Сәйкестік пе, тағдыр ма

Өмірде сәйкестік болатынына сенетінмін. Иә, сәйкестік болып тұрады. Күтпеген жерде, күтпеген жағдайларда. Алайда, дәл қазір айтқалы отырғаным сәйкестік емес, тағдыр сияқты. Осыған ұқсас жағдай осыдан 4 жыл бұрын қайталанған еді. Сәйкестік деп таң қалып, сол күйде қойғанбыз... Ал, бүгін сәйкестіктер бекер сәйкеспейтінін ұқтым... ешнәрсе себепсіз, жайдан жай болмайды, барлығы да әу бастан жоспарланып қойғандай...

 Осыдан 4 жыл бұрын анамның қайтыс болғанына 3 жыл болғанда, кіші ағамның екінші қызы дүниеге келді. Ол балапан дәл 26 наурыз - анамның қайтқан күні жарық дүние есігін ашты. Бәріміз таңдандық. Ағамыз анамның есімін қойғылары келді. Бірақ әкем қойғызбады. Ол балапанның есімін Айғаным деп қою құрметі маған бұйырды. Сонымен, сол күн келесі жылы анамның суреттерінен басталып, Айғанымның суреттерімен жалғасып, "өмір жалғасуда..." деп аяқталған видеомен  есте қалған еді...

Бүгін, иә, бүгін таңға жауық тағы сондай сәйкестік орын алды. Бұл жолы оны сәйкестік дегім келмей тұр. Бұл тағдыр болар... Әкемнің жалғыз інісі дәл сол жылы анамнан екі ай бұрын, дәл бүгінгі күні қайтқан еді. Сол көкеміздің үлкен ұлы, яғни інімнің жары - келініміз бүгін кішкентай балапанын дүниеге алып келді. Ешкім күтпеген еді. Себебі, бар болғаны жеті айлық бала, бар болғаны 1,400 салмақпен дәл бүгінгі күні жарық дүние есігін ашқысы келіпті... Кім ойлаған? Расында, өмір жалғасуда. Уақытының ерте, салмағының аздығына қарамастан, Кішкентай Жүрек өмір деп соғуда... Дәл қазір вакумде жатқан періштенің жағдайы орташа... Қуанайық десек, ерте секілді, қуанбайық десек... жақсы сөз жарым - ырыс деп, тек жақсылықтан үміттенеміз. Сол періште адам болып кетсе екен...

Н.ғ.: ...анам кеткен күні қыз бала, көкем кеткен күні ұл бала дүниеге келді... әншейін сәйкестік пе... екен... Дегенмен, өмір жалғасуда...



Бөлісу: