Екі ойыншы, екі стратегия, екі әскер және бір жеңімпаз – NIS-те шахматтан дәстүрлі спартакиада өтті
NIS-те дәстүр бойынша шахматқа айрықша қызығушылық танытатын оқушылардың басын қосқан желілік спартакиада өтті. Ақ-қара ойынның жас виртуоздарын «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ Басқарма төрайымы Күләш Шәмшидинова мен оңтүстік астанадағы шахмат федерациясының аға жаттықтырушысы Асылхан Қараев құттықтады.
NIS шахматшылары Lichess платформасында кездесіп, үш күн бойы тартысты ойын көрсетті.
Командалық есепте елордадағы физика-математика бағытындағы NIS құрамасы чемпиондық атаққа ие болды. Алматыдағы физика-математика бағытындағы Зияткерлік мектептің жас шахматшылары күміс жүлдені еншілесе, үздік үштікті Семей қаласындағы NIS командасы жапты.
7-9 сыныптар арасында бірінші орынды елордадағы халықаралық бакалавриат мектебінен Бексұлтан Молдағали және Семей қаласынан Тоғжан Кәрібаева иеленсе, 10-12 сыныптар арасындағы сайыс жеңісі атыраулық Ибрагим Ғалымжанұлы пен Алматыдағы физика-математика бағытындағы NIS оқушысы Елдана Қалиахметке бұйырды.
Ең жас ойыншылар арасында Көкшетаудағы Зияткерлік мектептің спортшысы Алидар Құрмантас пен астаналық Амина Дүйсенова чемпион атанды.
– Мен шахматпен он жасымнан бастап айналысамын. Бұл ойын қызықты стратегия құрып, жоспарлау дағдыларын қалыптастырады, сол себепті де таңдауым осы спорт түріне түсті, – дейді елордадағы Халықаралық бакалавриат мектебінің оқушысы Бексұлтан Молдағали. Зияткер 7-9 сыныптың ұлдары арасында үздік ойын көрсетіп, жеңіске жетті. Бүгінде ол – спорт шеберіне үміткер.
Ал 10-12 сыныптардың қыздары арасында бірінші орынға ие болған Алматыдағы физика-математика бағытындағы Зияткерлік мектеп оқушысы Елдана Қалихамет NIS жүйесінде шахмат ойынының қарқын алып жатқанын атап өтті:
– Желілік спартакиадаға қатысқаныма өте қуаныштымын. Жарыс жоғары деңгейде ұйымдастырылған, қарсыластар да осал емес. Зияткерлік мектептерде бұл спорт түрінің дамып келе жатқаны бәрімізге шабыт бергені сөзсіз.
Ең жас қатысушылар санатында Астанадағы халықаралық мектеп оқушылары ерекше көзге түсіп, 1 алтын және 1 күміс, 2 қола жүлдені иеленді.
Талдықорғандық NIS атынан қатысқан Алима Өмірсерікті шахматқа баулыған Балқия әжесі екен. Қазіргі таңда оның жарқын марапаттары қатарында 2018 жылғы Азия чемпионатының қоласы, 2020 жылғы Анатолий Карпов атындағы халықаралық кубоктың алтыны (Мәскеу), 2022 жылғы Батыс Азия чемпионатының алтыны (Мальдив аралдары) және 2022 жылғы рапид пен блиц бойынша ҚР чемпионатының қола медалі бар, ал желілік спартакиадада Алимаға екінші орын бұйырды:
– Шахматты кез келген адам үйрене алғанымен, жүйелі түрде айналысып, шыңдай алатындар аз. Мен үшін бұл спорт түрінің орны ерекше, себебі мінезімді қалыптастырды, төзімді болуға үйретті.
Ақ-қара зияткерлік ойынды күнделікті өмірде де пайдалану керек деген пікірді Ақтөбедегі Зияткерлік мектеп оқушысы, I разрядты шахматшы Арсен Жетібаев айтты:
– Бұл спорт түріндегі ең маңызды қасиет – талдай білу. Өзім түрлі тапсырмаларды орындамас бұрын оны жан-жақты зерделеуді әдетке айналдырдым, алдағы уақытта ойын тактикасын шынайы өмірде қолдануды қолға аламын.
Ересек санатта ұлдар арасында қола иеленген қостанайлық Ануар Мусаев жарыстың жоғары деңгейде өткеніне риза, ол өзіне жаңа мотивация ала білді:
– Турнир өте тартысты әрі қызықты өтті. Биылғы қола медалімді алдағы жылдары алтынға айналдыратыныма сенімдімін.
Павлодардағы Зияткерлік мектеп оқушысы Сабыр Берікұлы желілік спартакиадада алғаш рет өнер көрсетіп, үлкен тәжірибе жинақтағынын мойындады:
– Бірінші рет қатысқандықтан қобалжу сезімінің болғанын жасырмаймын, барымды салып ойнадым. Өзім үшін ең бастысы – тәжірибе алу болды.
Ал Шымкенттегі физика-математика бағытындағы NIS-те пианиноның ақ-қара пернелерін меңгерген Данияр Керімқұл бағын ақ-қара зият ойынында да сынап көрді.
– Пианинода өзіңнің ішкі күйіңді қозғай отырып ойнасаң, шахматта қарсылас бар, барлық зейін тақтада болады екен. Ерекше әсерге бөлендім, – дейді шымкенттік қатысушы.
Қарағандыдағы Зияткерлік мектеп оқушысы Санжар Смағұл шахматты 7 жасынан бастап серік еткен, оның басты мақсаттарының бірі – NIS-ке түсуде зияткерлік ойынның көп көмегі тиген.
– Норвегиялық шахматшы Магнус Карлсен «Маған спортпен шұғылдану, достарыммен кездесу ұнайды, бірақ шахмат әрдайым менімен бірге, менің миымның ішінде болады» деген екен, осы сөздермен толықтай келісемін, – деп өскемендік Жәңгір Заманбек бұл спорт түрінің өзінің өміріндегі орнын айшықтады.
Алматы қаласындағы шахмат федерациясының өкілі Әділ Тоқтамысов басқарған төрешілер алқасы қатысушылардың логикалық және креативті ойлауын, талдамалық қабілеттерін және сәйкесінше спартакиаданың жоғары деңгейін атап өтті.