Hungarian National Day in Almaty

Мажар халқы қазақ халқы секілді мерекеге бай халық емес. Бірақ, ел тарихындағы маңызы зор атаулы күндерді назардан тыс қалдырмайды. Бақытыма орай, бірнеше рет Saint Istvan Day мерекесін Будапештте өткіздім. Мажар халқы әрбір мерекеге ерекше дайындалады. Жас-кәріге дейін ертерек қамданып, көңілдерін көтеріп, бір-бірін жігерлендіріп жатады. Біз секілді үйден үйге көшіп жүрген бір қорап кәмпитті құшақтап қонаққа бара салмайды. Керісінше, әрбір мерекені отбасымен, жақын туыстарымен, достарымен атап өтуге тырысады.

15 наурыз Мажарстан халқы үшін ерекше күн. Дәл осы күні 1848 жылғы революцияның мерейтойы атап өтіледі. Бұл мерекені Алматыдағы Мажарстан елінің бас консулдығы дүркіретіп тойлады. Қала орталығындағы салтанат сарайына келген қонақтардың барлығы Тагир Зариповтың «Almaty Youth Jazz Band» джаз оркестрінің орындауындағы шығармаларын тыңдап,  Мажарстаннан арнайы шақыртылған аспаз әзірлеген ұлттық тағамдардан дәм татып жатты.  Бас консул Ференц Блауманн келген қонақтарды мерекемен құттықтап, игі тілектерін айтты. Өз басым, бауырлас халық мажарлармен бірге бұл күнді тойлап өткеніме қуаныштымын.

Мерекелік кеште «Қайрат» ФК шабуылшысы Мартон Эппель мен оның өмірлік серігі Зоркамен танысып, тілдесудің сәті түсті. Аты аңызға айналған футбол клубының құрамында екінші маусым ойнап жүрген Мартонмен алаңнан тыс аймақта кездестірген қызық екен. Жақынырақ таныса келе, Мартонның анасы ұстаз әрі Будапештте білім алып жатқан қазақстандық студенттерге сабақ береді екен. Араға екі күн өткен соң, «Шахтёр» футбол клубымен болған кездесуде Мартон алғашқы болып қарсылас қақпасына гол салып, есеп ашты. Футболдан кейін де онымен кездесіп, жеңіспен құттықтадым. №19 ойыншымен таныстығымыз ұзағынан болсын деп сенемін.

Мен мажар халқын ерекше жақсы көремін. Бауырлас халықтан үйренер дүниелер өте көп. Бас консул Ференц бачиге немесе Мартонға қарап-ақ, мажар халқына тән қарапайымдылық пен бекзаттылықты байқауға болады. Кішімен кіші, кісімен кісі бола алатын халық. Билік қолыма тиді, көк костюм кидім деп кеуде қақпайды. Кім болсаң да, мансап пен қалтаңды емес, әуелі өзіңді сыйлайтын жандар.

Екі ел арасындағы достық пен бауырластыққа көз тимесін деп тілеймін! Мереке құтты болсын!

 



Бөлісу: