«PR» сөзін естігенде......
PR дегенде баршамыздың көз алдымызға бірден жарнама, адамдардың назарын аударту немесе маркетинг , сауда , рейтинг деген нәрселер елестері анық. Бірақ, біз осы ағылшынша ұғымның шын мәнінде қандай мағынаға ие екендігін қаншалықты дәрежеде білеміз? Бұл саланың маманы болмасақ та, белгілі бір өлшемге сәйкес аталмыш тақырыптан сауатты болуымыз шарт. Өйткені,әр адам өзінен тыс қоғамда ненің өзекті екенін міндетті түрде білгені дұрыс.PR сөзін ағылшын тілінен аударғанда, «Public Relations», яғни қоғаммен байланыс деген мағынаны білдіреді. Қоғам – ол үлкен әрі күрделі құрылым. Онда түрлі санаттағы ,табиғаты мен болмысы әр түрлі бір-біріне мүлдем ұқсамайтын жандар бар. Оларды таң қалдырып, қызықтыру да оңай дүние емес. Алайда , әр аудиторияның көңілін табу үшін немесе тәрбиелеу барысында PR – дың көмегіне жүгінуге болады. PR ұғымы ұйым мен жұртшылықтың арасындағы қарым-қатынастың ерекше түрі, жұртшылықпен өзара пайдалы әрі тиімді қарым-қатынас орнату, халықтың, сондай-ақ, қоғамдық ұйымдар тарапынан өзіне жағымды көзқарас қалыптастыру мақсатында ұйым жүзеге асыратын басқару түрі ретінде қолданылды. PR-дың негізгі мақсаты – ортақ көзқарастар мен мүдделерді анықтау және сенімділк сезімін қалыптастыруға негізделген өзара түсіністікке қол жеткізу үшін екі жақты қарым-қатынаc орнату. Алайда, оны қаншалықты дұрыс пайдаланып жүрміз? Қоғамға қандай пайда әкеліп жатыр? Бұл сұрақтарға жауап беру үшін, ең алдымен PR-дың еліміздегі даму қарқыны қалай деген сұраққа жауап беріп өткен жөн болар.
PR ұғымы елімізге 90-шы жылдары ене бастады. Оған себеп шет елдік компаниялардың ресми бөлімшелерінің елімізде жұмысқа кірісуі болды. Ол компаниялар өздерімен бірге өзгеше жүйе – жаңа жұмыс жасау стандарттарын да ала келген болатын. Яғни, әлемдік стандарт « Өзіңді таңытпайынша, жетістікті аңсама» деп ұрандап тұрған. Демек, аталмыш компаниялар заман ағымы мен сауда индустрия талабын орындауға мәжбүр болды. Керісінше жағдайда тақырға отыратынын олар жақсы түсінді. Сонымен PR ұғымы бизнес әлемінің, уақыт өте келе өмірдің ажырамас бөлігіне айнала бастады. Көп адам PR мен жарнаманы шатастырып немесе екеуі бір нәрсе деп ойлап, қателесіп жатады. Бірақ, PR мен жарнаманың әсте бір нәрсе емес екенін ұмытпаған жөн. Жарнама – ол тікелей тұтынушыға тауар туралы ақпарат береді әрі тауарды тек ұсынумен ғана айналысады. Байқасаңыздар, жарнама беру барысында бір компания екінші компанияны балағаттап немесе ұсынған өнімін жамандаудан аулақ болады. Себебі, жарнама берудің де өз үлгісі бар. Егер үлгіге сәйкес болмаса, белгілі бір келеңсіздіктерге жол берілсе, жарнама беруші жақ пен жарнама ұсынушы агенттік, « 2003 жылы жарық көрген Жарнама туралы заң бойынша жауапқа тартылады». Ал, PR ол тауарды мақтауы мүмкін, кейде нейтралды ақпарат берсе, кей жағдайда мүлдем ұсқынсыз бейнеде ұсынуы мүмкін. Себебі, оның мақсаты аудиторияның назарын аударту. Егер адамдар өнім туралы сөз қозғаса, демек бұл сәтті PR-дың жемісі. Аудиторияның назарын аударту оңай емес! Сондықтан да , дәл осы PR саласы бойынша ,оқу орындарында арнайы кадрлар дайындалып, агенттіктер құрылып жатыр.
Елімізде қазіргі таңда 60-қа жуық PR- агенттіктер жұмыс жасауда. Олардың біршама бөлігі жарнама саласы бойынша да тапсырыстар қабылдайды. Нарық қаншалықты ауқымды болған сайын, PR –дың да соған сәйкес қарқынмен дамитыны заңдылық.
Дәл қазіргі таңда біздің мемлекетімізде PR-дың барлық түрі кездеседі. Бірақ, шыны керек көбіміз оның тек «қара» түрін ажырата аламыз. Әсіресе, халықтың ең жақсы көретін, сүйіктілері « жұлдыздар қауымы» PR-дың дәл осы түрімен қатты айналысады. Түрлі жанжалдар, « пәленше түгеншемен кеше ұрсысып қалыпты» деген сияқты әңгімелер немесе видеороликтер түрінде көрініс табуда. Сіз естіген ақпарат ол жұлдызды мақтамауы мүмкін, бірақ сіз ол жұлдызды әңгіме етіп отырсыз. Демек, «қара PR» өтті деген сөз.
PR индустриясының дамуы күн санап өсуде. Жақында ғана халықаралық XII PR-форум өткен болатын. Жаңашылдықты талап ететін өзгермелі қоғам үшін PR өте қажет. Себебі, онымен адам дамиды. Сұраныс пен ұсыныс әрқашан қоғам қажеттілігі. Белгілі жазушы әрі журналист, Марк Твен : « Көптеген ұсақ-түйек , дұрыс таныстырудың арқасында маңызды дүниеге айналуы мүмкін» ,- деп айтқандай, өмірдің өзі ұсақ-түйектен тұрады,оған сенімділік пен маңыздылық беретін ол туралы өзгелердің пікірі....