Қызғаныш дейтін...

Қызғаныш  дейтін...

 

Қызғаныш дейтін дерт бар ішімізде,

Кеселі батпан-батпан ісімізге.

Кейде дерт асқынғанда жүйкемізді,

Қақсатар құрт түскендей тісімізге.

 

Қызғаныш дейтін дерт бар арамызда,

Сол үшін бұлқан-талқан боламызда!

Өтірік дүниеміз шынға айналар,

Кейде дерт асқынғанда санамызда!

 

Қызғаныш мейлі жақсы, мейлі жаман,

Тарқасып кетіп жатар үйлі-баран!

Дертіне дер кезінде тұсау салған,

Құдай-ау, қызғанышсыз сыйлы ма адам?!

 

Махаббат дегенің сол қызғаншақтық,

Көргені ер жігіттің қыздан шаттық.

Жүрегін қызғануды білмейтіннің,

Құрсаулы жылуы жоқ мұздан таптық!

 

Қызғаныш дейтін не бар тағы-тағы,

Сырлассаң сезім жылап ағылады.

Адамдар сағынғандай бірін-бірі,

Қызғаныш адамды да сағынады...

 

Қызғаныш дейтін дәрі қорту керек,

Құдайдан бізге келген  тарту дер ек!

Жаралған құдіретке қарсы келген,

Қызғанбайтын жандардан қору керек!



Бөлісу: