Интернет және жаңа технологиялар біздің өмірімізге тереңінен еніп кетті. Әлеуметтік желіні пайдаланушылар саны күн санап өсуде, пайдаланушылар арасында жастар мен балалардың үлесі өте жоғары болып келеді. Өкінішке қарай, интернет кеңістігінде пайдалы ақпаратты ғана емес, сонымен қатар көптеген зиянды қосымшаларды да кездестіруге болады. Көбінесе, осындай зиянды қосымшаларға медиасауаттылықтың болмауынан жас балалар тіркеліп жатады.
Осы орайда, «Жас Ұлан» бірыңғай жастар мен жасөспірімдер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігі «ReStart» жобасы аясында «Жастар мен балалар арасында интернетке тәуелділіктің алдын алу жөніндегі іс-шаралар кешенін іске асыру, сондай-ақ азаматтардың цифрлық беделін қорғау» тақырыбында жоба шеңберінде интернетке тәуелділік бойынша әлеуметтік зерттеу жүргізген болатын.
Әлеуметтік зерттеудің мақсаты интернетке тәуелділікті анықтау әдістемесін одан әрі дамыту үшін жастар мен балалардың интернет қауіпсіздігінің өзекті мәселелерінің жай-күйін кешенді талдау және анықтау болып табылады. Осы орайда интернеттегі жастар мен балалардың тәуелділігі мен қауіпсіздігі бойынша еліміздің 15 жастан асқан азаматтарына арнап әлеуметтік сауалнама жүргізілген болатын.
Біріншіден, 15-29 жас аралығындағы Қазақстандық интернет-пайдаланушылар арасында онлайн сауалнамаға 2344 респондент қатысты, оның ішінде 34,3% — ер және 65,7% — әйел адамдар қатысты. Соның ішінде жұмыспен қамтылу бойынша деректер мынадай түрде бөлінді: оқушылар — 39,0%, студенттер – 41,1%, жұмыс істейтін жастар – 18,1% және әр түрлі себептермен жұмыс істемейтіндер/жұмыссыздар — 1,3%. Респонденттердің отбасылық жағдайы: 77,9%-ы бойдақ, 14,8%-ы отбасылы, 5,8%-ы қарым-қатынаста/азаматтық некеде және 1,5%-ы ажырасқан болды. Ал, жауап берушілердің 56,6%-ы қала тұрғындары және қалғандары ауыл тұрғындары болды.
Сауалнамаға қатысқан жастардың көп бөлігі, дәлірек айтсақ 51,5%-ы интернетті шамамен 12-16 жаста болған кезде алғаш қолданған екен.
Қазіргі таңда жастар аудиториясы арасында ең танымал әлеуметтік желілер мен арналар — бұл ең алдымен YouTube және Instagram желілері, содан кейін Вконтакте және TikTok (WhatsApp-тан басқа, ол көбінесе байланыс ретінде қолданылады) желілері танымал. Ал, белсенді ютуберлер ерлер мен студенттер болып табылады: ерлердің 30,7%- ы және студенттердің 29,0% – ы арнаға өз уақытының 2-ден 5 сағатқа дейін арнайды, ал әйелдер арасында бұл көрсеткіш — 20,3%-ды құрайды. Оқушылар бойынша көрсеткіштер – 20,3%, жұмыс істейтіндер бойынша-19,8%, ал үй шаруасындағылар немесе жұмыссыздар бойынша — 22,6% көрсеткішті көрсетеді.
Сонымен қатар, елімізде әйелдер арасындағы өте танымал желі ол «инстаграм» желісі болып табылады. Нәзік жандылар күніне бұл желіде ең аз дегенде 2-5 сағат отырады екен және желідегі ерлер саны әйелдерге қарағанда екі есе кем. Жас ерекшелігі бойынша желінің ең белсенді пайдаланушылары 21-25 жас аралығы — 13,6%, ал 26-29 жас аралығы — 10,1% және 15-20 жас аралығы — 3,6% болып табылады.
Екіншіден, оқушылар арасында сауалнама онлайн платформада да жүргізілді. Сауалнамаға мектеп оқушыларынан қыздар саны 61,5%-ы және 38,5%-ы ұлдар саны қатысты (барлығы 6754 сауалнама). Жауап берушілердің 58,4%-ы қалада, ал 41,6%-ы ауылдық жерлерде тұрады. Сауалнама барысында оқушылардың 82,3%-ы ата-анасымен, 8,5%-ы ата-анасының тек бірімен, 1,2%-ы туыстарымен тұратыны анықталды. Сонымен, жасөспірімдердің онлайн-сауалнамасының нәтижесінде оқушылардың көпшілігі интернетті 7-11 жасында қолдана бастағаны белгілі болды.
Сауалнамаға қатысқан жастардың 43,1%-ы әдетте интернетті жұмыс немесе оқу үшін емес, өздері үшін, өз қажеттіліктері үшін пайдаланса, ал 38,3%-ы қызығушылық үшін пайдаланады екен. Сонымен қатар, әлеуметтік желілерде ұлдар мен қыздар шамамен бірдей уақытты жұмсайды. Респонденттердің көпшілігі интернетті пайдалану мүмкіндігінен айырылса, олардың өмірі аздап өзгереді деп санайды. Жауап берушілердің 96,6%-ы интернетті телефон арқылы пайдаланады, бұл ретте респонденттердің 76,1% -ы телефонның әрдайым жанында болмай қалуына қалыпты қараса, ал 16,2%-ы бірден іздей бастайды екен.
Зерттеу барысында Қазақстандағы жастардың интернетке тәуелділігі мәселесі өзекті екендігі анықталды. Мұны жастар мен жоғары сынып оқушыларының сауалнамасының нәтижелері көрсетті. Мысалы, респонденттердің 43,1%-ы интернетке шамамен бес сағат, ал 30%-ы алты сағаттан көп уақыт жұмсайды екен. Сонымен бірге, респонденттердің 72%-ы интернетті өздері үшін, өз қажеттіліктері үшін қолданатындығын айтса, жауап берушілердің 19,4%-ы бұл уақытты көп деп санайтындықтарын мәлімдеді. Жастардың бос уақытты өткізуінің негізгі түрі — 59,5% үй жұмыстарымен айналысу болса, ал ең көп таралған түрлерінің бірі — фильмдер, сериалдар мен видеоларды қарау — 45,9%, шамамен 42% — бұл достармен серуендеу және әлеуметтік желілерде серфинг жасау болып табылады.
Сонымен қатар, сауалнама барысында оқушыларға арнайы сұрақтар қойылды. Мысалы, «Телефон/интернеттен айырылған кезде не сезіндіңіз?» деген сұраққа жауап беру нәтижелеріне қарағанда респонденттердің шамамен 18%-ы депрессия және дүрбелең сияқты әр түрлі жағымсыз сезімдерді бастан өткергенін айтады. Ал, «Сіз интернетті қандай мақсаттарда қолданасыз?» деген сұраққа сауалнамаға қатысқан жастардың 50%-дан астамы «туыстарымен және достарымен байланыс орнату үшін» деп жауап берді. Осылайша, жастар мен жасөспірімдер, негізінен, тәуелділік сияқты ұғыммен таныс, олар интернетке тәуелділікке сыни көзқараспен қарайды және ата-аналарына қарағанда әлдеқайда көп біледі. Алайда, максимализм мен сенімділік жасөспірім жасына тән екенін де ескеру қажет.
Сауалнамаға қатысқан жастардың 60%-ы интернеттің адам денсаулығына зиян екенін түсінсе де, оны пайдаланудың қазіргі заманда қажеттілігі жоғары екендігін айтады.