ALMATY FILM FESTIVAL - 2019
блог
Өткен жылы еліміздің кино индустрия қуанышты хабарларға толы болды. Отандық режиссерлердің кино туындылары жеңіс тұғырынан көрінді, ал актриса Самал Еслямова Канн фестивалінің жүлдесіне ие болған алғашқы қазақ әртісі болды. Самал сомдаған Айка қыздың тағдыры әділ қазылар алқасының көңілінен шықты.
Елімізде «Айка» фильмін алғашқылардың бірі болып біз ALMATY FILM FESTIVAL халықаралық кинофестивалінің ашылу салтанатында тамашаладық. Самалмен танысып, оның әңгімесін тыңдадық.
Алматы қаласының әкімдігінің қолдауымен өткен кинофестивальдің арқасында көрермендер бірқатар фильмдерді көрсе, жас режиссерлер мен кино саласының мамандары айтулы мамандардың мастер-класс дәрістеріне қатысуға мүмкіндік алды.
Биыл ALMATY FILM FESTIVAL қыркүйектің 14 мен 20 аралығында шаһар мерекесіне орай екінші мәрте өткізіледі. Фестивальге 42 елдің 63 фильмі қатысады. 12 картина 2019 жылы жарыққа шыққан су жаңа туындылар. Фестивальдің ашылу салтанатында атақты актерлер Джеки Чан мен Арнольд Шварцнеггер түскен «Тайна печати дракона» фильмінің көрсетілімі өтеді.
Ақан Сатаев: «2019 жыл – Жастар жылы деп жарияланған. Екінші мәрте өткізілетін фестивальде біз «Ұшқын» студент жастардың халықаралық кинофестивалін қолдау мақсатында жеңімпаздардың фильмдерін көрсететін боламыз»
Фестивальде көрсетілетін фильмдер Chaplin Cinemas кинотеатрлар желісінде тегін көрсетіледі. Сондай-ақ, кинофестиваль аясында жас кино мамандарына арналған мастер-класс дәрістері, жобалар таныстырылымы мен талқылаулар, бизнес-форум өткізіледі.