сансыз ойлардың арасынан

***Ақ ұлпаға айналғым келеді. Жаны да тәні де аппақ. Таза. Әдемі өрнектеліп бұлттан қимастықпен үзіліп, төмен қарай тербетіле құлайтын. Бірде жанұшыра жұлқынған желдің ырғағымен айнала танго билеп, бірде, еріксіз тыныштықпен вальста қалықтайтын. Табиғат жасап берген әдемі мінсіз өрнегінің сәнін бұзбай, қыртыстардың қырын сындырмауға тырысып, басқа ұлпаға жаймен «соқтығысатын». Қаншама қашықтықты еркін бағындырып, өлімге келе жатқан тұтқын құсап жерге амалсыздан құлайтын. Сол қардың бір ұлпасы секілді, жаныңа барғанда жылы қарсы алсаң, еріксіз езіліп, еріп кетіп, қабағыңды шытсаң қатайып мұз боламын-ау. Мұзды жібітуден гөрі, ұлпаны еріту оңай емес пе? Қалай ойлайсың?

***Осы біз өмірімізді туылған күннен басталатынын білеміз. Ал ананың құрсағында жатқанда ең алғаш, ойлап көрші, ең алғаш рет кішкееентай жүрегің тук-тук етіп соға бастаған сәтті, сол секундтың кереметін ойлашы. Ештеңе жоқ..., тыныштықтан бір кезде қозғалыс, жүрек қозғалысы пайда болады. Қандай ғажап сәт сол. Жаңа өмірдің, жаңа тағдырдың бастамасы. Басына бақыт қонған ба, әлде маңдайынын соры бес елі пенденің бе тағдырының бастамасы. Бірақ Алладан басқамыз сол сәтті дәл білмейміз. Тек сол қу жүректің тоқтағанына ғана куә болатынымыз өкінішті ақ.



Бөлісу: