K-pop: Музыкалық бағдарламалар
блог
Азия елдерінде, әсіресе, Кореяда соңғы 20 жылда ең табысты салалардың бірі – музыка саласы. Біздің елге де осы стильде ән айту біртіндеп еніп келеді. Олардың ерекшелігі: жанды дауыста ән айтып тұрып, би де билеп, рэп оқу; өте сымбатты, әрі келбетті, ұзын бойлы 5-6 немесе одан да көп жігіттер мен қыздардан тұратын қаптаған топтар, көңілді ән мен би. Бұл топтар өте еңбекқор, жылына кем дегенде 1-2 мини-альбомнан шығарады, билері қайталанбайды. Бірақ олар бәріне ақшаны қайдан табады? Жаңа шыққан әндерін насихаттау үшін қайта-қайта үлкен концерттер беру оңай емес. Осы сауалға жауап, әрине, бар.
К-поп саласында әншілердің жаңа шыққан әндерін насихаттау үшін, к-поп тілімен айтқанда промоушен жасау үшін бірнеше музыкалық бағдарламалар бар. Кореяның басты телеарналарында көрсетілетін 5 музыкалық бағдарламалар бар. Бұл шоулар бейсенбіден басталып, сейсенбіге дейін (дүйсенбіні санамағанда) көрсетіледі. Бұлар жай ғана шоу емес, айдолдардың жарысы деп айтуға да болады. Әр шоудың жеңімпазды анықтайтын өз ережелер жүйесі, жүргізушілері бар.
Шоуларға көптеген жанкүйерлер келеді, бірақ онда тап болу оңай емес. Бағдарламаға қатысуың үшін сен белгілі бір фанклубтың мүшесі болуың керек. Фанаттарды жинаумен фанклуб басшылары бағдарлама басталғанға дейін айналысады.
Әншілер бағдарлама басталғанға дейін өнер көрсетіп, олар алдын ала жазылып қояды. Әр орындаушының сахнасы әр түрлі безендіріледі, бұны тікелей эфирде жасап үлгеру мүмкін емес.
Әншілердің көп жағдайда фонограммамен айтатынын біразы байқаған шығар, алайда бұл шоу продюсерлерінің талабы. Әуеннің даусын қатты шығарып, сөзін сәл басып қояды, әншілер жанды дауыспен осы плюстің «үстінен» ән айтады. Мұның себебі, әнмен қатар билеуінде (балладалық әндерден бөлек) және билеп тұрып бірқалыпты, таза ән айту мүмкін емес болғандықтан, продюсерлер осындай шешім қабылдаған.
«Фанчарт» туралы да айтып өтейік. 'live’ көрсетілімдерде («жанды дауыс», «лайв» деп оқылады) ән арасында фанаттардың топ мүшелерінің атын, әндегі сөздерді бірдей атап айқайлатындарын естуге болады. Фанчарт – өз әртісін/тобын қолдаудың өзіндік ерекше түрі. Бұл чарттардың текстері фанклубтың ресми парақшасында немесе Daum.cafe сайтында әр фанклубтың парақшасында алдын-ала беріледі. Әр фанаттың қолында қолдау ретінде сол топтың лайтстигі болады.
Жеңген әртіске мүсінше береді (әр бағдарламаның өз дизайны бар) және сол күнгі бағдарламаны жабуға мүмкіндігі, яғни тағы бір рет ән орындауына болады. Егер орындаушы бір шоуда қатарынан 3 жеңіске ие болса, «Triple Crown»-мен («Үш тәж») марапатталады, бірақ осыдан кейін 1-2 аптаға жарыстан шығады, Сайдың «Гаңнам стайлын» қоспағанда. Ол 5 рет осы «Тәжге» ие болған.
Әнді насихаттау шаралары 1 айға созылады, аптасына 5 рет әр түрлі шоуда орындайды. Әр бағдарламада әр түрлі сахналық киімдер, сахнаны безендіру әр түрлі болғандықтан, бұл шоулар бір-бірінен ерекшеленеді.
