Біздің Қазақстан - 2050 жылы "біздікі" болмауы мүмкін.

Біздің Қазақстан - 2050 жылы "біздікі" болмауы мүмкін.
жеке
блог

Амалсыздан амалдадым

        Тізбегі бар кітап толған ескі сөрені ашып қалғанымда студент кезімде жинаған дүниелерім көзіме түсті. Ақтарып ұзағынан сүйсініп қарадым. Бұл жарықтықтардың күннің көзін көрмегеніне біршама уақтың жүзі болыпты. Соны байқадым. Шаң басқаны былай тұрсын, өрмекші ұялағанына не дейін. Байқағаным, кітаптардың дені – Түгенше Пәленшевичтікі екен. Елтілдеп  сонда ғана көзіме жас келді. Менің ұстазым ғой... Кезінде университет қабырғасында оқып жүргенімде сабақ бергені есімде. Сол кісінің кітабын алатынбыз. Содан бері қаншама жыл өтсе де, сарқылмай сақталғанына таңым бар. Әлгі кенжеме «кітап оқы» деп қақсай-қақсай денсаулығым құритын болды. Ол құрғырлар кітап дегеннің не екенін біле ме өзі? Біздің кезімізде деп ұзағынан әңгімемді созбай-ақ қояйын. Мына сөрені ашқан себебім, үлкен балам Швециядан қымбат жиһаз алдыртып жатқаны бар. Соған мына орынды келгенінше босатып беруім тиіс. Патша сарайындай кең лашықта басқа орын табылмағандай менің ескі бұрышымда несі бар десеңші...

        Бұрын деген жақсы еді ғой. Журналистиканың құндылығы басқаша болатын. Сұрқы жібектің иісіндей «газет» атаулысының заманын көріп өстік емес пе? Тып-тыныш қана компьтеріңе мақалаңды теріп редакция поштасына жібере қоятынбыз. Артық – кемін өздері түзететін. Бұрын журналистиканың болашағын өзімнен көретінмін. Сөйтсем, ол заманды «робот» атаулылары ықтырыпты. Адам деген жалқаулыққа үйреніп келеді. Соның бір себебі – инновациядан да болар. Ал кітапхана - атымен жабылған. Өзінен гөрі атын табу оңайрақ.  Қағаздан гөрі электронды дүниелер басып кетті. Соның зардабын «лювиатрда» күндіз – түні отыратын балалар тартып жатқан көрінеді. Ол шіркінді сол баяғы жапондықтар ойлап тапқан. Үйінде отырып-ақ дүкенге барып келе алатынына қалайша таңдай қақпайсың? Менің немерем күнде саяхатта. Бүгін ғана  Марсқа  шығарып салдық. Әлгі аты құрғыр «сераютер» аппаратымен айға ұшу да менің баяғы Шымкенттен Астанаға ұшқанымнан да жеңіл тіпті. Айтқандай Шымкентті де сағынып қалдық қой. Оңтүстік Республикасының астанасы етіп бекіткен кезде бұрынғы елордамыз - Астанаға көшіп кеткеніміз жөн болмады. Студент кезімде деген Астанада қазақылық басым болатын. Ал қазір бәрі де өзгерген. Әр ру - өз тілінде сөйлейтін болған. Атым қазақ болғаныммен , тілім – арғын екен. Жанды қинайтын да осы. Кезінде рушылдыққа мұншалықты салынбасақ біртұтас қазақ болып қалар ма едік? Бір Алла біледі..           

          Ойдан ой туады деген... Ру демекші, батыста қалған тілі -  беріш Нұрислам бауырым қайда кетті екен? Соңғы хабарласқанымда Батыс республикалық газетінің акциясын өз қолына алып жатқанын естіп едім. Содан бері хабар жоқ. Анда санда әлем жаңалықтарынан көріп қалатыным бар. Ыстық жастың көкесі сонда көрінеді. Сол кездегі Еуразия ұлттық университеті бізді бір шаңырақ астына жинаған болатын . Шаңырақтың шайқалатынын кім білген? Дегенмен, ақ пейілді ұстаздарымыздың берген білімі бізді бірталай шыңға әкеліп салғанын көріп денеңді «уф» басады. Шүкіршілік етсем болады, мен де білдей «Ақ Отан» партиясындағы  журналистер одағының төрағасы екенмін. Шексіз ризашылығымды ақ патшамыз – Ақберді Күнтубаевқа білдіргім келеді. Бір-екі рет сол кісі туралы мақаламды жариялаған соң баяғы «система» бойынша қызметім өсті. «Шіркін» деп ескіні  бір аңсап қоятыным бар. Көшеге шығып серуендеуден де қалдық. Шыққан мезет шенділер алып кете ме деп қорқам. Жасым келгесін ақсақал ретінде сақалымды жібергенмін. Біз өскен ауылда оны -  сүннет дейтін. Қазір «мұсылмансың» деп айып тағатынын қайтесің? Амалсыздан амалымды жасап  күнімді төрт қабырғада өткізудемін. Мақаламды «лювиатор» арқылы тікелей ғаламторға жариялап отырамын...Бұл жағынан алғанда замандастарымызбен мұңымыз бір. Мен оқыған топта тек Мақсұтпен ғана араласа аламын. Өйткені, ол да менің   тілімнен. Мен секілді арғынның барына сәл болса да тәубе етейін.   Қалғандарымен «КНБ» араластырмайды. «Арандатушылық туғызасың ауру шал», - деп сөгетіні бар. Бір ғана қуанатын тұсым - мен оқыған журналистиканы әлем толықтай мойындады. Баспасөзсіз мемлекет – мемлекет болмасын халық түсінді. Енді санасатын болды. Айтқандай жуырда бүкіл «қазақаралық» журналистер форумы өтеді екен. Өлісінің жатқан жері жайлы болсын, тірілерімен кездессем деген бір ниетім бар-тын. Имандылыққа жолдас қылған Сапар есімді досым сонау Оңтүстік Республикасынан келіп жатыр екен. Адайстаннан Гүлшат, Найманстаннан Ақбота да келетін болар. Сағынышымды басса осы кездесу басуы мүмкін. Қалғанында үмітім жоқ. Заманымдағы Түгенше Пәленшеев секілді кітабымды ай сайын шығаратын да менде әл жоқ. Оқырманы жоқ кітап жазып не басымның іскені бар? Одан да пендешілігіме салып «Ақ Отан» партиясының артығын асырып жүре бергенге не жетсін. Кетсем де тыныштықпен кетейін...       

Қарабайыр

 

Мақалада қолданылған "лювиатор", "сераютер" сөздері толықтай ойдан шығарылған. 2050 жылда жаңа технологияға енетін құрылғы мағынасында ... Мақала фантастикалық жанрда болғандықтан, шындыққа сәйкес болмауы мүмкін.