Дін мен дәстүр сабақтастығы

Дін мен дәстүр сабақтастығы
жеке
блог

www.kaznu.kz

Әл Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университеті

Философия және саясаттану факультеті Дінтану мамандығының 3 курс студенті Абдикаликова А. Б. 

Жетекшісі аға оқытушы Тунгатова У.А. 

 

Ел болып қалыптасу үшін бірқатар тіректердің болуы қажет. Діні, тілі, жері, тарихы, ұлттық тағамы, ұлттық салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптары. Олар бір сәтте емес уақыт өте келе, заман ағымымен қалыптасады. Әдет-ғұрып, дәстүрлер сол елдің шаруашылығына байланысты, өмір сүріп жатқан жеріне, тәсілдеріне байланысты пайда болады.
Салт-дәстүрі, тілі жоқ ұлттың ұлттық құндылығы да болмайды.
Сол секілді Қазақстан да - тұрақты діни дәстүрлері бар көпконфессиялы, көпұлтты мемлекет болып табылады. Мұнда түрлі мәдениеттер қатар өмір сүреді және өзара байланыста болады. Сондықтан, Қазақстанды жоғарғы толеранттылығымен ерекшеленеді десе болады.
Қазақтар үшін дәстүрлі дін Ислам болып табылады. Қазақтар Ислам дінін жүрегімен қабылдап қана қоймай, оның заңдары бойынша өмір сүрді. Ол халықтың тұрмыс-тіршілігіне, сана-сезіміне сіңді. Қазақ менталитетінің бір бөлшегіне айналып, оның тамырын жайды. Қазақ халқының біршама салт-дәстүрлері ислам дінімен үйлесіп, негізін діннен алады. Себебі, дін - әділдікті талап ететін жалғыз ғана тура жол. Яғни, мейірімділік, ата-ананы құрметтеу, өтірік айтпау, бала тәрбиесі, адамгершілік, ұят пен ар, тәртіп барлығы дінде көрініс табады.
Қазақстанда сунниттік ислам, ханафиттік бағыт дәстүрлі болып саналады.
Қазақ халқы исламдағы құнды дүниенің барлығын алып, көп жылдық тарихы бар мәдениетіне бейімдеген. Дәстүріміздің әлі күнге дейін өз орнын жоғалтпауының бір себебі де, оның дінмен ұштасуында.
Адамның өмірі де дін мен дәстүрден басталып, аяқталады. Өмірге келген сәтінде, оған есім беріліп, азан оқылуынан басталып, дүниеден өтіп, жаназа оқылуынан аяқталады. Оның арасында адамның бүкіл өмірі діннен бастау алған салт-дәстүрлер мен әдет-ғұрыптармен өтеді. Сол себепті де, дін мен дәстүрді бөліп қарастыру, оларды ажырату оңай емес.
Қазіргі кезде, көптеген жастар, әсіресе араб елдерінде білім алып, жат менталитетпен сусындағандар дәстүрден бас тартып жатады. Олардың негізгі дәлелі – дәстүрлер таза исламның тәжірибесіне кедергі келтіреді. Бірақ олардың басты қателігі – дінді дұрыс оқып, білмегендерінде. Мысалы, көптеген діндар адамдар, қалыңдықтың күйеу жігіттің ата-анасына сәлем салуына, беташар секілді дәстүрлерге тиым салады.
Беташар дәстүріне келер болсақ, бұл жерде келін ерінің туған-туыстарына, аға буын өкілдеріне құрмет білдіріп, сәлем салады. Бірақ мұны келінді адамдарға бас иіп тұр, ал ол дінге қайшы келеді, яғни Аллаға серік қосу деп түсінеді. Исламда Алладан басқаға құлшылық етуге тыйым салынған. Басты себеп осы болып табылады. Бірақ бұл жерде дәстүрдің себебіне, адамдардың ниетіне қарау керек. Яғни, қалыңдық сәлем салғанда дұға ету үшін немесе бір құлшылық мақсатында емес, бар болғаны тәрбие мақсатында жасайды. Мұнда келіннің күнделікті сәлем салуын да қоса кетсек болады. Бұл жерде шариғатқа қайшы келетін ешнәрсе жоқ деп ойлаймын. Керісінше, Ислам діні адамды ата-ананы, әйелді, балаларды, басқаларды сүюге үйретеді.
Қазақ халқында осы секілді дәстүрлер өте көп. Мысалға, адамдардың жиналып туыстарына, көршілеріне, яғни, мұқтаж жандарға көмектесуі. Біреу үй салып жатса немесе табиғат апаттарына байланысты үйі қирап қалған болса, халық болып көмектесу. Исламда Пайғамбардың өзі туыстарына жан-жақты көмек көрсеткен. Сондықтан жақын адамдарға көмектесу барлық діндер үшін қалыпты жағдай болып табылады. Ұлттық қонақжайлылығымыз туралы да осыны айтуға болады, ол қазақ халқының өмір сүрген жағдайларына байланысты. Мысалға, алыс жолға аттанған адамға басқа адамдар есігін ашпаса, тамақ бермесе, атқа су бермесе, ол ақырғы діттеген жеріне жете алмайды.
Исламда Пайғамбарымыз қонақжайлылық танытқан адамның 70 пайғамбарға құрмет көрсеткенін айтқан.
Қазақ халқы ата-бабаларымен өте тығыз қарым-қатынаста. Зират басына барады, сол жерде құран оқиды, құрбандық шалады, яғни барлығы діни нормаларға сай жасалады. Адамда ең бастысы оның ниеті. Маңыздысы кез келген салттың сыртқы бөлігі емес, ішкі, мотиві, ниеті.
Қорытындылай келе, ислам мен дәстүр ешқашан бір-біріне қарама-қайшы болмауы керек. Мұның бәрі қарапайым надандықтан, діни талаптарды күнделікті өмірде дұрыс қолдана алмаудан деп түсінемін.