Жаңа жыл қарсаңында, корей табынушыларының басын қосқан «1-st K-pop Party» кешіне қатысу бақыты бұйырды. Бұрындары, яғни біз жас кезімізде Кристина Агилера, Бритни Спирс, Backstreet boys сынды әншілерге еліктесек, осы күннің жастары k-pop саңлақтарына еліктейді екен. Көбіңізге Корей мәдениеті теледидарда көрсетіліп жатқан сериалдармен шектелсе, бүткіл әлем бойынша миллиондаған жастар осы күні белең алған k-pop өнерінің табынушылары болып саналады.
Бірегей жастар жиналған бұл кеште Кореяның әйгілі Girls Generation (SNSD), Wonder girls, SS501 сияқты топтардың репертуарларынан әндер айтылып қана қоймай, киімдерін тіктіріп, ұқсас имидж жасап, кәдімгідей бір концерт өтті. Халлю (Корей толқыны) жұлдыздары әзірге елімізге ат басын бұра қоймаса да, олардан кем ән айтпайтын, тіпті түрлеріне дейін ұқсатып алған жанкүйерлер бар екенін білсе деген мақсатпен осы шара ұйымдастырылып отыр.
Кеш барысында 15 жыл бұрын Қазақстанға қоныс аударып, Корея мен Қазақстан елдерінің мәдени ынтымақтастығын нығайтуға ат салысып жүрген, Жүргенов атындағы өнер академиясының оқытушысы Ан Чаң Хён мырзаны әңгімеге тарттық.
Осы кештің ұйымдастырушысы кімдер?
Бұл кештің бірден-бір ұйымдастырушылары жанкүйерлердің өздері. «Vkontakte» әлеуметтік желісінде 2500-ге жуық жанкүйерлер ашқан қауымдастықтар бар. Ал біз Корей мәдениеті орталығының мүшесі ретінде және «Hangook saram» мәдени форумының төрағасы ретінде жастарды, осы кешті қолдайық деп шештік.
Елімізде Корей жұлдыздарының гастрольдық сапарларын ұйымдастыруға мүмкіндік бар ма?
Осы кештің басты мақсаты да сол – Қазақстанда да оларды күтетінін, көретінін, тыңдайтынын көрсету. Жанкүйерлердің барлығы соны қалайды. Яғни, барынша өзіміз жайлы жария етсек, олар біздің өтінішімізді қабыл алар деген ниет.
Жаз кезінде SM Entertainment продюсерлік орталығы кастинг өткізген болатын. Сол кастингтен кім өтті, қандай хабарыңыз бар?
Менің білуімше 1500-ға жуық адам қатысқан. Бірақ нақты кімдер өткенін айта алмаймын. Продюсерлік орталық бар ақпаратты құпия сақтайды. Білетінім, кастингтен өткен қатысушылар Кореяға аттанып, дайындықты бастап кеткен.
Қазіргі уақытта k-pop мәдениеті бүткіл әлемде дамып жатыр. Оның белең алуына ең бірінші не себеп?
Ең бірінші Интернеттің септігі мол. Көптеген агенттіктер Youtube видео-сервисінде өз каналдарын ашып қойған. Сол арқылы жаңа клиптерімен, концерттегі өнерлерімен бөлісіп отырады. Және де корейліктер клип түсіргенде де өте сапалы, жоғары дәрежедегі клиптерді түсіреді. Екіншіден, бұл корей музыкасын, сериалдарын жақсы көретін жанкүйерлердің үлкен үлесі. Актерлерге, әншілерге ғашық жанкүйерлер бүткіл әлемде көп болғандықтан жабыла отырып, аудармаға, таралуына көмектеседі.
Корей клиптері, әндері, аранжировкасы, жалпы дыбысталуы жоғары деңгейде жасалады. Осыған олар қайдан үйренеді? Мектептері мықты ма?
Ең бірінші оларды сахнаға шығаратын продюсерлердің мықты болуынан. Олар бала кездерінен осыған бейімделеді. 12-13 жасқа толғаннан бастап олар арнайы мектептерге барып, вокал, би сабақтарына қатысады. Бұған минимум 3-4 жыл, кейде 10 жылдай үйренуге тура келеді. Сөйтіп дайын әртісті шығарады.
Біздің қазақстандық өнерпаздарға, жалпы өнер жолына түскісі келетін жастарға корей өнер шеберлерін шақыртып, тәжірибелерімен бөлісіп, тренингтер өткізулерін ұйымдастыруға мүмкіндік бар ма?
Иә, бұл жоспарда бар. Келесі жылдан бастап корейліктерді Қазақстанға шақыртып, оқу-тәжірибе алмасу сабақтарын жасауға ат салысып жатырмыз. Тіпті қазірдің өзінде үйренемін деп, жазылып жатқандар да бар.
Сұхбатыңызға рахмет.
Ал, енді кештен қызықты суреттер.
Барлығы камераға "Ким Хён Чжун, Қазақстанға кел!" деп айқайлап жатыр
Армандар кейде орындалып жатады ғой. :)
P.S.: Тағы да естеріңізге саламыз. Корей сериалдарын тұңғыш рет қазақша субтитрлармен көре аласыздар. Сонымен қатар, өз сүйікті сериалдарыңызды қазақ тіліне аудару мүмкіндігі де бар. Бәрі тек сіздер үшін! :)
Кейбір суреттер "Вконтакте" әлеуметтік желісіндегі Жан Мартынов және Ан Чаң Хён мырзаның жеке бетшесінен алынды.