KZ тобының әншісі болған Бейбіт Көшқалиевпен сұхбатым...

- Ән сүйер қауым «KZ» тобынан көз жазып қалды. Уақыт өте келе Бейбіт Көшқалиев жеке бейнебаян түсіріп елге қайта көрінді. Сол  «Айт» мерекесіне байланысты бейнебаяныңыздан соң сізді қайта жоғалтып алдық? Қазір қайдасыз? Қандай іспен шұғылданып жүрсіз?

 

    - Негізінен қазақ-өнерінен біржола кеттім десем болады. Ал, айт жайындағы әнге келетін болсам, халықты жақсылыққа шақыратын бір ән айтсам деген ниетім болған. Алла қалап, Ринат Гайсин екеуміз «айт құтты болсын» деген ән жазғанбыз. бейнебаянын «KZ»   тобында жүрген кезде Серік Аббас-Шах ағамның көмегімен түсіргенмін. Осы Рамазан айында «Қош келдің рамазан» атты әнге «Асыл арна» телеарнасының ұжымының көмегімен бейнебаян түсірген болатынбыз. Халық ол бейнебаянды көрген болуы керек.  Ал қазіргі таңда мен оқып жатырмын. Елде емеспін. Мектеп кезінде оқымай 30ға жақындағанда оқуға деген ынтам ашылып кетті. Қазақ: «ештен кеш жақсы» - дейді ғой. Білімді бесіктен көрге дейін алуымыз керек деп ойлаймын. Алла қаласа 5-6 айдан соң елге оралып, өз елімнің дамуына, ата дініміздің өркендеуіне атсалыссам деймін.

 

    - «Нұр-Мүбарак» университетін бітіргеніңізден хабардармыз. Қандай мамандық иесі атандыңыз? Көрінбей кеткеніңізге қарағанда  әншілікті тастап сол мамандықпен жұмыс жасап кетпедіңіз бе?

 

        - Өткен жылы «Нұр Мүбәрак» университетін бітіріп, араб-ағылшын тілінің маманы атандым. Осы тілдердің ұстазы және аудармашысы болып жұмыс істеуіме толық мүмкіндік бар. Бірақ, ұстаз болып мектепте немесе университетте жұмыс жасағым келмейді. Алға қойғам мақсатым басқа. Алла бұйыртса мұнай саласында қызмет етермін, өйткені бірінші мамандығым мұнайшы. Айта кетер тағы бір мәселе араб тілі ол - Құранның тілі сондықтан да осы тілді басқаларға да үйретсем деген ниетім бар.  5 күндік жалғанда сауапты істермен айналысқанға не жетсін.

 

    - «Өнер адамдарына дос таңдау өте қиын» - деп жатады. Сіз досты  қандай қасиеттерге қарап таңдайсыз? Досыңыз көп пе?

 

    - Бұл сөз дос таба алмай жүрген адамның сөзі болар. Мен өнер адамдарына дос табу қиын деп есептемеймін. Алла адамдарды әртүрлі мінезде жаратқан. өзінің мінезіне сай достары да жолығады. Әр саланың өзінің жақсысы мен жаманы бар. Мен жеке басым дос таңдамаймын, іздемеймін. Өздері алдымнан шығады. Құдайға шүкір жақсы достарым көп. Достарымның иманды, мінез құлқы жақсы болғанына мән беремін. Достарым мені әрдайым жақсы істерге құлшындырып тұрса деймін.

 

    - Бейбіт Көшқалиев көп жылдан бері сәждеге жығылғанынан хабардармыз. Ел аузында  «- әншілер намаз оқу сәнге айналдырып алған» -деген сөз жүр. Осыған не дейсіз? 

 

    - Халық айтса қалып айтпайды. Бірақ, әншілердің барлығы намазды сән үшін оқиды деп айта алмаймын. Әрине арасында ондайлар бар шығар. Дегенмен алдағы уақытта олар да ақиқатты түсінер. Өзім жайлы айтатын болсам, сән үшін оқудан Алла сақтасын, екі жүзділерден болғым келмейді. Екіжүзділер тозақтың төрінен орын алатынын білемін.

 

-         «KZ» тобында бірге ән айтқан Рүстеммен араласып тұрасыз ба?  Ол жігіт қазір қайда?

          - Рүстем бауырыммен хабарласып, жүздесіп тұрамын. Анда-санда бірге шай да ішеміз. Рүстем, табиғатынан жақсы жігіт. Қазір оның жеке студиясы бар, сол жерде өзінің ән-күйлерін жазып өз кәсібін дөңгелетіп жүр.

 

     -  Алдағы жоспарларыңызбен бөліссеңіз.

 

-         Оқуымды  бітіріп, жақсы жұмысқа орналасуды жоспарлап жүрмін. Мен бай болғым келеді. Сөйтіп, әке-шешеме, жанұяма, бауырларыма көмегімді аямасам деймін. Жақсы іс істеу арқылы адамның жүрегі тынышталады. Ал тыныш жүрек ол бақыттылықтың бейнесі.

 

Сұхбаттасқан: Берік СҰЛТАНОВ, журналист

www.kazakhtimes.kz Интернет журналынан алынды



Бөлісу: