Cен жылауды бастасаң...
блог
Сисилия Ахерннің кітабындағы мына сөз санамда сақталып қалыпты: «Слезы, они набегают, но я не даю им упасть. Знаю: если начну сейчас плакать, не остановлюсь никогда». Ия, осы сөзді айтамын деп ойламаған екенмін. Бірақ, өмір өз дегенін көрсетті. Айттым да, бір емес бірнеше рет айттым. Көкірегім қақ айрылып, ащы күйік алқымымнан алып, жанарыма жас тығылып, көзім қызарып тұрғанда ішімнен тек қазір жылап жібермейінші деп бірнеше рет қайталадым. Қалың топтың ортасында қалғанымда алқымыма жұдырықтай түйіліп жас келгенде де көзімді көкке тайдырып, тағы да жыламайыншы деп қайталадым. Тіпті, ешкім жоқ жерде жалғыздықта да өзіме-өзім дауыстап тек қазір жылама, сен жылауды бастасаң өмір бойы доғара алмайсың деп айқай салдым. Осылай тежелмесем болмас еді. Өйткені, мен сол сәтте жылап жіберсем, жылауымды доғара алмас едім. Аққан жаспен өзім де төменге құлдырап, ағып бара жатқанымды сезгендіктен доғару керек болды бәрін. Өзгені жоғалтқан былай тұрсын, өзімді жоғалтып алсам не болмақ? Ең қорқыныштысы сол емес пе?
Бұрын жатып алып жылай беруді жөн санайтынмын. Есейген шығармын, бүгінде қиын кездерден қалайда қандай жолмен болсын өту керектігін ойлайтын болдым. «Лишь бы не потерять себя!». Не қаланы көлікпен кезіп келу, не болмаса музыканы бар дауысына қойып жаяулатып жүріп келу, не ішімдегіні тарқатып айту, бір бөлмеге кіріп алып ішімдегі бар жиналған дүниені Аллаға айту. Қай бір жолмен болса да, дәл сол кездегі тірелген тығырықтан, қиындықтан шығу. Мұны дауыстап өзіме қайта-қайта ескертем. Қаншалықты қиын болса да, осы кезеңнен өтсең болды. Ары қарай бәрі жақсы болады, көр де тұр. Ал, кейде бұл тек өзімді-өзім алдау екенін білем. Бірақ, алдамасам тағы болмайтындай. Үміттің өзі алдау емес пе?