Батыс пен Шығысты білімімен бас идірген ұлы ғұлама

 Әл-Фарабидің нақыл сөздері мен философиялық ой-тұжырымдары адам табиғатына,мінезқұлыққа,білім мен ғылымға,ақыл-парасатқа бағытталған.Адам баласы оны оқу арқылы өзінің білімін шыңдаумен қатар,адамгершілік тұрғысынан да сусынданады.Бойына бар жақсы қасиеттерді сіңіре білген адам бұл өмірде жеңіске жетеді.                                           

Әбу Насыр Әл-Фараби жан-жақты дарынды тұлға,ол тек философия мен  әдебиетпен айналысып қоймай,физика,математика,астрономия,логика,лингвистика,жаратылыстану,медицина және музыка салаларына өз үлесін қосқан ғалым.Түрлі бағыттарға ғылыми зерттеулер жүргізіп, 150-ге жуық трактаттар жазып қалдырған.                                                                                                               

Аты әлемге танымал Әбу Насыр Әл-Фарабидің қалам ұшынан туған құнды жазбаларынан біз өмірдің түрлі терең қырларының мәнісін ұғынамыз.Ұлы ғұлама адамзат баласын  өзін-өзі тәрбиелеуге жетелейді. "Адамның басына қонған бақыттың тұрақты болуы жақсы мінез-құлыққа байланысты" деп жазған нақыл сөзінен ғұламаның адам баласының бақыт кілтіне ие болуына тек өзі әрі өзінің ішкі жан дүниесі себепкер екендігін меңзегені анық.       

"Ғылыммен айналысам деген адамның ақыл-ойы – айқын, ерік-жігері – зор, тілек-мақсаты – ақиқат пен адалдыққа қызмет етуге талап жолында болуы шарт" деген нақыл сөзінен ғылым мен білімге құштар адам баласының өз-өзіне нақ сенімді болып,адалдықпен қызмет етуді өзіне мақсат тұту керектігін айқын көрсеткенін түсінеміз.Бұл нақыл сөздер біздің бойымызға даналықты сіңіреді әрі бізді рухани тәрбиелейді.       

Қорыта келе, жас ұрпақтың  рухани сана-сезіміне деген,білімге деген құштарлығын арттыруына  Әл-Фарабидің  қалдырған құнды еңбектерімен танысуы қажетті деп санаймын.Ұлы ойшыл адам баласына рухани құндылықтарды түсінуге орасан зор ықпалын тігізді.Қазіргі XXI ғасыр – цифрлы ақпарат пен дамыған технологияның заманы болса да,адамзат рухани тәрбиені еш уақытта кейінгі сатыға қоймағаны абзал.Бүгінде оның мұралары мәңгі мән-мағына ие әрі тәрбиеге жетелеуші құрал.  Біздің мемлекетіміздің болашаққа деген сенімі жастарда,демек олар ұлттық болмысымызды тереңірек танып білгені жөн. "Мәңгілік елге" айналуымызға көкірегі ояу,көзі ашық ұрпақ тәрбиелеуіміз өзекті мәселелердің бірі іспеттес.

Тасилова Н.А. , Тасилова А.А.

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті



Бөлісу: