«Hoshgeldin sultan nevruz»

Сәлем қазақ жұрты...

Алдынғы санатта "Түрік халқы Наурызды қалай тойлайды", деген сұраққа жауап беремін деген болатынмын

Міне,  бүгінгі күннің таңы. Ауа райы өте тамаша. Таңғы асты ішіп, киініп, сыртқа шықтым. Халықтың жүзінде қуаныш, мейрам көңіл күйі. Үй жақтағы саябақта қызу дайындық. Әр республиканың туы ілініп тұр. Саябақ өте үлкен. Қолыма фотоапаратымды ұстап алып дайындық үрдісін түсіре бастадым. Киіз үй өте көп. Жылқылар мен шабандоздар бәйгеге дайындалып, қазан-ошақ басында ұлттық аспаптармен өлең айтылып жатыр. Әрине ең бірінші туған ел туына көзің түседі. “Kazakhstan” деген жазуы бар киіз үй маңына келдім. Жанына алтыбақан орнатып қойыпты. Қазағымның дайындығы ерекше. Ұлттық киім киген жастар ортасында өзімді жұмақта жүргендей сезіндім. Шыж-шыж бауырсақ қуырылып, тай қазанда ет асылып жатыр. Ұлттық киім киген қазағымның қас сұлуы «қош келдіңіз», деп жымия түскенде, өзімді аспанның жетінші қабатында жүргендей сезіндім. Киіз үй ішіне кіріп, қолыма бір тостаған көже ұстап, ашық тұрған шаңырақ артындағы ақ ұлпа ешкімнің қолы жетпейтін ақ бұлтқа қарап, терең ойға батып барам… Бір кезде әлгі сұлу Рауан деп, түрте берді...

 

Міне бүгінгі күннің таңы. Ауа райы тамаша. Орнымнан күлімдей тұрып, таңғы асты ішіп, киініп, сабаққа шықтым. Сағат кешкі 17.00 мен наурыз болатын жерге бағыт алып, метроға міндім. Қасымда тобымда оқитын қара нәсілді Угандалық жігіттер бар. Ұлттық мейрамды көрсетіп, мақтанғым келді. Сағат 18.00 кеш басталды, жүргізуші бәрімізді «Наурыз» мейрамымен құттықтап, әр елдің елшілеріне сөз беріп, шақыру үстінде. Міне сахнада Ж.Қ.Түймебаев түрік тілінде өте жақсы сөз айтып, құттықтады. Айта кететін жайт, біздің елші келгенде алда отырған екі қатар өзге елдің елшілері орнынан тұрып қарсы алды.(тек біздің елдің елшісін ғана).

Кеш «Hoshgeldin sultan nevruz»,-деп аталды. Әр халық өзінің ұлттық биін көрсетіп шығып жатыр. Сахнада Қазақ арулары «Аққу» биімен көрерменді тәнті қылды. Кеш бір ғана ырғақпен өтуде. Қасымдағы қара нәсілді достарым рахметін айтып, тарап кетті. Артқы орындарда жолдастарым отыр. Досым Данияр Бектұровқа сұрақ қойдым:

-Данияр саған ұнадыма?

-Барға қанағат, бірақ қазақ тойлағанға жетпейді, деп жауап берді.

Жиналып, үйге қайтайық деп жатқанда сахнаға қазақ аруы шықты. Таныс мелодия. Я, я бұл «Наурыз» өлеңі ғой. Қолыма фотоапаратымды ұстап ойланып кетіппін. 1 ші қабатта «фуршет». Пай пай фуршетте күтпеген жайт орын алды. Әр елдің туы, оның астында ұлттық дастарханы. Наурыз көже, бауырсақ, қазы қарта, жал-жая. Данияр түртіп,

-Рауан қайттық кеш бітті, - дейді.

 

Кеш қазақ әуенімен тәмамдалды.

1 ші қабатқа түсіп, сыртқа шығып, жолдан тамақ алып, үйге қарай жол тарттық. Жете салысыммен алған әсеріммен бөлісудемін. Ұлыстың ұлы күні құтты болсын Қазағым!!!



Бөлісу: