Әсемдікке толы қорқыныш

Әсемдікке толы қорқыныш
жеке
блог

Шымбұлақ

Іле шатқалында орналысқан тау-шаңғылық курорт жайында естімеген қазақстандық, оның ішінде алматылық жоқ екеніне кәміл сенемін. Әрине, өйткені бұл Шымбұлақ қой.Он сегіз жыл бойы Алматыда тұрып осы Шымбұлаққа бармағаным ұят екен. Осы жылы барғаным бірінші рет. Шымбұлаққа біз Медеу арқылы көтерілдік. Медеу өз әдемілігімен баурап алады, әсіресе оны биіктең бақыласаң. Ол құдды бір ертегі әлеміндей. Қыстың жаңа жылдық кейіпі де оған ерекше әсемдік үстейді екен. Арқанды жолмен тау араларынан көтерілген кезде ішің жібіп, көз алдындағы көрініске сүйсіне қарайсың. Кабинадан шыға бергенде алдыңнан қармен қапталған биік тау бой көтереді. Тау баурайында мейрамхана, киінетін бөлмелер орын алып жатыр. Бұл тау көз алдымнан көрініс тапқанда аз ғана таң қалып, қуанышпен тамашаладым. Киініп, сноубордты алып,  келесі кабинаға кіріп биік таудың басына жол тарттық. Міне, тау басына жеттік, сноубордты аяғыма кидім. Осы кезде әпкем сноубордпен қалай қозғалатынымды айтып, түсіндірді де: «ал енді астыға түс» - деп айтты. Сол сәтте таудың етек жағына көз тастағанымда жүрегімді үрей мен қорқыныш билеп әкетті. Басымда « Қалай тұрамын? Қалай астыға түсемін? Тау неткен биік еді?! Қазір біреуді қағып түсірсем ше?» деген ойлар айналумен болды. Бір сәт « жаңа  ғана әсемдігіне сүйсініп, таң қалып жатқан едім ғой. Бұл әсемдік неткен қорқынышты еді?!» деген де ойлар кетті. Алайда, «көз қорқақ, қол батыр» дегендей отырып, ойланып болған соң ептеп астыға түсе бастадым. Әрине, бірінші реттен не шығушы еді, мың құлап,тұрған шығармын.  Ең астына түсіп, финишқа аз қалғанда бойыма күш-қуат бітіп, тунель ішінде жарық көргендей зымырап, ұшып бардым. Осылай алғаш рет Шымбұлақты бағындырдым. Мен түскен тау Шымбұлақтың ең аласа, бірінші тауы болса да мен үшін ол өте биік. Бұл күнді мен әсемдікке толы қорқыныш күні деп есімде мәңгі сақтаймын...