Cен оны танисың ба?...

Cен оны танисың ба?...
жеке
блог

    Күнделікті күйбең тіршілікте талай қызықты оқиғалар болып жатады. Алайда оның көбісінің есте қалуы екіталай. Ал есте қалғаны ең ерекшесі екені де белгілі. Бүгін арайлап тағы да өміріміздің бір таңы атты. Ал сіздің кешегі күннен есте қалған ерекше сыйыңыз қандай? Ойланып көрейікші...

  Кеше ғана өткен оқиғалардың көбісі көңілімнен көмескіленіп қалғанда ма қалай? Есімде қалғаны бірең-сараңы ғана. Әйтеуір бір рет ішек-сілем қатып күлгенім, бір рет бұрын-соңды мұншалықты таңданып көрмегенім ғана санамда сайрап жатыр екен. Қалғандары сол баяғыдай...

 Кешкісін жұмыстан шығып, ҚазҰУ жақты бетке алып келе жатқанмын. Күнде осы жол үстінде әр түрлі қиялдарға беріліп, өзімше ішімнен жоспар құрып, әне-міне дегенше сүйікті жатақханама да жетіп аламын. Кеше бір таңданғаным да осы жолда болды. Жол жиегінде бос тұрған орындықты көріп, сонда барып жайғастым. Негізі бұл маңның орындықтары көбіне бос бола бермейді. Былтыр бұл уақытта мына Хамит Ерғалидың жағалауынан су сарқырап ағып жататын. Кешкісін осында келіп сергіп қайтатын кездер де болушы еді. Биыл жағалаудың кейбір тұстары су емес, қоқыстан тасып жатқандай. Жанымда бір топ балалар доп теуіп жүрген болатын. Енді назарым сол балаларға ауды. Кішкентайымнан футболды жақсы көретінмін. Ішінде бойы сәл ұзындау бала барлығын алдап, өзінше финт жасап қояды. Жақсы-ақ ойнайды екен. Сол 3 немесе 4 сыныпта оқитын балалар болса керек-ті. Жаңағы бойы ұзындау деген бала көзіме таныс бейне болып көріне берді. Бұл баланы мен қайдан көргенмін? Біреуден айнытпай ұқсатып отырмын. Көз алдымда әлгі бала мен сол бір елес бейне алысып жатқандай...Кім?...Футболда көп пас бере бермейді екен. Еее мені де осы пас бермейсің деп көбі айтады... Мені...Есіме түсті...О тоба..Мына бала тура менің сол бір 3-4 сынып оқып жүрген кезімдегі түрімнен аумайды екен гой. Манадан бері кімге ұқсатып отырмын десем...Менің де бойым сыныптастарымнан ұзын болатын. Мені шашым 6 сыныпқа дейін тек ұстарамен ғана алынатын. Мына баланың да шашын тықыр қылып алғанына көп уақыт болмаған сияқты. Қызықты сол бір сәттер-ай. Интернатта оқып жүрген соң кейде аш та боласың. Сол кезде ойлаушы едім. “Осыдан үлкен бастық болғанымда, мен сияқты қарны ашып жүрген балаларға бір камаз торт әкеліп беріп, бір тойдырар едім” –деп...Неге торт?...Білмеймін...Мына ойнап жүрген баланы көріп сол бір күндерім есіме түсіп кетті. Қызық екен ғой...Сол күндерден мына бір жалғыз суретім ғана қалған екен.

 1

 (Оңнан солға қарай екінші тұрмын)

   Шынымен де өзіңізге ұқсас, аумайтын жанды кездестіріп жатсаңыз қандай күйде болады екенсіз? Қызық ә? Ол да саған таңдана қарайтын шығар?...Күндердің-күнінде жолығып қалсаңыз, таңданбаңыз. Өйткені  “адамға адам ұқсай береді ” деген де бар...