«EXPO -2017» – ҚАЗАҚ ЕЛІНІҢ ЖЕҢІСІ

 

 

          EXPO көрмелері әлемдегі ғылыми, экономика, жаңа технология және мәдени жетістіктермен жете танысуға, инновациялық идеялармен алмасуға оңтайлы мүмкіндік беретін тәжірибе айнасы. Дүние жүзінде EXPO көрмелері бес жылда бір рет өткізіледі, әрі әлемдегі ең мәртебелі, алдыңғы қатарлы көрме алаңы болып табылады. EXPO көрмелеріне миллиондаған қызығушылар келеді, сондықтан әр ел өзінің ұлттық мәдени ерекшелігі мен экономикалық, технологиялық даму деңгейін әлемге танытуға ұмтылады. Осының нәтижесінде келушілер павильондардың ерекше сәулеттік құрылысымен қатар ең жаңа ғылыми жетістіктер негізінде жасалған экспонаттарды тамашалайды.

         EXPO-2017 халықаралық көрмесін Астанада өткізу мүмкіндігін жеңіп алу, бұл, ең алдымен - тәуелсіздік жылдарындағы Қазақстанның әлемдік аренадағы ең үлкен жетістігі, қазақ халқының жеңісі. Бұл көрме тақырыбының «Болашақ қуаты» деп аталуы  - таза энергия көзін табу. Бұл тақырып - қазіргі заманғы ең көкейкесті және жаһандық маңызы зор, бүкіл әлемді толғандырып отырған мәселе. Табиғат-Ананың зардап шегуі, қоршаған ортаның ластануы ғаламдық мәселеге айналып отырған шақта балама энергия көздерін барынша кең пайдалануға бетбұрыс жасау – қуат алудың жаңа көкжиектерін ашуға, «жасыл экономиканың» басталуына серпін береді. Әлемде жылдан-жылға энергиялық ресурс көздері азайып келе жатқан кезде, еліміздің күн мен жел секілді ең көкейкесті қуат көздерін пайдалану жөніндегі бастамасы әлем жұртшылығының назарын аударып, үлкен қолдау тапты. Міне, тақырыптың маңыздылығы да осында болса керек.

          Халықаралық беделді көрмені қасиетті Қазақ даласына алып келуге Ел­ба­сы­мыз көп күш-жігер жұмсады. Ұлттық идеяға айналған ұлы іске ұйытқы болды. Аталған шара егемен еліміздің мәртебесін бұ­рынғы­дан да асырып, мерейін бұ­рын­ғыдан да тасытпақ. Бұл халықаралық көрме елордамызды осы саладағы ең таңдаулы жобалар алаңына айналдырып, әлемдік ғылым саңлақтары мен білікті кәсіпкерлерді жинайды. Аталған тақырып негізінде елордамызға әлемдегі мемлекеттер өздерінің жаңа техно­ло­гияларын әкеліп, таныстырып, паш етеді. Яғни, халықаралық көрменің елімізге берері мол. Бұл жөнінде Елбасы төмендегідей ойын білдірген еді: «Бұл жаңа, «жасыл» технологияларды бүкіл Қазақстанда ен­діруге қызмет ететін зертхана-лаборато­рияға, ғылыми паркке айналады, өйткені бүкіл әлем осы жолмен ілгері жылжитын болады. Біздің елор­да­мызда ғылым мен техниканың барлық ең үздік әлемдік жетістіктері ұсынылады. Біздің өз халқымыз, көптеген қазақ­стан­дықтар болашақтың экономикасын өз көздерімен көруге мүмкіндік алады. Бұл жетістік пен жеңіс − мемлекеттің сарабдал саяса­ты­ның нәтижесі, халқымыздың еңбекқор­лығының арқасы».

           Елордамыз Астана қаласында өтетін EXPO-2017 көрмесі ел үмітін ақтап, ілгері дамудың айрықша бір сатысы бола алса, нұр үстіне нұр болар еді. Еліміздің даму жолындағы қарышты бір қадамы болады деп сенеміз.

 



Бөлісу: