Cүйінші
блог
1-бөлім
Әсет әдетінше жұма намаздан соң, мешіт жанындағы жайқалған бақтың ішіне бойлай беріп, көп көзіне түсе бермейтін оңашалау орындыққа отыра кетті. Жүрегі кеудесін сөгіп жіберердей бұлқынғаны несі...Бүгінгі күйі күндегіден бөлектеу болып отыр. Өз-өзін түсінбей әлек. Күннің ыстығынан болар деп, жейдесінің жағалық түймесін ашып, бет орамалымен терін бір сүртіп шықты. Ойына намаздан соңғы тілегі орала берді. Алдымен өзінің және ата-анасының, бауырларының, ұстаздарының, достарының және барша өлі-тірі мұсылмандардың күнәсін кешіруді сұрап, истиғфарды қайталай берді. Одан соң, Аллаға сансыз мадақ пен шүкіршілік, пайғамбарымызға с.ғ.с.салауат айтып, ата-анасының амандығын, бауырының бүтіндігін тіледі. Осылайша ретімен отбасының амандығын, денінің саулығын, ойда жүрген жоспарының іске асуын, оқуының жақсаруын, тағы да сондай тілектерді жаудырта бастады. Кенет кілт тоқтады. Ұялып қалды. "Қара басымды ғана ойлай бердім-ау. Менің жағдайым арман болған жандар қаншама?! Я, Раббым көмекке мұқтаж жандарға мейіріміңді төк. Шын мәнінде жер бетінде қаншама мұсылман зардап шегуде. Себепсіз соғыс болмасын! Аштықтан тамшы суға зар болған жандарға Өзің қамқор бола гөр! Я, Раббым! Мен қаттымын, мені жұмсақ ет, мен сараңмын, мені жомарт ет, мен әлсізбін, мені күшті ет!" ,-деп тіледі де...іштей тағы бір тілекті бүгіп қалды. Ойына оралған сәтте сәл күлімсіреді..."Аллам дұғамды қабыл ет, Аллаһу әкбар!" ,-деп бетін сипағаны сол еді, түшкіріп жіберді. "Алла дұғамды қабыл еткен ғой, Әлһәмдулилләһ! Әмиииин!",деп қойды.
2-бөлім
"Алғашқы қоңырау"
Ол тағы да күлімсіреді. Намаздан шыққанда оның қос жанарына қос жұлдыз сыйып кеткендей жарқырап тұрады. Жүзінен сәуле шашып, құдды бір күнді жұтып қойып, нұры сыртқа төгілгендей еді. Күлкісіне жай ғана "ма ша Алла" дейтін көрген жұрт.
Бақта ол ұзақ отырмады. Жаттығуға қарай асығып, аяғын жылдамырақ басты. Жолдың қарама-қарсы бетінде Әсет тұратын жатахана. Ал жанында үлкен дүкен бар еді. Оның алдында үнемі қарақұрым ел. Студенттер, жұмыстан асығып келіп тіскебасар алуға келген ағалар, аптаның соңында отағасының айлығы түсіп үйіне азын-аулақ азық алуға келген апалар...және тағы бір жан бар еді. Оның үнемі отыратын жері бір нүкте. Дүкеннен жатаханаға барар жол. Арлы-берлі өткен адамдар, Алладан мейірім күтіп, шынайы сауап іздеп, жай ғана жаны ашып, әйтеуір қалтасындағы тиын-тебендерін тастап кетіп жатады.
Бүгін ол күндегіден мұңды отырды. Әсет те байқады оны. Жанына барса, алдындағы қорапта тиын да жоқ. Сірә шөлдеген болар, қарны да ашқан шығар деп дүкеннен таза су, тәтті тоқаш алып төменге тесіле қарап отырған үнсіздің тізесіне қойды да "Алла разы болсын, бұл өмірде жүруді жазбаса да, ана өмірде Жәннаттың бағын еркін аралауды нәсіп етсін" деді де жаттығу залына қарай жүріп кетті. Жанары жасқа толған бейтаныс оның түріне де мән беріп үлгерген жоқ. Бірақ оның Алланың мейірімі түскен адам екеніне сенді.
Әсеттің жүрегі тағы да жылдам соға бастады. Әлгі ағылшындардың сағатындағыдай бір көкек кеудесіне кіріп кетіп сағат тілі он екіні көрсеткенде сыртқа атып шығатынындай жүрегі де өзінің он екісі жақындағандай атқақтауын қарашы. Өлім бе? Жо-о-қ, бұл басқа. Жақсылықтың жаршысы тәрізді. "Не де болса Аллаһу әкбар! Бәрі өз орнымен",-деді де жаттығу залына кіріп кетті. Екі сағаттан соң терге малынған Әсет сол жерден жуынып-шайынып жатаханаға, бөлмесіне келді. Әдеттегідей Мақсат ұйықтап жатыр, ал Батыр кітап оқуда. Өзі Батырды ерекше жақын тартады. Білімге құмар.Дін жайындағы әңгімелерді жақсы көреді. Алланы таниды, кәлимасын біледі. Үнемі біліміне қанағаттанбай іздене береді. Оның да дін жолына түсетініне, сәждеге бас қойып, намаз оқитынына күмәнсіз еді. Кез келген ғылымның соңында табан тірер жері Ислам емес пе?! Ал, Мақсат отбасы қамымен жүрген жас әке. Түнімен жұмыс істейді. Ауылдағы үйіне ақша салып жіберуі керек. Ал күндіз амалсыздан оқуға, кейде жұмысында тағы да сағат қосып қалып қояды. Содан соң ішке тек құр сүлдері қалып, киімі иесін сүйреп төсекке құлай кетеді. "Алла көріп тұр ғой бәрін. Оны да отбасын да қолдайтыны сөзсіз".
Әсеттің өзі зиялы отбасынан шыққан, осында білім қуып келген жас инженер. Әкенің тегі мен ананың ақ сүтінен дарыған ақылы мен парасаты тең түскен азамат. Алланы сүйіп, Хақты танығалы өресі одан да кеңи түскен. Ендігі арманы аяулы жар табу. Шариғатқа қайшы харекетке бармастан, сырттай танып, имандылығы мен тәрбиелілігіне көз жеткен соң келісімін берсе, ішкі ойымен үштен артық жүздесуге бармастан жар етпек. "Аллам армандағанымды бұйыртса екен",-деп қиялымен тілегі ұштасып ой үстінде тұрған Әсетті телефон шырылы бөлді. Қараса, бүгінгі жоспар - достарымен жүздесу. Көптен қауышпаған жақындарымен қауышу. Ол ақ жейдесі мен қара шалбарын үтіктеп орындыққа іліп қойды. Ауқаттанып алып, кешкі намазын оқыды да, шашын сулап қайырып, таза киімін киіп Асқардың үйіне алшаңдай басып бет алды. "Мына жүрекке не болған өзі? Тағы да жылдам соға бастады. Армандағаны жақындағандай алып ұшты-ау. Сабыр..."
Көптен күткен кездесу. Сыныптастары, олардың ертіп келген достары да бар екен мұнда. Кенет Әсеттің көзі дастарханның оң жақ бетінде көптен тасалау орында, жайдары күліп отырған бойжеткенге түсті. Өзгелерге қарағанда өзін салмақты ұстаған қыз еріксіз сүйсінтеді. Тост кезегі жылжып өтіп, көптен күткен бойжеткенге де келіп жетті. Орнынан тұрып өзін таныстырып өтті."Атым - Азиза, мамандығым - мұғалім. Болашақ тілші-әдебиетшімін. Сыныптастарыңыз Асқар мен Сәуленің группаласы боламын",-деп тақылдай жөнелді. Мәнерлі сөзі, мағыналы тілегі оның әдебиетші екенін бірден аңғартады. Кенет одан қолқалап өлең сұрай бастады. Ақын екен. Кішкене ұялыңқырап отырып, өз туындыларын оқи бастады. Ол өлең оқығанда уақыт тоқтап қалғандай. Бәрі соны ғана ұйып тыңдап отырды. Ол біресе өз сөзінен ұялып, төмен қарап, біресе жүзіне сүйкімді күлкі орнап өлеңдерін оқи берді. Жанары тап-таза айдын тәрізді, жанының тазалығын көрсетіп тұрғандай. Ішіне сүңгіп кеткің келеді. "Ол өлең оқығанда ерекше сұлуланып, жүзі нұрланып кетеді екен" десіп бәрі де сүйсініп отырды. Олармен Әсет те келісті. Азизаның үнінен басқа бөлме ішін тыныштық басқан еді. Кенеттен құрғыр жүрек тағы да шырылдай бастады. Бұл жолы қаттырақ шықты дауысы. Себебі бір сәтте Азизамен жанарлары түйісіп қалды. Қоянның көжегі тәрізді сүйкімді әрі пәк жанарлар оның жүрегіндегі қоңырауды басып жібергендей болды. Ол лезде көзін тайдырып әкетіп төменге қарады. Өзге біреулер естіп қоймады ма екен деп Әсеттің өңі қызарып кетті. Өйткені ол Әсеттің махаббат мектебіне апарар "алғашқы қоңырауы" еді.
3 бөлім
"Екі"
Ақын қыз соңғы өлеңін аяқтады да, даусы шығар-шықпастан "рахмет" деп орнына жайғасты. Барлығы разы болысып, қол соқты. Әсеттің есін жидырған да сол еді. "Сабыр...сабыр" деп өзін басып, алабұртқан көңілді ақылға жеңдіруге тырысты. Сағатына қараса, құптанның мезгілі жақындаған екен. Достарына алғыс айтып, қимай қоштасып жатаханаға қарай жүгірді. Келіп, дәретін алып, жайнамазын төседі де Алланың алдында тұрғандай бұл әлеммен бес минутқа қоштасты. Қос алақанын көкке көтеріп, дұға етті. Іштей "адал мұсылман қызды жар етсем" деді. Бетін сипап, көзін ашқаны сол еді тағы да түшкірді. "Әлһәмдулилләһ. Әмииин..."
Бүгін ол көпке дейін ұйықтай алмады. "Азиза. Атына заты сай сүйкімді екен" деді іштей. Өз ойынан өзі ұялып кетті. "Өлеңді өзім жақсы көруші ем. Оның өлеңдері теңіздің тамшысындай мөлдір. Өзі қандай екен? Менің ішкі түйсігім қателеспеген болар" деді де ұйқыға кетті.
Ертесіне оқудан шыққан соң сәл тынығып алғысы келді ме, әлде қым-қуыт қаланың үнінен алыстағысы келді ме, теңіз жағалауына барды. Жаздан күзге енді ауысқан шақ. Қоңыр салқын жел мойныңды еріксіз қытықтап кетеді. Әсет ұсақ-ұсақ тасты алып теңізге қарата тастап отырды. Кезекті тасын қолға алып, көкжиекті көздемекші болғаны сол еді, құлағына таныс дауыс естілді. Жалт бұрылды. Жағалауда Азиза тұр. Телефонмен сөйлесіп тұр-ау сірә. Үстінде көк көйлек. Кешегі өлеңіндегі теңіз бен көктің қызындай. Жанына баруға қорықты. Әлсіздігінен емес еді бұл...Сырттай қарады да "екі" деді. Содан соң өзін байқамай тұрғанда үсті-басын реттеп, жинала бастады.
Арада апта өтті. Азиза туралы жағымды пікірлерге Әсет қана бастады. Иманды, ақкөңіл, тәрбиелі...Бірақ, Азизаның ата-анасы намаз оқымайды екен, оның да оқуына қарсы. Сондықтан Алла бұйыртып жатса, тұрмысқа шыққан соң бастайды екен. Бастысы, күйеуі иманды адам болса дейді. Осы жерінде Әсеттің жанарына жас үйрілді. Іздегенін тапқан қуаныштан еді...
4-бөлім
"Үш"
Қоңыр салқын самал. Күн бұлт арасынан сығалап, ойнағысы келгендей. Күзгі аллея. Жапырақтар жерде самсап жатыр. Ағаш басында да алтын, қызғылт түстес жапырақтар қонақтаған. Алыстан теңіздің үні естіледі. Оның да үні ерекше. Аса жарқын. Күз келсе өңінен айырылатын табиғат керісінше ерекше сұлуланып кеткен. Әлде, аллеяны әсем түске бояған қол ұстасқан жас жұбайлар ма екен?!
...
Сүйінші...