Бірнеше апта болды жаңа жобаны қолға алғанымызға. Алдымен, Аршат asaubota Оразов сайтты әдемілеп жасап берді. Артынан әрледік, қырладық, сыладық. Мендік жұмыс көбінесе ұйымдастырушылық сипатта, негізгі еңбек Аршат пен Николя Журну дейтін франциялық суретшінікі.
Блогтың атауы — Mesqueunblog.kz. 18 жастағы алматылық Бақытжан атты ми сал аурымен (ДЦП) ауыратын жасөспірімнің өмірі, оның отбасы, жағдайы, қоғамның оған қарым-қатынасы комикс-репортаждар арқылы суреттеледі.
Бақытжан «Барселона» футбол клубының фанкүйері. Ал, «Барсаның» «El Barça es más que un club», яғни «Барса — бұл жай ғана клуб емес» деген фразасы бар. Біздің блог та «жай ғана блог емес». «Жалқыдан жалпыға принципі», мүмкіндігі шектеулі бір адамның өмірі туралы ақпарат беру арқылы жалпы көпшіліктің мүгедектерге қарым-қатынасына ықпал ету, олардың құқықтық-әлеуметтік жағдайын түрлі құзырлы деңгейлерде көтеру ниеті бар.
Блогта тек комикстер ғана емес, ақпараттық-ағартушылық сипаттағы материалдар да жарияланады. Сонымен қатар, қолда бар пайдалы сілтемелер де беріліп отырмақ.
Өз басым, бұрын қоғамның бұл пластын арнайы елеп көрмеппін. Бірақ, Николяның салған комикстары мүгедектерге деген адамның ойын өзгертеді екен. Себебі, қанша жерден толеранттымыз, түсінеміз десек те, оларға бейшара, мүсәпір ретінде қарау кездесіп жатады. Ал, сіз аяғын ғана қозғалта алатын Бахамен компьютерде футбол ойнап көріңізші… кім-кімді жеңер екен
Түсінгенім біреу: мүмкіндігі шектеулі адамдармен сондай бір аянышты көзбен сөйлеспеу керек. Олар да біз секілді. Тіпті, бізден артық болуы мүмкін. Тән мүгедектігінен қарағанда жан мүгедектігінің зауалы қиын тиетіні белгілі жайт.
Әзірге жазба әр дүйсенбі сайын жарияланып жатыр. Болашақта жиілетеміз деп отырмыз.
Блогтағы суреттерді салған, 2006 жылдан бері Қазақстанда тұрып келе жатқан суретші Николя Журнудың комикс-репортаждарын қараңыз. Пікір қалдырыңыз. Біздік ниет мүгедектерге арналған бастаманың бұған дейінгі ондаған жоба секілді жерде қалмауына келіп тіреледі.
Мына жерде ең бірінші жазба бар.
Ал, мына жерде екінші жазба.
Мұннан үшінші постты табуға болады.
Сиясы кеппеген соңғы репортаж мына сілтемеде.
Жоба туралы оқимын десеңіз, мархабат.
Mesqueunblog.kz жобасын MediaNet халықаралық журналистика орталығы жүзеге асыруда.