Заман жаңарған сайын, оның үстіне уақыт өте келе жаңа трендтің, жаңа бағыттың пайда болатын сөзсіз. 2001 жылы жаңалық болып Орда тобы сахнаға шықты. Стилі де, әні де біраз жастарға үлгі болса, ал үлкендер жағы оған үрке қараған. Енді міне 91 тобы – жаңа субмәдниеттің негізін қалаушы ретінде танылды. Бұл субмәдениет Қазақстанда алғаш рет 2015 жылы пайда болды, ал осы жанрды бірінші болып сахнаға Ninety One алып шықты. Кейін басқа да поп топтар: Олар: Renzo, Black Dial, Moonlight, Crystals, NEWTON, Ayumi және Juzim, EQ, OZGE. Ал жеке орындауышлардан: ZIRUZA, Ayree, Assun, Alime, C.C.TAI, KYLE RUH, Madi Rymbaev, RIZA т.б шыға бастады.
Өлең айту, киіну стиліне қарап кореялықтардан яғни кей-поптан көшіріп алған деулеріңіз мүмкін. Дегенмен 91 тобының продюсері Ерболат Беделхан «2014 жылы мен Корея мемлекетінен К-РОР жүйесін Қазақстанға алып келдім және сол жылы өз жұмысымды бастадым. Бірақ, ол Корея жүйесі болғанымен, оны мен өзіміздің менталитетке сай, көзқарастарымызға қатты қайшы келмейтіндей адаптация жасадым, өзгертім. Сөйтіп, Q-POP бағытын құрдым» дейді. Яғни музыка атауы Q-POP, яғни QAZAQ POP. Бұл біздің қазақ болғаннан кейін осылай аталады. Кей-попқа ұқсастық болғанмен, біздің өз болмысымыз, өз көзқарасымыз бар.
Дегенмен, жұрттың назары ең алдымен, жастардың киіміне, боялған шашына түсіп, өз қарсылығын білдірді, білдіріп те жатыр. Бұрын соңды болмаған бұндай топтар біздің шоу-бизнеске үлкен леп алып келді. Соны өздері біле тұра, ең бірінші біздің орта және жоғары буын өкілдерінің бұл іске кереғар қарайтыны және алда үлкен бір сынаққа түсетінімізді білген болуы керек. Біліп тұрып, осындай үлкен бір істі бастау өте қиын. Сапалы дүние жасау ауыртпалығы ғана емес өз халқыңының кереғар пікірі мен теріс көзқарасына төтеп беру, соған қарамастан ары қарай жұмысты жалғастыру өте қиын екенін сіз де біліп отқан шығарсыз. Егемендік алғалы бергі уақытта жастарды заманауи контентпен қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар жоқтың қасы. Ал солардың бәріне төтеп беріп, мойымай, керісінше өз шығармашылығын дамытып жатқан кью-поп өкілдерінің жеңісінің бәрі сол көрген қиыншылығында шығар...
Q-POP-ты тек бір бағыт деп қана қарауға болмайды. Мысалы, елбасы Н.Ә.Назарбаев "Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру" мақаласында айтқан жаңғырудың бір түрі – осы Q-POP – рухани, яғни адамның ішкі жан дүниесі. Ал біз де осы адам жанында әбден таптауырын болған дүниелермен күресеміз. Адамның ішкі жан дүниесін байыту, әлемдік деңгейде ойлана алу, ми шекарасын кеңейту, адамның жүрек түкпірінде арман отын лаулатып,сол арманның мақсатқа айналуына, жүзеге асуына себепші боламыз.
Ал бұл бағытта ән шырқайтын өкілдер не туралы ән айтады, нені насихаттайды? Көріп, тыңдап жүргеніміздей олар тек махаббат жайлы ғана әндерді жазып, соны ғана айта бермейді. Әлеуметтік тақырыптарды қозғаған әндер жастардың сана-сезімінің қалыптасуына, бойындағы өз құндылықтарын жоғалтпай керісінше талмай алға қадам басуға күш-жігер береді. Олар жастардың ахуалын, көңіл-күйін дәл танып, дөп басып, кез келген қиындықтан мойымай шығып кетуге болатынын айтып, рухани құлдырауға ұшыратпай, оларға музыкамен демеу беріп, қолдау көрсете алады.
Біз жастарға шектеу қоя алмаймыз, өзге елге еліктегенше, өзіміздің әндерімізді тыңдасын. Ал сол жастар сұранысын қанағаттандырып, сапалы әндердің авторы болып жүрген Q-POP өкілдеріне керісінше рахмет айту керек сияқты. Бұл – ұлттық сана-сезімді оятудың жаңа бір саласы. Қазақ тілінің тек күнделікті тіршілікте ғана емес, көркемдігі мені өткірлігін әлемдік деңгейге көтеруге болатынын көрсету, дәлелдеу. Сонымен қатар, жасөспірімдердің ұлт тіліне деген қызығушылығын арттырып, дамыту. Яғни, Q-POP – ұлттық патриотизмді дамытудың жаңа бір белесі деуге де болады.