Әл Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университеті
Философия және саясаттану факультеті Дінтану мамандығының 3 курс студенті Амангелді Ж.Б.
Жетекшісі аға оқытушы Тунгатова У.А.
Дін 40–50 мың жыл бұрынғы палеолит кезеңінде шыққан. Аталмыш кезеңнің мәдени жадыгерліктері жан-жануарлар культі мен аңшылыққа қолданған сиқыршылық белгілері сақталған.Діннің неғұрлым ертедегі көріністері- сиқыршылық,тотемизм,ғұрыптық жерлеу культі және шамандық болып табылады,
Антрополог ғалым Clifford Geertz дінге былай анықтама береді: дін дегеніміз"символар жүйесі, ол адам жанындағы қуатты, жалпылық және ұзаққа созылатын көңіл-күй және мотивация болып, дүниенің негізгі ережесі мен болмыстың мағынасы туралы сұрақтарға берілген жауап реалдыққа сай келмесе де, бәрібір әсерлендіреді...
Дін адамның рухани қажеттіліктерін өтейді. Адамзат баласын ізгілікке, адамгершілікке бағыттай отырып, оны жаман қылықтардан сақтандырады. Әрдайым Құдайдың бар екенін еске салып отырады.
Ал дәстүр – ұлттың рухани заңдары десек те болады. Адамдардың қатынастарын жазбаша заңдарға дейін ғасырлар бойы салт-дәстүр қамтамасыз етіп келген дейді тарихшыларымыз. Осы ретте елімізде әлі күнге дейін халық арасындағы кейбір мәселелер салт-дәстүр арқылы реттеліп келе жатқанына куә болып жүрміз.
Дәстүр – қоғамда немесе жекелеген топтарда тарихи дәуірлерде қалыптасқан, ұзақ уақыт аралығында сақталған және ұрпақтан-ұрпаққа берілетін әдет-ғұрыптар, мінез-құлық нормалары..
Ежелден халқымыз; адал, арам, обал, сауап деген төрт тағанды тұғыр етіп келеді. Бұл төрт таған – дініміздің талабына ұйып, тыйғандардан тыйылу дейтін тақуалыққа тәрбиелейді. Ұлтымыз сан ғасырлық салт-дәстүрін сақтай отырып, тәлімі мен тәрбиесін өскелең ұрпақтың санасына жеткізе айтуымыз керек.
Дәстүр мен діннің арасы туралы бір ауыз сөзбен айту мүмкін емес. Сондықтан біз дін мен дәстүрді ешуақытта бір-біріне қарсы қоюымызға болмайды. Дін мен дәстүрді ұштастыра білген талай ақындарымыз, жыршыларымыз, қара қылды қақ жарған билеріміз бен қазыларымыз ұрпақты ізгілікке, имандылыққа, адамгершілікке тәрбиелей білген. Осылайша исламның құндылықтары халқымыздың тілі мен тіршілігінде көрініс тауып, салтымен сабақтасып үйлесім тапқан. Ұлттық құндылықтардың, рухани-мәдени өміріміздің қалыптасу барысында дін мен қазақы салт-дәстүрдің өзара сабақтастығы маңызды рөл атқарады.
Халқымыз дәстүрді ерекше қадірлеген, қастерлеген, сақтай білген.
Дәстүрдің түрі көп. Соның ішінде, «Сөздің көркі – мақал» дегендей, дін мен салт-дәстүрдің сабақтастығы халық ауыз әдебиеті – мақал-мәтелдерінде де керемет көрініс тапқан. Ар-ұят, иман, көркем мінез турасында «Ұят – иманнан», «Мүміндердің иман тұрғысынан ең кемелдісі – мінез-құлқы ең жақсы болғаны» деген хадистерге қатысты – «Жарлы болсаң да, арлы бол», «Ары таза нар жүгін көтереді», «Өлімнен ұят күшті», «Қайырымдылық жасасаң, қайырын өзің көрерсің», «Жақсы ниет – жарым ырыс» деген ниеттегі мақал-мәтелдері айтылған.
Қазақта ата-ананың мәртебесін айқындайтын «Алланың разылығы – ата-ананың разылығы», «Жұмақ – ананың аяғының астында» дегендей хадистер мен үндес келген «Бала жетесіз болса, ата-анасын жерге қаратады. Бала жетелі болса, Ата-анасын елге қаратады», «Әдепті бала ата-анасын мақтатар, әдепсіз бала ата-анасын қақсатар» деген мақал-мәтелдер де баршылық.
