Биылғы жыл смартфон қолданушыларына қызықты әрі табысты жыл болды деп ойлаймын. Көптеген гаджеттердің тұсауы кесілді, Huawei және Beeline компанияларының ұйымдастыруымен MediaHub жобасы жүргізілді. Әр семинар сайын құнды ақпараттар беріліп жатты. MediaHub білім орталығының 2018 жылға жоспарланған барлық шаралары табысты өтті. Ал соңғы шарасы смартфон қолданушыларына ғана емес, БАҚ өкілдеріне арналған қажетті дәріс болды. Шараға шақырылған арнайы қонақ Евгений Волков қазіргі телекоммуникация мен интернет жүйесіндегі ортақ байланысты жаңалықтармен бөлісті. Интернет саласындағы игі өзгерістердің барлығы болашақта медиа саласына тың өзгерістерді алып келе жатқандығы анық. Кез келген газет-журналдардың онлайн нұсқасы бар, телевизиялық бағдарламаларды тікелей эфирде смартфоннан-ақ көруге болады. Келешекте дикторлардың орнын робот-жүргізушілер басады деп айтып жатыр. Мұның барлығы алдағы күндері қолданушылардың уақытын үнемдеуге, барлық ақпаратты оңай әрі жылдам алуға мүмкіндік береді.
Орталық Азия және Қазақстандағы HuaweiDevice компаниясының PR-менеджері Олеся Колесниченко жүргізілген зерттеулердің нәтижесіне сүйене келе 2025 жылы әлемде 40 млрд астам жеке ақылды құрылғылар болатынын айтты.