PR-шының бір күні. Қайырымдылық

Қаңтардың  27  күні  Түркістанға  баратын  болдық. Мақсат  қаладағы №3 -ші перинаталдық  орталыққа медициналық  жабдық  тапсыру.  Менің міндетім шараның БАҚ-да жариялануын қамтамасыз ету. Әрине оған алыстан БАҚ бармайды. Тек жергілікті ғана. Қала әкімінің сайтынан әкімінің баспасөз хатшысы Мәлік Дәулетовпен хабарласып, жергілікті БАҚ-тың тізімін алдым. Әрқайсысына хабарласып, шақыру жібердім. Түркістандық журналистер тамаша жандар! Не, қайда, қашан екенін білген соң, бәрі баратынын тез-ақ мақұлдады.  27-і тез-ақ келіп жетті. kaspi bank-тің директорлар кеңесінің төрағасы Вячеслав Ким бастаған,  әріптестерім Анна Шелепова, Сәуле Мусина, «Аяла» қорының өкілдері Жангелді Сәрсенов пен Берік  Даржанов қоштаған топ Алматыдан Шымкентке тарттық. Одан әрі Түркістан.

Шырайлы Шымкентте күн жылы деп ойлаған едім. Өкінішке қарай Шымкент әуежайдан-ақ  аппақ қар, ақ түтек боранмен қарсы алды.

 

Шымкентке көп аялдамадық. Күтіп алған көліктермен Түркістан қайдасың деп тартып кеттік. Жол тайғақ, тұман. Бірнеше рет жолдан шығып кеткен көліктерді байқадық. Жүргізушіміз Олимпиада чемпионы Бекзат Саттарханов қазақ тапқан жерді көрсетті. Ескерткіш қойыпты. Сол маңда жиі жол апаты болады екен. 

Жоспар бойынша cағат 11-де қаладағы №3 -ші перинаталдық  орталықта болуымыз керек еді. Жолдағы ақ қар, көк мұз тек 12.30-да ғана жетуге мүмкіндік берді. Біз барғанша жергілікті журналистердің кейбірі кетіп үлгеріпті. Менің жұмысым жоққа шығатын болды. Мұндайда не істеу керек? Дереу аурухана басшылығына хабарласып, қалған журналистерді тамақтандырып, материал жинай беруіне мүмкіндік беруді сұрадым. Кетіп қалған журналистерге хабарласып, жағдайды түсіндірдім. Түркістанға жете салысымен, оларды көлік жіберіп алдыртуға тура келді. Арқамнан жүк түсті, журналистеріміз түгел. Мұнда  жергілікті «Тұран Түркістан» телеарнасы, «Түркістан», «Ұстаз», «Оңтүстік Қазақстан», «Жануби Қозоғстан» газеті бар екен. Бізбен Шымкенттен КТК телеарнасының  жергілікті тілшілері Марина Низовкина мен Бек Әбиев шыққан. Баспасөз мәслихаты да басталды. Жергілікті БАҚ өкілдері түгел қазақ тілді. Арасында өзбек тілінде шығатын «Жануби Қозоғстан» газеті ғана бар.

 

Баспасөз мәслихатын «Аяла» қайырымдылық қорының вице-президенті Жангелді Сәрсенов жүргізді. «Аяла» қоры «Тыныс ал, балақай» жобасын kaspi bank-тің қолдауымен соңғы 5 жылдан бері жүзеге асырып келеді. Осы 5 жылда Қарағанды, Семей, Өскемен, Атырау, Тараз, Ақтөбе, Қызылорда, Шымкент, Петропавл, Павлодар, Қостанай, Талдықорған қалаларындағы перзентханаларға медициналық жабдық қойылды. kaspi bank осы 5 жылда қорға 100 миллион теңге бөлді. Соңғы траншы 38 миллион теңгені  2013 жылдың қазан айында Голливуд жұлдызы Бандерас kaspi bank-тің шақыртуымен келген кезде, өз қолымен «Аяла» қорына табыс етті.

Түркістандағы №3 перинаталдық орталыққа Бандерастың қолымен табыс етілген қаражаттың  9 миллион теңгесіне 5 түрлі жабдық алынды:

Атауы

саны

Бір данасының бағасы

сомасы, KZT

сомасы, USD

1

СИПАП тыныс алу аппараты

2

2 750 000

5 500 000

35 948

2

Шприцтік дозатор

6

250 000

1 500 000

9 804

3

Медициналық таразы

3

42 500

127 500

833

4

Сорып алу құрылғысы

4

93 000

372 000

2 431

5

Фототерапия аппараты

3

500 000

1 500 000

9 804

Жалпы:

8 999 500

58 820

 

Қалған қаражатқа ақпан айының басында Ақтау, Орал қалаларындағы перзентханаларға медициналық жабдықтар орнатылмақ. Бұл жабдықтар салмағы 500  граммнан кем, шала туған сәбилердің өмірін сақтап қалуға арналған. Бұрын елімізде медициналық жабдықтардың тапшылығнан ондай сәбилерді аман алып қалу мүмкіндігі аз болған екен. "Аяла" қорының көмегімен жаңа жабдықтар қойылғалы шала туған нәрестелердің өмір сүру көрсеткіші  5 есеге өсіп, ал, сәбилер өлімі  17 пайызға азайған.


 

Баспасөз мәслихатындағы сұрақтардың бірі - Не үшін Түркістанды таңдадыңыздар болды. Өйткені Оңтүстік Қазақстан нағыз қазақи өңір. Әрі бала туу көрсеткіші Қазақстанда ең жоғары. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі берген мәлімет бойынша, 2013-жылдың 25-желтоқсанына дейін өңірде  76 мың 303  сәби жарық дүние есігін ашыпты. Бұл — былтырғы көрсеткішпен салыстырғанда 490 балаға көп.  ОҚО бұл жағынан басқа өңірлермен салыстырғанда бірінші орында. Жарап тұр, Оңтүстік.