M! Countdown
Ресми сайты
M! Countdown – M.net арнасының шоуы, ән бейсенбіде Корея уақытымен 18:00-де болады және көптеген орындаушылар өз промоушендарын осы шоудан бастайды. Себебі, барлық музыкалық апта бейсенбіден басталады. Шоуды арнаның сайтынан онлайн көруге болады.
Ұпайларды есептеу (27.02.2014ж бастап):
Digital Single Sales / Сандық сатылымдар (интернет арқылы) - 50%
Album Sales / Альбомның физикалық сатылымы - 10%
Social Media Points / Медиа (YouTube порталдындағы ресми парақшасында жинаған көрілім саны) - 10%
Preference Points / Айрықша ұпайлар (Mwave, Mnet Japan және Mnet America арқылы халықаралық дауыс беру) - 10%
Mnet Broadcast Points / M.net арнасындағы дауыс беру - 10%
SMS Votes / Тікелей эфир уақытында СМС арқылы дауыс беру - 10%
Music Bank
Ресми сайты
Music Bank – КBS арнасында әр жұмада 18:00-де берілетін бағдарлама. Кореядағы ең беделді музыкалық бағдарлама және осы шоудағы жеңіс әр әнші үшін маңызды болып саналады. Мұның себебі арнаның өзінде: КBS ең үлкен арна және өз дегенін басқа жерлерде өткізе алады. Дәл осы Music Bank басқа елдерге шығып, әлемдік турнелер көп өткізеді. Шоуды арнаның сайтынан онлайн көруге болады.
Ұпайларды есептеу:
Digital Music Charts / Сандық сатылымдар (интернет арқылы) - 65%
Album Sales / Альбомның физикалық сатылымы - 5%
KBS TV арнасынан көру саны - 20%
Viewers Choice Charts / Көрермендердің дауысы - 10%
Show! Music Core
Ресми сайты
Show! Music Core – әр сенбі сайын сағат 16:00 де МBS арнасынан таратылатын бағдарлама. Бұл шоу 7 жылдай ұпай есептеу жүйесін өзгертпей келгенмен, 2013 жылы түзетулер енгізді. Шоуды арнаның сайтынан онлайн көруге болады.
Ұпайларды есептеу:
Physical Album + Digital Sales / Барлық сатылымдар (сандық + физикалық) - 70%
Music Video Views / Бейнеклиптің көрілу саны - 10%
Viewers Committee Pre-voting / Көрермендердің пікірі (2000 адам) - 10%
Live Voting 10% / Тікелей эфирде дауыс беру - 10%
The Music Trend (Inkigayo)
Ресми сайты
The Music Trend ( "Inkigayo" атымен жақсы танымал) – жексенбі күндері SBS арнасынан 15:30 тамашалауға болады. Inkigayo Gaon ұлттық музыкалық шеруінің ресми өкілі болып табылады, Gaon шеруі ең үлкен музыкалық чарт және апта сайын өзінің қорытындысын шығарып отырады. Арна сайтынан онлайн көруге мүмкіндігіңіз бар.
Ұпайларды есептеу:
Digital Single Sales / Сандық сатылымдар (Gaon чартының мәліметі бойынша) - 60%
SNS Points / YouTube және Twitter желілеріндегі іздеу саны (Gaon чартының мәліметі бойынша) - 35%
Advance Viewer Votes / Алдын ала дауыс беру- (5%)
Live Votes/ Тікелей эфирде дауыс беру - 10%
Show Champion
Ресми сайты
Show Champion –MBC Music арнасының музыкалық бағдарламасы, 2012 жылдың ақпанында басталған жас бағдарламаны әр сейсенбіде 18:00-де көруге болады. 2013 жылдың қаңтар айынан бастап есептеу жүйесі өзгерген.
Ұпайларды есептеу:
Digital Sales / Сандық сатылымдар (интернет арқылы сату, жүктеп алу) - 50%
Online Voting / Онлайн дауыс беру (MelOn сайтында) - 15%
Physical Sales / Физикалық сатылымдар - 20%
Ranking from Professionals & Expert Judges / MBC Music арнасындағы кәсіби мамандардың бағалауы - 15%
Бұдан да басқа музыкалық концерттер, арнайы жобалар, байқаулар жиі өткізіліп тұрады.