Құсып бер бол алдындағы затымды!

Құсып бер бол алдындағы затымды!
жеке
блог

Қысқы каникул. Ата-ананың жанындағы алаңсыз өмір. Жатақханадан уақытша босаған, біраз өмірлік тәжірибе жинап, қате кеткен сәттерінен сабақ алып, қазірден-ақ студенттік өмірді қимай жүрген студент қыздың ойлары...

Балалық шағымның естеліктеріне толы туғаннан бері ойнап күлген аулама (двор) бардым. Кезінде өзім ойнаған сырғанақтарда, турниктер мен түрлі темірден жасалған әткеншектер толы алаңда қазір мүлдем басқа жүздер... Иә, біз есейіппіз. Сол алаңның маңынан өте бергенде есіме балалық шағымның біраз сәттері түсті.

Достарыммен түрлі ойындар ойнайтынбыз. Біздің кезімізде (деп үлкен апаларша сөйлесем жарасар ма екен?) мұндай көп темір әткеншектер болмады. Бір екі сырғанақ (горка) пен бірнеше темір қақпалар бар болатын. Ол темір қақпаларда демалыс күндері ауланың тұрғындары көрпе төсектерін күнге шығарып, жайып қоятын. Үйге жиһаз алғанда қораптардан шығатын ақ сым сияқты арқан жіптерден әткеншек (качеля) жасайтынбыз. Ол әткеншекке қазіргі банкте тұрған адамдарша кезекке тұратынбыз. "Сен бірінші елу рет боласың, сосын мен!","Сенің уақытың болды ғой! Тұр, енді мен боламын!" деп сол әткеншектің жанында көп уақытымызды өткізетінбіз. "Ана сырғанақты (горканы) менің папам салды!" деген де сөздер болатын.

Ең қызықты ойындардың бірі "үйшік" еді. Әркім үйінен алаша, көрпеше, неше түрлі ойыншықтар алып келетін. Біздің кіреберісте (подъезд) бізбен жасты бір ұл тұратын. Әр ойын сайын оны әр түрлі қыздарға үйлендіріп, үйдің "папасы" қылып қоятынбыз. "Сатушы" ойынын ойнағанда даладағы желмен ұшып жүрген (Маңғыстаудың мәңгі желі) әр түрлі тағамдардың қағаздарын жинап, соларды сынған шөлмектерге (ол ақша ретінде) айырбастайтынбыз. Ал, менің балалық шағымда ең хит болған ... "Құсып бер бол алдындағы затымды!" деген сөздер еді. Бір досымызбен болмай қалсақ, оған өткен күндерде бөліп берген тамақтарымызды құсып беруін бұйыратынбыз. Қызық, сол құсып берсе, қайтіп өзіміз жейміз бе екен?! Сонымен қатар, біреу бір тәтті нәрсе жеп тұрса: "Бір тістейінші а?" деп жалынатынбыз. Ол бір тістеткізсе жақсы ғой, ол да жоқ болса, мынадай сөздер кетеді: "Қазір мамам келеді жұмыстан, сосын маған тиын береді. Мен оған дүкенге барып күшті заттар аламын!" немесе "Мен саған алдында бердім ғой, білесің бе? Енді маған да берші!".

Айта берсек бұл туралы бір кітап жазып шығуға болар еді. Менің балалық шағымның қызықты сөздері осындай болатын. Ал сіздің есіңізде қандай ерекше сөздер қалды?!

 

Сурет smallfoot.ru сайтынан алынды.