Қызға жазған соңғы өлең

 

Соңғы өлең.

Құмарлана қызға жазған,

Ол-қынам! Таста емес мұзда жарған!

Ол соңғы...

қалған нәзік жүректілер,

Кешегі құлазыған  құзда қалған.

 

Желігі басылмаған жұмыр басым,

Тауысты сезімімнің ғұмыр жасын.

Өзің деп шақтым әне, көңілімнің

Сұлулар жасын құйған құмырасын.

 

Әлек ең мені дайым түртіп ыммен,

Досым-ау, не жетті деп үркідім мен.

Мен-доспын, сен-ғашық қыз сезіміңді,

Қиналған білдіре алмай кірпігіңмен!

 

Дәл қазір қасымдасың, балкондамыз,

Сарғайып сағыныштан болғанда күз.

Ең ыстық достық құшақ шоғын алып,

Махаббат тұтандырған жалғанда біз!

 

Қыл қалам сөздің сабын саптап берген,

Ғұмырым ақын-ғұмыр соқпақ келген.

Мың сылқым арасынан сұлу сені,

Тағдырым сарымайдай сақтап келген.

 

Тістелсін мейлі олардың бармақтары,

Ала алмас сезімімді жалмап бәрі.

Абайдың Тоғжанындай тағдырымның,

Ендігі сен жазылар тармақтары!

 

Соңғы өлең! Соңғы шумақ! Қызға деген,

Шыдайды! Мінезіме қызба келем...

Кеуденің  кілті оның  мойыныңда,

Қорықпас құлап кетсе құзға денем!...



Бөлісу: