Сен сыйлаған сырғаны...

Сен сыйлаған сырғаны сақтап қойдым. Тура өзің орап берген күйінде. Ия, бірде бір рет тақпадым. Қорапшама салып, жылы жаптым. Кейде көңілім жабыққан сәтте алып қарап қоямын. Сонда есіме сен түсесің. Ылғи жарқын сәттер. Мұң емес, қуаныш. 

         

Сен менің күзім болдың ғой білесің бе? Өзіңмен бұрыннан таныспын, бірақ өткен жылдан бері ғана араласа бастадым. Соншалықты жақын болып кеттік. Жүрегім осылай үндесіп кетеді деп ойламаппын. Мен күзді жек көремін ғой білесің бе? Бірақ, сен сол күзді алғаш рет жарқын еттің. Менің қыркүйегім мен қазаным болдың. Жаным жалғыз қалып, өзгелер сол жүрекке түкіргенде сен түкірмедің. Керісінше, демеу болдың. Үнемі көңілімді көтеріп, жақсылыққа үйір еттің. Жаныңнан бір елі қалдырмай, жылулық таныттың. Өзгелер бөлемеген шаттыққа сен бөледің...

          

Алыстан келер деп күткендігім зая кетпеді, алғаш рет. Сенімімнің де ақталғаны осы. Арадағы хаттар қатынасты үзбеді. Таныстығымыз аз болса да, жақындығымыз аз болмады. Таныстық аз болған сайын, сағыныш мол болады деген осы екен ғой. Қазір сен жырақтасың. Тіпті елде емессің. Бірақ, жанымнан еш уақытта жырақтамағансың. Алыста екендігің сезілмейді де...

  Жылдың аяғына қарай қателік жасап сені өмірімнен сызғым келді. Мені де сызасың ба сонда дегеніңде, «ия» дедім, ойланбастан. Өйткені, бір адамды сызу үшін осылай жасауға міндетті едім. Кейін жаңа жылға санаулы сәттер қалғанда бұрыс екендігін түсіндім. Кешірім сұрадым. Бірақ, жүрегіңде қалып қойғандығын білемін. Сен де мен сияқты сондай сәттерді оңайлықпен ұмыта қоймайсың ғой...Мен сені жақсы көремін...Жоқ, сіздер ойлағандай жігітті сүйгендей емес, жай ғана адам ретінде...

                  

   Сен маған жамандық тілемейсің оны жүрегім сезеді. Таңдауымды құптамайсың. Ұрсып айтасың, жылатып айтасың. Мен ұқпаймын, алайда. Маған ешқандай атақ та, өзге де қажет емес. Маған тек...Білесің ғой енді... Түсінші, мені де...

   Кешірші, мен сенің мәңгілік жүрегің бола алмадым. Сондықтан да сыйлаған сырғаңды таға алмадым. Оны тағу қолымнан келмеді. Тек бар болғаны көзімнің қарашығындай ғана сақтай аламын. Сен сыйлаған сырғаны таға алмаймын, мен өзгенің сыйлаған сырғасын тағамын деп қойған едім...



Бөлісу: