Салт-дәстүр — әр ұлттың, халықтың діні мен сеніміне, тұрмыс-тіршілігіне, ұлттық құрылым ерекшелігіне сәйкес ғасырлар бойы жинақталып, қоғамда қалыптасқан елдің ұлттық айнасы. Салт-дәстүр әр ұлт, әр ел үшін маңызды, өзіндік орны бар ұғым. Әр ұлттың өзінің салт-дәстүрі, әдет- ғұрпы бар. Қазақ халқы ықылым заманнан салт-дәстүрді берік ұстанып, оны өмірінің мәні ретінде білген.
Қазақ елінің тарихына көз жүгіртсек, ата-бабаларымыздың тәуелсіздік жолында ауыр сынақтарға тап болып, талай қиындықтарды бастан өткізгенін білеміз. Атадан балға мирас болып қалған дәстүрлеріміз заманына қарай талай өзгерістерге ұшыраса да, мақсаты мен мән-мағынасын жоғалтқан емес.Бірақ «Дәстүрдің озығы бар, тозығы бар» демекші, біз біле бермейтін салт-дәстүрлер де жетерлік. Ұлттық мәдениетіміз туралы ақпараттарды газет беттеріне жариялап, оқырманға дәстүріміздің мән-мағынасын ашу артық емес. Біздің өңірімізде жиі орындала бермейтін салт-дәстүрлерді жинақтадым:
Қазан шегелеу. Өздері жақсы танитын, әзіл-қалжыңы жарасқан адамдар бір-бірінің үйіне бас қосып барып, «осы үйдің қазанын шегелей келдік» - дейді. Үй иесі әзілмен жауап қайырып «жақсы болды ғой, қазан шегелегіш шебер іздеп отыр едік» деп қонақжайлық танытып, оларға қонақасы береді. Демек, «қазан шегелеу» қонақ бола келдік деген ұғымды білдіреді.Бұл дәстүр қазақ халқының қонақжайлық белгісін танытатын ғұрыптардың бірі.
Қорықтық құю. Ол – емдік ғұрып. Ауырған адамның төбесінің үстіне май құйылған табаны әкеліп, екінші бір ыдыста қорытылған сұйық қорғасынды оның үстіне құйып кеп жібереді. Сонда «шар» етіп кішкене қорғасын сұйығы бір бейне қалпына түседі. Емші соған қарап ауруға «Сіз иттен немесе адамнан, жыланнан қорыққансыз» дегендей болжам айтып, ауруды жазылатынына сендіреді.
Туған жерге аунату. Бұл дәстүрдің мән-мағынасы көп. Біріншіден, «сен осы жерде тудың, ұмытпа, перзенттік парызыңды өте». Екінші, «туған жер – ата-анаң, Отаның, оның жақсы қасиеттері бойыңда, ойыңда жүрсін» деген тәлім жатыр. Қалай дегенмен де, халықтың осы әдемі дәстүрінде «Бәрібір сен туған жерге баласың» деген ұлы ұғымды білдіретін, оның отаншылдық сезім - сенімін арттыратын тәрбиелік қызметі өте зор екендігін көру қиын емес.
Салбурын. Бұл – аңшылық сауық. Аңшы, саятшы жігіттердің топ болып, бірнеше күн бойы аңға шығуын «салбурын» деп атайды. Мұны аңшылық мерекесі деуге де болады, бұл мерекеде алған аң бәріне бірдей бөлінеді.Салбурын аңшылардың ерлігі мен ептілігін, азаматтығын сынайтын жол. Бір қызығы қасқыр, түлкі сынды аңдар салбурын өзіне қауіпті екенін сезеді. Мұны аңшыларда біледі, аңшылар аңға дабыл қағып, айғайлап, ит қосып үркітіп шығарады.
Байлау. Қазақтың мәрттік, мырзалық, азаматтық қасиетін білдіретін салттарының бірі – байлау. Соғып алған аңды кездескен кісіге сыйлау, олжаны, тауып алған дүниені жанындағы адамға ұсыну ежелден қалыптасқан ұлттық әдет. Бұл салтты бұзу адамгершілік әдебінен аттау ретінде жазаға тартылады, сөгіс жарияланады немесе ел алдында бетке басылады. Дегенмен мұндай жағдайда аңшы адамның алғашқы олжасы болса, ол «байлануға» жатпайды, керісінше оған «құтты болсын» айтады.
Баутағар - дәстүрлі аңшылық дәстүрінде кездесетін рәсім, аң олжасын байлаған адамға берілетін сый. Байлаушыдан аң олжасын алған адам алғыс айтып, оған ақша немесе бір затын ұсынатын болған. Баутағар бермеген адамға екінші рет олжа байламайды. Дәстүрлі ортада баутағар кәдесін бермеген кісінің малы шығынға ұшырайды деген наным бар.
Деңгене. Көрші ауылдан келген үш-төрт жігіт алдымен түсетін үйін сайлап алып, сол үйдің жанына барып "Деңгене! Деңгене жеуге келдік" деп айғайлайды. Ал үй иесі бұл сөзді естіген соң, семіз бір қойды сойып, етін түгел қазанға салдыртады. Деңгене дәстүрі бойынша келген жігіттер сол қойдың етін түгелімен жеп, сорпасын ішуі керек. Тауыса алмаса, бір қойды екі қой қылып қайтаруға мәжбүр болған.
Сірге мөлдіретер — күздігүні бие ағытардағы ақырғы қымызға көрші-қолаңды шақыру кәдесі. Бие ағытар күні берілген қымызды "сірге мөлдіретер" дейді. Бұл дәстүрді өткізу үшін ауылдың ақсақалдары және аналары шақырылады. Ал олар болса өз кезегімен риза болып, алғыс айтады. Сонымен қатар өзінің батасын береді. Кейбір аймақтарда бұл дәстүрді басқаша "сірге жияр" деп те атайды. Бұл дәстүр қазақтың жомарттық салтын көтере түсетін қасиетті де тамаша дәстүр болып табылады.
Аталған бұл салт-дәстүрлерді бірі білсе, бірі білмес. Еліміз дамып, дамыған отыз елдің қатарына енуге батыл бетбұрыс жасаған бүгінгі таңда адамзаттық игіліктерді, халқымыздың ғасырлар бойы армандаған мәдени салт - дәстүрлерімізді ұмытпауымыз керек. Салт-дәстүр, әдет-ғұрып – халқымыздың асыл қазынасы, ұлттық айнасы. Бізге аманат болған ұлттық құндылықты көзіміздің қарашығындай сақтап, оны құрметтеу һәм болашақ ұрпаққа үлгі ету – біздің басты міндетіміз.