NIS-тің бір шаңырағы астында
блог
Халықаралық Бакалавриат мектебінде мерекелік күн атриумдағы ұлттық костюмдер шеруінен басталды. «Халықтар достығы» флешмобы, «Менің өмірімде қолданылатын мақал-мәтелдер» жобасы аясында викторина, мерекелік дастархан және басқа да іс-шаралар Бірлік күніне арналды.
– Пандемиядан кейін біз мектепте өтетін іс-шараларды қатты сағындық, сондықтан барлығының көңіл-күйі жақсы, – дейді директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Мағрипа Алтайбекова.
Оңтүстік астанадағы химия-биология бағытындағы NIS-те мерекелік ашық есік күні аясында интернат тәрбиешілері үшін функционалдық сауаттылықты арттыру бойынша мастер-класс ұйымдастырылды. Декупаж техникасы және жүнмен жұмыс істеу, тұрмыстық қалдықтардың екінші өмірі, оның ішінде экологиялық аспектілер педагогтердің ерекше қызығушылығын тудырды.
Қарағанды қаласындағы NIS мерекесінің басты қонақтары бірнеше әлеуметтік жобалардың кейіпкерлері болды: «Тәлімгерліктен» – балалар үйінің тәрбиеленушілері, «Ұрпақтар сабақтастығынан» – ажелер клубы мүшелері және «Мейірім көпірі» еріктілері. Меймандар дизайн-студияда экологиялық сөмке-шопперлерді пішу мен тігуді меңгерді, бірлескен мастер-класс оларға жаңа серпін берді.
Атырауда мектеп директоры Құралай Ахмадиева NIS-те жеті ұлт өкілі – қазақтар, орыстар, өзбектер, ұйғырлар, грузиндер, кәрістер мен татарлар оқып жатқанын және олардың барлығы бір-бірін өз ана тілінде құттықтағанын атап өтті. Ал ата-аналардың қатысуымен өткен «Толағай» отбасылық сайысы көптің есінде ерекше қалды. Логикалық тапсырмалар, тақырыптық квест, географиялық викториналар, спорттық бастамалар оқушылар мен ата-аналардың арасындағы достықты нығайтты.
Көкшетаудағы Зияткерлік мектеп оқушылары мерекені Халықаралық Жер күні аясында өткен сенбіліктен бастады.
– Қоршаған орта бізге бәрін береді, сондықтан біз оған көмектесіп, ағаштар мен гүлдер отырғызып, қоқыс жинауымыз керек, – деп Нұргелді Пернебай көпшілікті экологиялық сенбілікке шақырды.
Қайырымдылық жәрмеңкесінде әрбір шаңырақ алдын-ала белгіленген елдің ұлттық тағамдарын дайындады.
Қостанайда «100 ән» жобасы аясында өткен «Бір әннің тарихы» атты театрландырылған байқау мерекенің басты оқиғасына айналды. Өнерпаздар вокалдық қабілеттері мен сахналық мәдениетті ғана емес, зерттеу дағдыларын да көрсетті. Қазылар алқасы құрамында Қостанай облысының танымал музыканттары болды, олар «Елім-ай» әнін орындаған «Талас» шаңырағын жеңімпаз деп таныды.
Оралдағы зияткерлерді Достық үйінде Қазақстан халқы Ассамблеясының облыстық филиалы өкілдері қарсы алды, олар ұлтаралық келісім қағидаттары мен этностардың ең қызықты дәстүрлері туралы айтты. Оқушылар «Менің Қазақстаным» брейн-рингінде тарих, география, өлкетану, сондай-ақ еліміздегі халықтардың мәдениеті бойынша өз білімдерін тексерді.
Өскеменде шетелдік ұстаздар қосылған «Татулық – достықтың киелі бесігі» атты ұлттық мәдениеттер фестивалінде түрлі халықтың салт-дәстүрі, өнері, тағамдары ұсынылды. «Түркістан» шаңырағының ашық сабағында 8-сынып оқушысы Малика Сафина мен Азамат Багдолдының анасы Құралай Нугманова ұстаздық етіп, татар этносының тарихы мен мәдениетіне тоқталды.
– Малика қазақтың ұлттық аспабы – домбырада тамаша ойнайды, үш тілде еркін сөйлейді, өз халқының тілі мен қытай тілін қосымша үйреніп жүр, – деп атап өтті шаңырақ кураторы Арайлым Ильяшева.
Құралай Нугманова «Тақия» ойынын ұйымдастырды, балалармен татар тілінде ән жаттады, чак-чак, учпучмак, кош-теле тағамдарынан дәм татқызды.
«Достық – асыл қасиет» ашық кураторлық сағатта «Үшқоңыр» шаңырағының жетекшісі Жансая Еспенбетовамен бірге өткен топтық жұмыс барысында балалар «достық» ұғымын талдады.
Ақтөбеде «Ақ Орда» шаңырағының ұйымдастыруымен «Йомырка йөгереш», «Ташлык», «Көрәш» татар халық ойындары өтті, «Озат» балалары еврей халқының үйлену дәстүрін түсіндірсе, «Болашақ» шаңырағының зияткерлері сыған биін билеп, Шәмшінің әйгілі әндерінің бірі – «Сыған серенадасының» тарихынан сыр шертті. «Мұрагер»
шаңырағы әзербайжандардың «Анар фестивалі» туралы спектаклін сахналады.
– Соңғы екі-үш күнде мен Қазақстан халықтары туралы көптеген жаңа ақпарат алдым. Бүгінгі фестивальде біз бұрын-соңды естімеген ұлттық ойындар мен дәстүрлерді көрдік. Мұндай іс-шаралар халықтар арасындағы достықты нығайтады, – дейді жетінші сынып оқушысы Ақсамал Қазбек.
Павлодардағы Зияткерлік мектепте өткен көрмеде Қазақстан халқының мәдениеті туралы ғана емес, сонымен қатар басқа да елдер – Бразилия, Қытай, Германия, Мексика, Мысыр, Франция, Украина, Жапония, Грузия, Греция, Италия, Үндістан туралы баяндайтын бірегей экспонаттар ұсынылды.
Бауырсақ тойға Петропавлдағы NIS-тің барлық шаңырағы шақырылды. Мерекеден кейін оқушылар мен ұстаздар спорт алаңында қазақтың ұлттық ойындары – асық ату, күрес, арқан тарту секілді ойындарына қатысты.
Қызылордадағы Бірлік күніне арналған дәмді жәрмеңкеде көптеген ұлттық асханалардың басты тағамдары ұсынылды, балалар түскен қаражаттың барлығын Жеңіс күніне арналған қайырымдылық іс-шараларға жұмсауды жоспарлап отыр.
Талдықорғандағы «Мың бір мақал» әдеби байқауында оқушылар бірлік пен достық туралы мақал-мәтелдер мен қанатты сөздерді айтудан жарысты.
Түркістандық NIS-тегі мерекенің бірінші күні «Бірлігі жарасқан ел» концертімен аяқталды, онда жас таланттар жаңа Зияткерлік мектепте қол жеткізген шығармашылық жетістіктерін көрсетті.
Шымкенттегі химия-биология бағытындағы Зияткерлік мектепте өткен дәстүрлі «Ынтымағы жарасқан Қазақстан» флешмобы алты критерий бойынша бағаланды: би энергиясы, командалық рух, музыкалық үйлесім, синхронизм, креативтілік және сыртқы образ. Үздік үштікке «Самұрық», «Көк төбе» мен «Үшқоңыр» шаңырақтары енді.
Семейде Бірлік күні қарсаңында Наурыз мейрамының соңына леп белгісі қойылып, Наурыз – бірлік мерекесі деген ұранмен аяқталды.
Халықаралық мектепте ұлттық киімдер шеруі мен халық билерінің фестивалі басты шараға айналды.