14 қыркүйекте Республика сарайында Халықаралық ALMATY FILM FESTIVAL–2019 кинофестивалінің ашылуы салтанаты өтті. Қызыл кілеммен Ақан Сатаев, Эрнар Құрмашев, Самал Еслямова, Нұртас Адамбай, Анна Чурина, Алексей Петрухин және т.с.с. отандық және әлемге әйгілі кино саласының майталмандары жүріп өтті.
Фестивальдің ашылуы кешінен соң «Айдаһар мөрінің құпиясы» фильмінің көрсетілімі болды. Кешке келе алмаса да жаңа фильмде басты кейіпкерлерді сомдаған Джеки Чан мен Арнольд Шварценеггер видео арқылы өз сәлемдерін жеткізді.
Сондай-ақ, Chaplin Mega Almaty кинотеатрында күндізгі уақытта кішкентай жұлдыздар қызыл кілем үстімен жүріп өтті. Арасында осы жылы жарық көрген “Offline демалыс” – «Каникулы Offline» фильмінің басты кейіпкерлері мен белгілі жас вайнерлер бар.
Сондай-ақ, Алматы әкімдігінің бастамасымен Astana Film Fund Ресей және ТМД елдеріндегі Disney компаниясымен және Балалар фильмдерінің Еуропа ассоциациясымен (FCFA) бірлесіп, ALMATY FILM FESTIVAL–2019 кинофестивалінде отбасылық кино бағдарламасын ұсынады. Бағдарламаға Балалар фильмдері Еуропа ассоциациясының соңғы жылдары номинанттары мен жеңімпаздары болған анимациялық және көркем фильмдер енген. Олардың басым көпшілігі Қазақстан прокатына әлі шығып үлгере қоймаған, фестиваль аясындағы көрсетілімдер олардың Қазақстандағы тұсаукесері болмақ. Отбасылық кинолардың барлығы «Көрермендер көзайымы» жүлдесіне ұсынылады. Балаларға арналған киноларды Chaplin Mega Almaty кинотеатрында тамашалауға болады. Кіру – тегін!
14-21 қыркүйек аралығында өтетін фестиваль бағдарламасында фильм көрсетілімінен өзге әр түрлі тақырыпта мастер-класс дәрістері мен бизнес-форумдар өтеді.
Толық ақпаратты фестивальдің almatyfilmfestival.com ресми сайтынан табуға болады.