Алла Тағала бір аятта: «Раббың Өзіңнен басқаға құлшылық қылмауларыңа және ата-анаға ізгілік жасауларыңа бұйырды. Егер олардың біреуі не екеуі де қартайса, ол екеуіне «уф» деп те айтпа, оларға дауыс та көтерме, оларға тек жақсы сөз сөйле», – деп бұйырған.
Халқымыздағы әдептіліктің, сыпайылықтың бір көрінісі – үлкенге «Сіз» деп сөйлеу, әйелдердің де күйеулерінің аттарын атамай «отағасы», «әкесі» деп тіл қатуы. Жастар жағы үлкен кісілердің алдарынан кесіп өтпеуі нағыз дәстүрлі ұстанымыз болған.
Сонымен қатар қонақжайлылық дәстүрі - халқымыздың ерекше қасиеттерінің бірі. Қонаққа деген құрметтің бір негізі ислам дінінде жатыр. «Кімде-кім Аллаға, ақырет күніне иман келтіретін болса, қонағын құрметтесін, жақсылық күтсін» деген екен Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.с.). Халқымызда «Үй баласымен ажарлы, қонағымен базарлы», «Қонағыңның алтынын алма, алғысын ал», «Көңіл кең болса, үйдің тарлығы білінбес», «Құтты қонақ келсе, қой егіз табады» деген ғибратты мақал-мәтелдері – дін мен дәстүр сабақтастығының дәлелі болып табылады.
Ендеше, халқымызға ежелден-ақ етене мұсылмандық дүниетанымын өскелең ұрпаққа паш етіп, елдігіміздің кепілі сонда жатқанын насихаттау һәм жеткізу – қазіргі таңдағы өзекті мәселелердің бірі. Бүгінгі ұрпақ та дәстүрлі дінімізді қадірлей отырып, ата дәстүрін ардақтағаны абзал.
Дәстүр - ұлтты рухани жандандырып, оның ішкі және сыртқы келбетін өрнектеп, көрсетіп тұратын сипаттар. Дін мен дәстүр - қашанда бір-бірімен сабақтас ұғым.Дін бар жерде дәстүр, дәстүр бар жерде дін де бар деп айтуға болады. Алла тағала құранда: «Кешірімді бол, ғұрыпқа жақсылыққа бұйыр және надандардан жырақ бол» - деп әмір етеді. Ғұрып дегеніміз бір қоғамда қалыптасқан жағымды әрі қайырлы іс. Демек, Алла тағала жоғарыдағы аяттарда қоғамда жағымды жағдайларды қалыптастырып, оларды негізге алуға әмір етіп тұр.
Ислам діні әрбір халықтың, ұлттың өзіндік құндылықтары және ерекшеліктері – әдет-ғұрпына ерекше көңіл бөлген. Сондықтан ислам ғұламалары әдет-ғұрып мәселесін талдап, оның өзін жеке бір тақырып етіп зерттеген. Дәстүрге теріс көзқараспен қарау және оны жоққа шығару тек бір ұлттың тамырына ғана балта шабу емес, дінді бұзушылық болып та табылады.
Ислам ғалымдарының бірі Имам ибн Ғабидин: «Ислам шариғатында, «әл-ғурф» (ғұрып) және «әл-ғада» (әдет) деп аталатын, адамдар арасында қалыптасқан салт пен дәстүрді айқындайтын үкімдер бар» -деген.
Халқымызда: «Дәстүрдің озығы бар, тозығы бар» деген керемет нақыл бар. Осыған орай: ғұрыптардың барлығы дерлік әлбетте бірдей емес. Сол үшін де, оларға бір жақты қарауға әсте болмайды.
Себебі, әдет-ғұрыптардың ішінде тыйым салынатыны, сондай-ақ рұқсат етілетіні, тіпті орындалуы қажет болып табылатындары да бар. Әдет және ғұрыпқа орындалатын өзіндік арнайы шарттары бар:
Салт-дәстүр – Құран мен Сүннет мәтіндеріне және ғалымдардың бір ауыздан келіскеніне немесе шариғатта бекітіліп қойған үкімге қарама-қайшы келмеуі тиіс.
Салт пен дәстұр, сирек кездесетін емес, кең тараған болуы қажет.
Салт-дәстүр бізге бұрынғылардан жеткен, қазіргі таңда да қолданыстағы дәстүр болуы керек. Өйткені, салт-дәстүр уақыттан-уақытқа, халықтан-халыққа ауысып келе береді.