EXPO 2017

Қазақ елі Тәуелсіздігін алғаннан бері қуатты мемлекет ретінде қалыптасып, әлемнің алдыңғы қатарлы еліне айналу жолында талай белестерді бағындырды, тамыры тереңде жатқан төл тарихымыздың жаңа беттері ашылды. Осы қысқа ғана уақыт ішінде экономикалық және әлеуметтік маңызы зор жобаларды қолға алып, әлемдік деңгейдегі іс-шаралардың өтуіне ұйытқы бола білдік. Жаһандық мәселелер талқыға түскен кешегі ЕҚЫҰ-ның саммиті, Астана экономикалық форумы, Инвестициялық форум, Дүниежүзілік ислам экономикалық форумы жас мемлекетіміздің мерейін үстем етіп, абыройын асқақтатты. Ең бастысы, даму бағытын айқындап берді. Осындай көшелі істердің жалғасы ретінде Қазақстан былтырдан бері 166 жылдық тарихы бар EXPO-2017 көрмесін өткізу құқығы үшін күресіп келеді.

EXPO-2017 халықаралық көрмесін өткізуге ниетті Қазақстан әлемдік қауымдастыққа «Болашақ энергиясы» тақырыбын ұсынғаны белгілі. Қалай дегенде де, EXPO сияқты халықаралық көрмелерге қатысу қай елдің болса да әлеуетін дүниежүзіне паш етуге берілген тамаша мүмкіндік деуге болады. Оның үстіне, әлем алдында өзіңнің даму деңгейіңді іс жүзінде дәлелдей отырып, шараны жоғары жауапкершілікпен өткізу – өте зор құрмет. Өйткені елдерді достастыру, ауызбірлікке шақыру, инфрақұрылымдарды лайықты деңгейде дамыту – жоғары дәрежеде өтетін кез келген іс-шараның мақтанышы. Әрине, бұл оңай шаруа емес.

Астанада EXPO өткізуге арналған тақырып кездейсоқ таңдап алынбаса керек. Жерінде табиғи байлықтың мол қоры бола тұра Қазақстан баламалы энергетика мәселесін қозғауы тегін емес, әрине. Өйткені, шикізат көзіне айналып отырған еліміз оның түбінде бір түгесілетінін жақсы түсінеді. Сондықтан да тұрақты энергияны, баламалы энергетиканы пайдалану және табиғи ресурстарды сақтау барлық энергетикалық саланы дамытудың басым бағытының бірі болып табылады. «Болашақ энергиясы» – жел, күн, су, ғарыш баламалы энергетика, биомасса энергиясы, атмосфераға СО2 қалдықтарын төмендету мәселелерін терең қозғайтын өте ауқымды түсінік.

Әлемнің алдыңғы қатарлы мемлекеттері ғылымдағы өзінің соңғы жаңалықтарын ұсынатын бұл халықаралық көрмені өткізу идеясы неден туындап отыр? Жасыратыны жоқ, бүгінде елімізде баламалы көздерден қуат алу мәселесі әлі де болса шешілмеген. Ал әлем дамудың жаңа, экологиялық тұрғыдан қауіпсіз жолдарын қажетсінеді. Міне, сондықтан да Қазақстан «Жасыл экономикаға» бет бұрды. Егер EXPO-ны өткізудің сәті түссе, осы бір қордаланған мәселелер шешімін табады деп сенеміз. Миллиондарды толғандыратын болашақ энергиясы тақырыбын талқылау адамзат тарихындағы кең ауқымды пікірталастардың бірі болып қалмақ. Оны әлемдік қауымдастық та жете түсініп отыр. Астананың игі бастамасына көрші, бауырлас елдерді айтпағанда, дамыған еуропа мемлекеттерінің көбісі қолдау білдіруде.

Осы ретте сәл шегініс жасасақ... Естеріңізде болса, V Астана экономикалық форумы аясында «Жасыл көпір» және EXPO-2017 тақырыбы «Болашақ энергиясы» сияқты Қазақстанның Жаһандық экологиялық бастамалары жөнінде мамандандырылған сессия өткен болатын. Сессияның спикерлері ретінде Нобель сыйлығының лауреаттары Роберт Ауманн, Эрик Маскин, АҚШ Хьюстон университетінің баламалы энергетика зерттеу институтының директоры Алекс Игнатиев, Мыңжылдық жобасы халықаралық ұйымының Венесуэла бөлімінің төрағасы Хосе Кордейро, техника ғылымдарының докторы, профессор, «Экоэнергомаш» бас директоры Альберт Болотов, Назарбаев Университеті инженерлік факультетінің машина жасау кафедрасының профессоры доктор Сарим әл-Зубайди, Назарбаев Университеті Инженерлік мектебінің профессоры Жұмабай Бәкенов өз ойын ортаға салды. Басқосуды қорытындылай келе мамандар бүгінде бүкіл әлем қайта қалпына келетін және баламалы энергия көздеріне баса көңіл бөлініп отырғанын айтып, Қазақстанның бұл бастаманы қолдауға әлеуеті жеткілікті екенін алға тартты. Жаһандық мәселелерді көтеріп, климаттың өзгеруін, болашақтағы энергия мен экология қауіпсіздігін және баламалы энергия көздерін жетілдіру мен тұрақты дамыту жобаларына қаржылай қолдау көрсету жайын талқылады.



Бөлісу: