәселелерді шешу, сондай-ақ басқа елдермен ынтымақтастық ісінде мәдениеттанушы мамандардың рөлі маңызды. Сондықтан, болашақта біздің мемлекетте де бұл ғылым өкілдері беделді, сұранысқа ие мамандықтардың біріне айналады деген сенімдемін.
ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ
1. Ғабитов Т.Х. Құқық философиясы. – Алматы: Нұрпресс, 2010. – 228 б.
2. Ғабитов Т.Х. Мәдениеттану: Оқулық. – Алматы: Лантар Трейд, 2019. - 416 б.
3. Назарбаев Н.Ә. «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы. - Астана: 2017. https://www.akorda.kz/kz/events/akorda_news/press_conferences/memleket-basshysynyn-bolashakka-bagdar-ruhani-zhangyru-atty-makalasy.
4. Бердяев Н.А. Воля к жизни и воля к культуре. На переломе. — Москва, 1990. — 78 б.