Жаңа жылдың алдында туған ағам соғым сойған болатын. Салт бойынша соғым сойғаннан кейін үйге жақындарыңды шақырып, тамақ беру қазақ үшін заңдылық емес пе?! Міне, бізде соғымымызбен бөлісеміз дегенше қаңтардың аяғы болып қалды. Негізі, айтайын дегенім ол емес, мынау...
Біздің үйге бүгін келген қонағымыз менің жездем болып келеді (әкемнің туған әпкесінің жолдасы). Ол кісі ел арасында қадірлі, сыйлы адам. Біз үшін де жездеміздің орны ерекше. Мүмкін ақындар да оны танып қалар - Қамнұр Тәлімұлыны. Қамнұр ағамыз діндар, әрі нағыз қазақ. Басқа қонақтарға колбаса, торт сынды шет елден келген тағамдарды қоя берсек, ағамызға бәрін қазақшалап дайындаймыз: қымыз, қарта, қазы т.б. Сонымен қатар, ағамыз құрманы жақсы көретінін де білеміз.
Супермаркеттер көбейгелі бері базарға баруды қойдық. Маған супермаркеттер ұнайды, себебі - жылы. Сонымен қатар, өз басым түрлі заттарға қарап, солардың ішін аралап жүргенді ұнатамын. Міне, бүгін таңертең анамның бұйрығымен, азық - түлік алу үшін MAGNUM - ге қарай тарттым.
Келе сала әдетімше өзіме қызықты бөлімшеден бастадым - косметикалық заттар бөлімі))) Содан соң, жездем жақсы көретін құрманы және тағы да басқа қажеттілерді арқалап үйге келдім.
Кеш батты, үстелге түрлі дәмділерді қойып, жеңгем екеуіміз ас үй мен қонақ үй арасында шапқылап жүрміз. Бір кезде жеңгем құрманы ашып жатып: "ААА, фууууу, мынау құрттап кетіпті ғой" деді. Мен сасқанымнан бірінші іздегенім чек еді... Ал жеңгем сақтау мерзіміне қараса, уақыты өтіп кетіпті.
Әрине, бұл жерде менің де кінәм бар - сақтау мерзіміне қарауым керек еді. Алайда, СУПЕРМАААркет болған соң, былайша айтқанда оларға сенесің ғой. Magnum - ның жұмысшылары жарамсыз азық - түліктерді бірден алып тастаулары керек. Көп адамдар қарамай ала береді (мен сияқты), әсіресе асыққанда.
Қонақ келетін кезде арнайы үстел әзірлеп, сосын ол жерде сен ойлаған тағам болмай қалса, кез - келген қонақ күтушінің көңілі орнында болмайды. Мұны қыздар жақсы түсінеді деп ойлаймын. Қамнұр аға байқағанда жоқ болар құрманың бар, не жоғын. Бірақ мен Magnum - ге ашуланып отырдым.
Мысалы мен жақын тұрамын, сондықтан ертең барып ақшамды қайтарып аламын. Әрине, ақшада тұрған ештеңе жоқ. Бірақ, алыста тұратындар ше? Алданып жатқандар баршылық болар... Ал егер қымбат зат алып, оған қоса Алматының сыртында тұрсам ше? Сонда мен қайтадан жолыма ақша құртып келуім керек қой? Осы ретте шет жақта тұратындарға жаным ашып кетті. Әсіресе, біздің қазақ "ой, жарайды, сол үшін қайта барып жүреміз ба" деп қоя салады. Менің ойымша, алған зат қанша тұрса да, сол жердің бастығына апарып көрсету керек. Өйткені, біз мұндай іспен келесі бір қазақты ары - бері жүруден сақтаймыз деп ойлаймын...
P.S. MAGNUM ашуыма тидің... Ой, қатты ашуланып кеттім ғой деймін))) Ашуды тарқататын блогтың болғаны қандай жақсы!