London is the capital of Great Britain 15/90

Көп тіл білетін адам, бір құлыпқа келетін сан алуан кілттің иесі іспеттес.

Вольтер

Өмірім сол баяғы кептеліс пен қарбаласта өтуде. Күнделікті блог жазып үйреніп алыппын. Жазылмай қалса, бір ісім бітпегендей, сөзінде тұрмайтын адамдай сезінемін.

Бүгін бір танысым, тілді қалай үйренсе болады, тілге еш қабілетім жоқ, саған қызығамын деді.

Егер сіз де, тіл үйрену мен үшін емес десеңіз, өте қатты қателесесіз. Адамның мүмкіндігі ШЕКТЕУСІЗ! Тілге қабілетсіз адам жоқ. Сонымен шет тілдерін қалай үйренуге болады?

Әрине, ең біріншіден, репетитор/оқу орталықтарына баруға кеңес беруге болады. Бірақ оған не уақытыңыз, не қаражатыңыз болмаса, не істеу қажет?

Тіл үйрену оңай іс емес. Сол себепті күш-жігеріңіз бен мотивацияңыз мықты болуы тиіс. Эмоционалдық тұрғыдан күмәндарыңызды ойыңыздан алып тастаңыз. Сосын өзіңізге шетел тілін үйренемін және сөйлеймін  деп мақсат етіңіз. Бұл кезде жақсы аффирмациялар қолданған жөн. Мысалы, шетел тілін білсеңіз, жалақысы жоғары жұмыс істейсіз немесе шетелге оқуға бара аласыз, өзіңізді Еуропа немесе Америка көшелерін аралап жүргеніңізді елестетіңіз. Армандау да, үлкен қасиет. Әрбір үйрену кезеңімен рахаттана біліңіз.

Өкінішке орай, мектептерде берілетін базалық шет тілін оқыту жоғары деңгейде емес, сонымен қатар кейбір ұстаздар тіл меңгеруге деген құлшынысты мәңгіге жойып жіберуі мүмкін. Соңында түлектердің есінде қалатын  сөйлем "London is the capital of  Great Britain". Әйтсе де мойымаған дұрыс. 

Қазіргі таңда өзінің үстемдігін орнатып отырған шет тілдерінің бірі- ағылшын тілі жайлы сөз болмақ.

Кез-келген тілдің 5 іргетасы болады. Олар:

1. Грамматика

2. Жазу (хат)

3. Оқу

4. Сөйлеу

5. Сөйлеуді қабылдау

Грамматика

Күніне 1-2 беттен артық ережелерді оқымаған дұрыс. Келесі күндері үйренген материалдарды бекітіп, қайталап отырыңыз.

Жазу

Шет тілінде жазып үйрену маңызды, әрі пайдалы іс. Шетелдік достар тауып алып, соларға ағылшынша хат жазып үйреніңіз. Әсіресе IELTS, TOEFL сынды халықаралық стандартталған сертификат алу үшін шығарма жазу қажет. Өзім тіркелген сайттың бірі- InterPals. Бұл сайтта шетелдік достар тауып, сосын Скайппен сөйлесіп тұруға болады. Осы сайт арқылы танысқан достарымның қатарында қытайлық, американдық қыз-жігіттер бар. Тіпті кейбір мерекелерде бір-бірімізге сыйлықтар да жіберіп тұрамыз. Ал егер шетелдіктермен сөйлесуге жүрексінсеңіз, өз қатарыңызда сіз секілді тіл үйренгісі келетін жолдасыңызға ағылшынша смс-хат жіберуіңізге болады.

 Оқу

 Өзіңіз ұнататын тақырыптағы материалдарды ғана оқыңыз. Кітаптағы қызықсыз мәтіндер мен әңгімелерді ақтарудың қажеті жоқ. Мысалы, сән әлеміне қызықсаңыз, Vogue, Harper's Bazaar, Marie Claire сынды журналдарды, ал ерлерге Esquire, Men's Health журналдарын оқуыңызға болады. Әрбір үйренген жаңа сөзіңізді тематикалық топқа бөліп жаттап алыңыз. Алғаш тіл үйреніп бастағанымда,  дүкенге барарда қажетті азық-түлік атауларын ағылшынша жазатынмын. Мысалы, сәбіздің орнына carrot,  қызанақ орнына tomato, т.ғ.ғ.

Сөйлеу

Сөйлеу дағдысын қалыптастырудың негізі- сөйлесуден рахат алу. Қазір тіл үйрену орталықтары тегін ағылшын клубтарын ұйымдастырады. Бір екеуіне барып, өзіңіз секілді жандармен тілдесіп көріңіз немесе жоғарыда атағанымдай, ICQ, Skype сынды бағдарлама көмегімен тілдесуге болады. Қате сөйлеймін, ұят болады деген күмән-күдіктерден аулақ болыңыз! Ол сіздің ана тіліңіз емес, бәрі еңбекпен, жаттығумен келетінін ұмытпағайсыз :)

 Сөйлеуді қабылдау

Фильм көргенді ұнатасыз ба? Онда түпнұсқада көріңіз. Өзіңіздің сүйікті әндеріңізді тыңдап, мағынасын түсінуге тырысыңыз. BBC, CNN  сынды телеарналарды көріңіз. Жаңалықтар суретпен берілетіндіктен қабылдауға кішкене жеңіл болады. Басында қиналасыз, жасырмаймын. Бірақ ұдайы көрудің арқасында 2-3 айдың жүзінде 70-80% ақпаратты түсінетін боласыз. Интернетті ұтымды пайдалануға болады. Мысалы, ағылшынша аудио-кітаптар, дәрістерді жүктеп алып, автобуста немесе көлігіңізде қосып, тыңдауға болады.

Жұмысты, оқуды сылтау етпей, шынымен шет тілін меңгергіңіз келсе, күніне кем дегенде жарты сағат уақытыңызды бөлсеңіз жеткілікті.

ТАЛПЫНСАҢЫЗ, ҚОЛЫҢЫЗДАН БӘРІ КЕЛЕДІ! Тек өзіңізге сенсеңіз болғаны!

  Zee тәтенің бүгінгі кеңестері осындай ;) 


 



Бөлісу: