Айтылмай қалған бала-тілектер

Мектеп қабырғасында айтылды деп ойлаған, бірақ айтылмай қалған бала-тілектерім бар сияқты... Менде де, Сізде де... Сенде де...

Бесінші сыныпқа көшкенде, бұдан да жақсы оқитын боламын. Көп бестік алып, күнделігімді толтыратын боламын. Сосын мама-папама мақтанатын боламын...Ол үшін ерінбей көп оқу керек...

Ендігі жылы бірнеше үйірмелерге қатысып көретін боламын. Ол үшін өз уақытында оқып, үйірмелерге уақыт таба білу керек...

Ән де айтып, би де билей алады екенмін. Бірақ болашақта бұларды алып жүрмеспін, сондықтан, өзімді басқадан іздеп көру керек. Шахматқа, баскетбол, волейболға қатысып көрсем бе екен... Спорт маманы болғым келетін сияқты. Қандай спорт түрі болса да, ережелерді білу үшін де көбірек оқу керек..

Келешекте қазіргі ақкөңіл, ақылды достарыммен қатар тағы да оқыған-тоқыған, адал достарым көп болуы үшін, өзім де адал, ақылды болуым керек. Ондай достарға лайық болу үшін көп оқуым керек...

Мама-папамның үмітін ақтап, сенімдерінен шығып, өмірден өз орнымды табуым керек. Ол үшін көп оқуым керек...

Тесттен сүрінбей өтіп, сүйікті мамандық иесі атанып, өз қызметімді адал атқаруым керек. Ол үшін көп оқуым керек... тағысын тағы, тізіп қайтем...

Қарап тұрсам, кім боламын, қайда боламын, қашан боламын десең де, тек оқу керек екен. «Тіпті Қытайдан болса да білім алуға ұмтыл, өйткені білім алуға ұмтылу-әрбір мұсылманның парызы» - деп Пайғамбар (с.ғ.с.) хадисінде айтылғандай, «білім инемен құдық қазғандай» деген рас болса, инемен қазып болса, білім алуға ұмтылудың өзі ақыл иесіне тән әрекет болса керек. Алайда, қазір, экскаватормен-ақ қазып, диплом ала салатын заманда, шынайы білім ізденгендер де жоқ дей алмас ем... Оған дәлел, мақтағаным емес, Массагет порталы десем, артық болмас...  Адам өле-өлгенінше оқып-тоқып, ізденіп өтуі тиіс. Ақыл иесіне лайықты тірлік қылу ақыл иесіне ғана тән болса керек.

Н.ғ.: Осылардың қаншалықты орындалғанын білмеймін, бірақ оқығанымнан оқуым керегім көп-ақ екенін білемін... Не біліппін осы жасқа келсем де... Соншалық ештеңе де... Мұрнымнан арыны көрмейтін мына мен кейде өзгеден тым көп нәрсе күтетініме таңданамын... Пенделікке салыну деген сол шығар тәйірі... 



Бөлісу: