P.S. Қыз деген "Ана"...
блог
Жанұялы жұртқа, үйленейін деп жүрген жастарға, жұмыс істеп жүргендерге, оқу орнында оқып жүргендерге, ҰБТ тапсыратындарға оқуға кеңес бере алмаймын...
Оқып отырған адам болса, осы әнді тыңдап отырып оқыған әсерлі болар деп есептеймін.
***
...Сен мені, жаным, ұмыттың ба?
Мен сені әлі жақсы көрем...
Иә, мен сені әлі ұмытқан жоқпын. Ұмытылмайсың ғой бәрібір. Ұмыт болатындай зат емессің, дүние көзі емессің. Адамсың. Сені танығаныма тек бес жыл болыпты. Бәлкім, осы уақыттың өзі аз сияқты көрінер. Алайда қанша жыл өтсе де ұмыт болатын түрің жоқ. Сені санамнан әлдеқашан өшіргем. Құрғыр жүрек сені өшірмеді.
Сенің жүзің, сөзің, күлкің, дауысың - бәрі де әлі есімде. Бірақ мен сенімен әлі кездесіп көргем жоқ қой. Сен мені бір рет сыртымнан көрген екенсің. Оны өзің де айтқансың. Сені мен таңдаған емеспін. Сенің де таңдауың маған түскен жоқ қой. Бізді тағдыр қосқысы келді. Бірақ біз... Иә, біз бала секілді ойлайтын шақта өз таңдауымызды жасадық. Сен менің ұмытуымды өтіндің, ал мен сенің өтінішіңді орындадым. Алайда...
Сонда да саған хабарлама жіберіп, мазалап тұрдым емес пе! Өмірде ешбір нәрсе кездейсоқ болмайды. Бәлкім, аялдамада бірге автобус тосқан адамдар кездейсоқ болуы мүмкін. Оларға мән бермеймін, олар да маған үңіліп қарамайды. Бірақ екеуміздің таныстығымыз қалайша кездейсоқ болды деп айтуға болады? Қисыны да келмейді ғой. Бізді тағдырдың таныстырғаны анық.
Тағдыр бізді қоспады деп сылтау айтамысың? Жоқ, біз емес пе қырсықтық танытқан... Иә, өзіміз өз өмірімізді бүлдірдік. Мәнін жойдық. Өмірдің мәні жоқ емес, бірақ мен үшін сенсіз өмірдің сәні келер деймісің? Сені болашағым деп соңғы шешімімді шығарған едім. Алайда сенің шешімің басқа болған екен. Сен маған сенім артпадың. Сенбедің...
Ал бүгінде сен өз таңдауыңды жасадың. Соңғы шешімің де осы болар. Сен енді сол бауырыммен некелерің қиылатын күнді асыға күтіп жүрген боларсың. Иә, оны танымасам да, ол мен үшін бауыр болып саналады. Ол да қазақтың жігіті. Ол кісінің бет-жүзіне қарасам, сені бақытсыз қылмайтын сияқты. Иә, сені бақытты қылады деп сенемін. Бақытты боласыңдар, мен де тілекшімін. Сірә, қазағымнан "қымбатымды" қызғану жарамас. Онсыз да бұл күнде бауырлар өздері танымайтын қыздарды алып қашып, елдің берекесін қашырып, зорлықпен үйленіп жүр. Көресің, ертең 22-ғасырда жаңа ұрпақ темекі шегуді, арақ ішуді салт-дәстүр деп ұстанатын болады. Неге? Себебі бүгінгі қазақ ескінің ескіріп кеткен зиянды амалдарын дәстүрім деп іске асырып жүр. Қыз алып қашу дәстүр немесе құпталған нәрсе емес. Бабаларымыз Исламның қағидаларын амалға келтіру арқылы әдет қылып қалыптастырған. Исламда қыз алып қашу арқылы емес, керісінше, қыздың, оның әке-шешесінің келісімі арқылы неке қиылады. Оны өзің де жақсы білесің ғой.
Енді сен сол бауырыма күйеуге шығып, жанұялы болсаң, мен де қуанышты боламын. Алайда маған да оңай емес. Көзімнің де қуаты біткендей. Жан-жағымда боянған-сыланған қыздар, қарқылдаған дауыстар, гүр-гүр еткен дөрекі сөздер... Менің көзімнің, құлағымның тыныштығын әбден бұзды. Оларға қарап, менің басым жиіркеніштен шыр айналады. Қай қыз қанша боянса да, қанша қысқа киінсе де, жүрегіме әсер еткен емес, сүйсінген де емеспін. Көптеген қыздардың қарапайымдылығы қу дүниеге еліктеуімен бұзылуда. Түсінесің бе, сен мені өзіңе бар болмысыңмен, мінезіңмен, сүйкімділігіңмен тәнті еттің ғой. Қай қызға қарасам да, менің бақытым емес, менің жартым емес.
Сен барда мен сенімі мол жан едім. Сен барда мен шынайы күлуші едім. Сен барда бұлыңғыр ойлардан алыс едім. Сен барда мұң дегенді білмеуші едім. Сен кеттің... Қазір мен бұрынғыдай сенімді адам емеспін. Терезесі бар жерлерде мен кейде терезенің арғы жағына қарап қоямын. Желмен қозғалған ағаштарды көремін. Жапырақтары дамыл таппайды. Бұлттарға қараймын. Олар болса қалықтап баяу жүзеді. Ештеңені ойламаймын. Тек үнсіз тамашалаймын. Сені іздеймін...
Күреспедім... Сен өз таңдауыңды жасадың ғой. Мен күрессем, таңдауыңды өзгерте салатын бұл кино емес қой. Сценарий бойынша емес, өзіміздің таңдауымыз бойынша өмір сүреміз ғой. Бұл кино болатын болса, бәлкім, өз рөлімді керемет ойнауға бар күш-жігерімді салар ме едім. Жүрегімде қаққан шегеңнің әлі де ізі бар. Менің жүрегімді басқа біреудің кеудесіне салатын болса, ол адамның ақылы менің жүрегімді, сірә, жеңе қоймас. Жүрегімде саған деген сезім, сағыныш, қуаныш пен қайғы бар.
Қуаныш демекші, бауырымның есімі солай емес пе. Адамға қойылған есім оның өміріне әсер етеді. Мен де сен үшін қуаныштымын. Қуаныш бауырымның да өмірі қуанышты болады деп есептеймін. Ал менің өмірім жұртқа көмек көрсетумен өтетін сияқты. Үнемі қол ұшын соза беру әсте мүмкін емес. Өзімнің де жұртқа үнемі көмек бергім кеп тұрады. Бір жағынан, есімімнің мағынасы да сол емес пе...
***
Сені ойлаумен өтеді уақыт,
Өзіңмен ғана табамын бақыт.
Жалғыз сен ғана екенсің жақын
жаныма менің...
Ал, сен ше? Бізді де тағдыр бекер жолықтырмады. Бар болғаны маған деген ренішің ұзаққа созылды. Білемін, өзіңнің сезіміңді реніштің артына жасырдың. Менен ұялдың. Тілдесуге де батпадың. Маған ренжігендей болып жүрдің. Сол ренішті мені жолатпаудың басты шарты етіп белгіледің. Бірақ бар болғаны менен ұяласың...
Түсіңсең ғой, мен сезімімді білдіре алмадым. Ақымақ болып бірден айттым. Жоқ, олай болмайды. Менің айтқаным сезім білдіруге жатпайды. Себебі мен жәй ғана кездесу үшін емес, өмірлік серігім ету үшін ұнаттым. Саған дейін ешбір қызбен кездесіп көрмегем. Жұрттар кездесіп, қыдырып, бірге ойнап, бірге күліп жүрген шақта мен жәй ғана бақылаушы болып жүрдім. Олардың жүрістері маған ұнамады. Оған қарағанда мен өмірлік серігім болар деп саған мұқтаж болдым. Кездесулерге, көңіл көтеріп, жастардың біразы барып жүрген әрекеттерге мен еш мұқтаж болмадым. Білесің бе, бұл күнгі сенің жаныңда жүрген достарыңнан бұрын мен сені мектеп кезіңнен білемін. Мен тек болашақта кездесерміз деп үміттенбедім. Керісінше, ешқашан да кездеспейміз деп ойлап, байланысымды үзгім келген. Үздім де. Сені ойда жоқта ренжітіп алдым. Саған дейін мен телефонмен сөйлесудің, хабарлама жазудың әдісіне тойған едім. Сол себепті сен алыста болған соң өзімді үміттендіріп, кейіннен қиналып жүргім келмеді.
Қырсықтығын көрмеймісің, тура менің мамандығыма, менің оқу орныма оқуға түстің ғой. Міне, бұл тағдырдың кездестіруі. Байланыс екі жылға үзілсе де, ұмыт болса да, үшінші жылында тағдыр сені дәл қасыма әкелді. Сен үшін де мен күреспедім...
Мені жолатпадың... Алыс жүрдің. Жатақханада жарты жыл тұрсам да, күнде дәл жаныңнан өтіп жүрсем де, үнсіздік таныттың. Бірге оқитын Динарамен көз алдымда сөйлескен кезіңде өзімді қоярға жер таппадым. Ақыры мен де ырқыңа көндім. Сен де мен оқу орнын бітіріп кетемін дегенше үнсіз жүре бердің. Мені сол Динарадан да қызғандың ба деп ойлаймын. Нақты айта алмаймын. Алайда кейде хабарлама арқылы жазған әңгімеңе қарап, солай ойлайтынмын...
Иә, хабарлама жазысып тұрдық. Ал қазір доғардық. Сен де бақытты боласың деп есептеймін. Ал мен саған сезімімді білдіре алмадым. Себебі бұған дейін де сезімімді білдіріп көрген емеспін. Тек бірден бетке айта салумен бүлдірдім... Менің ойлауым басқаша. Түсінігім өзгеше...
Жағдайым қазір жаман емес. Әйтеуір, денемді сүйрелеп өмірдің жолында жүрмін. Алдыма мақсат та қойған сияқтымын. Бірақ... Кез келген ақынды, ғалымды, жазушыны, кәсіпкерді, т.б. жеңетін нәрсе - ол сезім. Әрбір адамның белгілі бір салаға қызығушылығы болады. Сол жолда еңбек етумен шыңдалады. Тура қарасақ, ғалымның өзі де ғылымды сүйеді. Дегенмен, іштей сол ғалым, бәлкім, "жұлдызына" қолы жетпеген соң бүкіл назарын ғылымға, білімге салған да шығар. Әйтпесе, ғалым кісі таңдағанына қосылып, бақыт құрып, қуанышты жағдайда жүргендіктен ғылымға деген қызығушылығы артқан болуы да мүмкін. Дұрысын мен білмеймін. Тек еркек адамның әйел адамсыз өмірі өзі ояна алмайтын "қорқынышты түсі" секілді болатынын жақсы білемін. Шырағың сөнбесін!..