Баспасөз мәслихаты  барысында жергілікті «Түркістан» газетінің тілшісі Ләззат Сарыбаева kaspi bank-тің директорлар кеңесінің төрағасы Вячеслав Кимнен «Тыныс ал, балақай» жобасын не үшін қолдағанын сұрады. Әрине таңқалыспен. Мұның жауабын  Вячеслав Константинұлынан ұшақта отырғанда естіп едім. 

Бірнеше жыл бұрын, Вячеслав Константинұлының кішкентай ұлы  ауырып, Алматыдағы ауруханалардың біріне түседі. «Тамаша дәрігерлер де бар, ақшам да бар, бірақ ауруханаларда жабдық жоқ. Кішкентайымның ауырғанын көріп шыбын жаным шырқырап ауырып барады. Сол кезде ең үлкен қаланың ауруханаларындағы жағдай осындай, өңірлерде сәбилер күн сайын шетінеп жатыр-ау деген ой маза бермеді.  Бәріне қолымды сілтедім. Мейлі, ақшасыз қалсам да, Қазақстандағы перзентханаларға медициналық жабдық алып беруім қажет деп ойладым», дейді. Бар жұмысын тастап, шалғай өңірлердегі мұндай шараларға өзінің барып, өз қолымен жабдықтарды тапсырып жүргенінің себебін де енді түсіндім. Әңгімесін естіп отырып  Вячеслав Кимнің де қарапайым, кәдімгі жүрегі бар адам екен-ау деп ойладым.

Сол бір ғана оқиғаның салдары бүгінде еліміздегі мыңдаған шала туған сәбилердің өмірін сақтап қалуда. Бай адамдарға деген бұған дейінгі көзқарасым мүлдем өзгерді. Рахмет, сізге Вячеслав Константинұлы!



Баспасөз мәслихатынан соң, медициналық жабдықты табыс ету шарасы өтті. Перинаталдық орталықтың бас дәрігері Алма Ильясова қуанышын жасыра алмай, әлі қайта алғыс айтумен болды. 

Алғысын жын шүректен айтқандар қатарында Түркістан қаласының тұрғыны Гүлназ Әжікеева да болды. Ол мерзімінен 11 апта бұрын егіздерді - бір ұл, бір қызды өмірге әкеліпті. 7 айлығында туылған егіздерді  тірі қалуы екіталай деген. Алайда, жаңа қойылған медициналық жабдықтың арқасында екеуі де дін аман. Ана үшін ең бастысы өмірге әкелген сәбилерінің амандығы. Қиын сәтте құтқарушы болған Вячеслав Константинұлына Гүлназ да алғысын айтудан шаршамады.

Титтей сәби өмір үшін күресуде. Өмірге келместен құлақ-мұрнына түтіктер сұғылғанын көріп жүрегің ауырады. Жүрегінің бүлк-бүлк соққаны денесінің сыртынан көрініп тұр. 100-ге жеткенше тоқтамасын деп тіледім іштей.

Журналистердің сұрағы таусылған ба?! Жабдық тапсыру кезінде де сұрақ қойып үлгерді. Арасында қаржылы адамның, ірі банктің иесінің өңірге келгеніне таңқалғандар да болды. Соның бірі жергілікті «Түркістан» газетінің тілшісі Ләззат Сарыбаева менен бұл кісі қазақша сөйлей ма деп сұрады. Қазақ тілінде көбірек сұрақ қойғысы келген болар. Қызығы, сапар аяқталған соң, Вячеслав Константинұлы сондай сұрақ боларын сезгендей маған, мен қазақ тілін үйреніп жүрмін, биылғы жылдың аяғында тест тапсырамын деді. Мен онда келер жылы баспасөз мәслихатын қазақша өткізейік деп ұсыныс айттым. Ол кісі қолдады. Бұйырса, ол күнге де жетеміз.

Вячеслав Константинұлымен банкке келгелі бері жалпы бірінші рет сапарлас болдым. Қарапайым әңгімесі, өзін-өзі қарапайым ұстауы, қайырымдылық істері нағыз азаматтың ісі. Естуімше  Ұлыбританияда «істі» болған таэквондошы Азамат Теңізбаевтың да аман-есен елге оралуына көмектескен екен. Ол да бір үлкен оқиға. Басқа жазбада баяндармын. Қасыма отырып, менің не істеп жүргенімді айтқандағы әсерім мүлдем бөлек.

 

Түркістандық ақ халатты абзал жандар.

Қайырымды жабдық. Мына жабдықтар шала туған сәбидің өмірін сақтап қалуға арналған. 

 

Қайтар жолда Қожа Ахмет Яссауи мовзолейінің фонында суретке түсіп үлгердік. Енді Түркістанға келдік қой.

Қайтарда Түркістан мен Шымкенттің арасындағы ақ түтек боран басылмапты. Қайта үдей түскен сияқты. Шымкентке жетіп одан Алматыға қайттық. Қайырымдылық сапарына арналған күн сәтті аяқталды. Үйге жеткенде шаршағанымды сездім. Тәтті шаршау. Қайырымды іске үлес қосқаныма масаттанған қалпы ұйқыға кеттім. Қайырымдылық сапары көп болғай. Қайырымдылық жасай жүріңіз! 

Суреттерді түсірген Павел Михеев. 



Бөлісу: