Ұрпақ сабақтастығы жалғасын таппады...

***

 Ұрпақ сабақтастығы жалғасын таппады... Періште қалмады бұл әлемде. Не алып қала алмадық, не қалдырмады... Медицинаның аса дамымағандығынан көргім келмейді. Дегенмен, Массагеттен алты айлық баланың адам болып кеткендігі туралы Ғазизаның жазбасын көргенімде, жеті айлық інімді де алып қалуға болар ма еді... Жә, бұл да тағдыр, сірә. Аллах қалауы солай болды. Хайыр... Інім мен келінбала үш күндік немересін ауылға атасының жанына алып кетті...

Н.ғ.: ...бір қуантып, бір мұңайтқан үш күндік бақыт...

***

Балабақшадан сіңлілерімді алып кетуге барған ем. Үлкені (бес жаста) өзі киінеді, кішісін (үш жаста) киіндіріп жатыр ем, басын басыма тақап, ақырын ғана "Мақпал тәте, мен "апай, сау болыңыз"деп айта алмаймын"-дейді сыбырлап. Түрін-ай сол! Тәп-тәтті! Күлкім келді. "Айтып тұрсың ғой",-дедім. "Aйта алмаймын"-деп басын шайқайды. "Ұяласың ба?"-дедім. Иә дейді... Ұялуды білген түріңнен сол! Періштесі сол аға-жеңгемнің! 

Н.ғ.: ..."ұят" деген сөзді соңғы рет қашан, қандай жағдайда айтып едім... Ұмытарлықтай ұятсыз болып кеткенім бе...

***

Кімге не керек қазір? Ал, маған керегі... Тау басына барып алып, даусым қарлығып, өңешім жыртылғанша айғайлағым келеді! Жаңғырық қана үн қататын сол бір тауға барғым келеді! Мен, өзім, жалғыз... үшеуміз ғана қалатын сол бір таудың шыңына барғым келеді! Сол жерде біраз уақыт қалғым келеді! Қалғым келеді, сол маңға ойып тұрып атыңызды жазғым келеді, Маматайым! Сосын барып, сосын барып, құр сүлдерім қалған, бірақ біраз тыншыған жүрегімді қолыма алып, сағынышым мен мауқымды басқан соң, оралармын адамдары көп, бірақ бәрібір өзіңді жалғыз сезінер осы бір қалаға...

Н.ғ.: ...сол тау қайда екен...

***

Орындалар армандарымның сәттерін сарыла күткен  ақ таңдарым, қайдасыңдар? Мен сендерсіз құрып барамын, шөгіп барамын, сөніп барамын, өліп барамын. Тым құрығанда, біреуің орындалыңдаршы, Армандарым. Жабырқатпаңдаршы? Жырақтатпаңдаршы мені барлығынан? Санама серік болған, армандарым менің, түсініксіз сағыныш бар сендерге деген. Қиялымды кеспеңдерші, қимаңдаршы, өшімеңдерші... Үздіксіз ағылған үміттерден өзен құрап алам! Орындалмас армандардан мақсат жасап алам! Таусылмас сағыныштардан өмір жасап алам! Ал, сол Аллах берген ғұмырды лайықты өмір сүруге лайықтымын ба? Кім білген...

Н.ғ.: ...адамдарға сенгім келеді, бірақ қалайша...

***

Інімнің шашын қиып бастағаныма аз уақыт қана болды, "біттің бе" -дейді. 

-Жоқ.

-Көп пе әлі?

-Арты бітті, төбең қалды.

-Неге ұзақ?

-Қайдағы ұзақ, жаңа ғана бастадым емес пе?

-Ұзааақ болғандай...

-"Төбеңді алғанша, арт жағы өсіп кетіпті" деген уақыт болғанша аламын осыдан, тыныш отырмасаң... Не болды? Темекі ме?

-Иә.

-Ой, құрығыр, бесіктен белі шықпай жатып... Аузыңды күйдірсе сонымен...

-Тез ала салшы, бірақ әдемі болсын...

Н.ғ.: ...кімнің ұрпағы ек өзі... пойыз біздің көлік пе еді?

***

Нұрлы таңнан қалған сорлы үміттей, жанымды жеген түсініксіз мұңым сағынышыммен үйлесе жүректің қатпарынан орын тепті. Маған беймәлім сезімнің бары өтірік. Мен білетін сезім маған қайта соқпас. Бәрі өтірік. Бәрі жалған. Бес күндік ғұмыр, әсілінде, тым қысқа. Сағыныштың сарынына еріп, қанша жүрерім беймәлім. Мына жалған енді не сыйларын кім біліпті....

Н.ғ.: ...жаңа таныс жаңа өмір ме, жаңа өкініш пе...



Бөлісу: