Әмеңгерлік салтының ережелерін білмей тұрып, бұл сөз нені білдіреді және бұл дастүр қалай шыққанын айта кетейік. Әмеңгерлік сөзі келісім, ауысу деген мағынаны білдіреді. Мағынасына қарап бұл дастүрдің де мақсатын біле аламыз.
Әмеңгерлік дегеніміз — дәстүрлі құқықтық мәдениеттің негізгі институттарының бірі; күйеуі өліп, жесір қалған әйелдің қайынағасына немесе қайынінісіне, не болмаса жұбайының ең жақын туыстарының біріне тұрмысқа шығуы, некелесуі.
Бізде «Аға өлсе – жеңге мұра, іні өлсе – келін мұра» деген мақалға айналған нақыл бар. Мұның негізгі мәні күйеуі өлген жеңгені ағасының мұрагері есебінде қайнысы алады немесе күйеуі өлген келінін қайнағасы алады деген сөз.
Мұра есебінде тек әйел ғана емес, онымен бірге бала-шағасы, мал-мүлкі де өлген адамның ең жақын мұрагеріне тиеді. Ағалы-інілі адамдар бірінің баласын бірі әрдайым балам дейді. Көп жағдайда ағасына інісінің баласы бала, ал інісіне ағасының баласы іні ретінде есептеледі. Сондықтан әкесі өмірден өткен жас балаларға жетімдік керсетпеу үшін, әсіресе олардың жас шешесі бөтен елге кетіп, мал-мүлікті бөтенге олжа, жас балаларды жат бауыр етпеу үшін жесірді ешқайда жібермей, жақын әмеңгері иемденуге тырысатын. Жесір әйелге күйеуінің барлық туыстары, яғни күйеуінің бірге туған ағасы, інісі, ағасының баласы, немере-шөбере туыстары, тіпті аталас жақындары әмеңгерлік етуге құқы бар. Әрине, қазіргі заманда бұл сөзді айтсаң, өте ерсі көрінеді. Ал бұрынғы заманда әмеңгерлік жәй қалау емес, қажеттілік болған деседі.
Әмеңгерліктің бірнеше түсініктемесі бар:
Біріншіден, көшпелі тұрмыс салтында жесір әйелдің жалғыз өзі күнелтуі, күйеуінен қалған бала-шағаға, мал-мүлікке ие болуы қиын. Бөгде, тегі бөлек біреуге тұрмысқа шықса, балаларына өгейлік, мейірімсіздік танытуы мүмкін.
Екіншіден, марқұм күйеуінен қалған мал-мүлік жесір әйелге берілсе, бөтен адамның иемденіп кетуі, талан-таражға салуы, жетім балаларды нәпақасыз қалдыруы мүмкін.
Үшіншіден, бөгде біреуге күйеуге шығатын болса, әкелерінің қандас, аталас туыстары жетім балаларды анасынан ажыратып алып қалуы ықтимал. Мұның ауыр қиянат боларын қазақтар жақсы түсінген.
Сондықтан, аталған факторларды ескере отырып, қазақ ғұламалары “Жеті Жарғы” нормаларында ері қайтыс болған жесірдің “елден кетпеуін”, күйеуінің қандас туыстарының біріне күйеуге шығуын міндеттеген. Қаза тапқан еркектің туған-туыстары жесір әйелдің “әмеңгері” деп аталған.
Қазақ қоғамында әмеңгерліктен бас тарту сирек кездескен, ол өзінің туысының жетім қалған балаларына, яки, өзінің қандас іні-қарындастарына мейірімсіздік, жаныашымастық ретінде бағаланған. Ал әйел әмеңгерліктен бас тартса, оған бала да, мал-мүлік те берілмеген, тек өз қалауымен күйеуге шығу еркі ғана берілген.
Осы салтқа қатысты тарап кеткен бір өте мағыналы әңгіме бар:
…Нағашы ағамның бір қызы жастай жесір қалып, қайнысына әмеңгерлікпен қосылған кезде таңырқап қалған едік. Негізі қалада туып-өскен, қазақтың ескі салт-дәстүрлеріне аса ден қоя бермейтін отбасының қызы болғандықтан, оның әмеңгерлік салтымен қайнысына тұрмысқа шығады деп ойламаған едік. Мүмкін тағдыры шығар, оған үлкендердің де ықпалы болған шығар бәлкім. Нағашым қызын ұзатып, құдаларының қолына тапсырғанына көп уақыт та өткен жоқ болатын сол кезде. Той өтіп, барлық жоралғылар өткен соң, күйеу баламыздың кенеттен қайтыс болғанын естідік. Нағашы сіңліміздің аяғы ауыр еді ол кезде. Өте қиын жағдайда қалғанын естіп, оған қатты жанымыз ашыды. Күйеу баламыздың қырық күндігі өткенше нағашы сіңлім сол үйде болған. Кейін әкесі барып қызымды алып келейін, құдаларымның алдынан өтейін деп барса, олар әмеңгерлік жайлы ұсыныс айтыпты. Әрине, ұлынан айырылып отырған ата-анаға оңай емес, ұлынан қалған жалғыз жәдігерді де жат жұртқа қимайды. Немереміз көз алдымызда өссін, ұлымыздың көзі ғой деп зар жылаған құдағиының сөзін жерге тастай алмай, «Ойланып көрейік. Қызым көнсе мен қарсы емеспін» деп келген ғой. Сөйтіп, екі жақтың үлкендері бар, ақылдасып бір шешімге келеді. Қайнысы да ол кезде үйленбеген, бойдақ жігіт. Жүкті жеңгесіне әмеңгерлік жолымен үйлену оған да оңай болмағаны анық. Бірақ ұрпағын ойлаған ел ақылға салып, шешім қабылдайды ғой. Қазір олардың ортақ перзенттері де бар. Үлкен ұлын да қатты жақсы көреді, барлығы бетіне келіп, қатты ұрысып, ренжітуге қаймығады.
Сондықтан, аталған факторларды ескере отырып, қазақ ғұламалары “Жеті жарғы” нормаларында ері қайтыс болған жесірдің “елден кетпеуін”, күйеуінің қандас туыстарының біріне күйеуге шығуын міндеттеген. Қаза тапқан еркектің туған-туыстары жесір әйелдің “әмеңгері” деп аталған. Қазақ қоғамында әмеңгерліктен бас тарту сирек кездескен, ол өзінің туысының жетім қалған балаларына, яки, өзінің қандас іні-қарындастарына мейірімсіздік, жаныашымастық ретінде бағаланған. Ал әйел әмеңгерліктен бас тартса, оған бала да, мал-мүлік те берілмеген, тек өз қалауымен күйеуге шығу еркі ғана берілген.