Замандасқа айтарым бар

Көбіне көршілер көшінен көз алмай, өзгенің өзегін өзімсініп, тамырсыз тарағандарды таңдап, тамсанып, соны артыққа балап, қанымыздағы құндылықты қадір ғып бағалау бұл күні күшке айналды.

Жастайынан әже тәрбиесінде болған мен сияқты ауыл баласына бұлардың бәрі де таңсық. Жастыққа басым тисе ертегі, батырлар жырын, аңыз-әңгімелерді айтып, халқымның ауыз әдебиетін жадыма сіңіріп өсірді. Кішкентайымнан киіміме көз тимесін деп сан түрлі көз жауын алатын ою-өрнек тікті, желкілдеген шашыма шашбау тақты. Жеңгем босанып, үйге оралғанда немересін әлдимен әлдилеп, азан шақырып атын қойып, тәй басқанда тұсауын кесіп бата бергені бар. Келіндерін қасына алып, киіз басқызып, сырмақ сырып, ою ойғызғаны, көршінің қызы ұзатыларда көрпесін көктегені де есімде. Сол кезде халық әнін әуелетіп, естімегенін елге жеткізіп, жақсылықты жұртқа жаңалық қылудан жаны шаршамайтын. Сексеннің сеңгірінен асса да шөберелерін жанында шұбыртып, құртын, май-қаймағын, ірімшігін жасап, халық тағамы қашан да бойға қуат, дертке шипа деп айтудан аузы талмайтын.

Одан бері ұзақ уақыт өтті. Бойым да, ойым да есейді. Арман қуып ауылымнан алысқа аттандым. Менде ғана емес, елде де көп өзгеріс орын алды. Жаттар жырымыз да, айтар әніміз де, сөйлер сөзіміз де өзгерді. Қаладағы құрбымнан қалмайын деп бұрымымды қидыруға шаштаразға барғанымда самайдағы ақ шашын қарайтып  отырған әжемдей әжені көрдім. Сұлудай сыланғаны сиықсыз көрінді. «Орны ол жер емес» деген өкініш тұрды өзегімде.

Осындай өкініш көп жыл бойы көрмеген құрбыммен кездескенімнен таныс. Құрбы деп айтуға болмайтын шығар, себебі Самал екеуміз бір үйде өстік. Көрші тұрдық. Ата-анасы ауыл малын бағатын, қарапайым қайырымды жандар. Жыл сайын жазда қырға көшеді. Сол уақытта Самалды анасы біздің үйге қалдыратын оқу жылы аяқталғанша.  Бір сыныпта оқимыз, бір қуыршаққа киім тігеміз. Арамыз ажырамайтын.

Мектеп бітірген соң, ол Алматыға, бірер жылдан соң шекара асып, шетелге аттанды. Он жылдан соң шетелдік жолдасымен, жирен шашты ұлымен Оралға оралды. Қаба сақал жолдасының есімі есімде қалмапты, соған қарағанда қиындау болуы керек, тіл білмеген соң көп шүйіркелесе алмадық. Ал Самал болса жақында жөндеуден өткен үйін таныстырумен болды. Бөлмелері кірсе-шыққысыз. Тетікпен басқарып, үй иесі дыбысымен команда беруге болады, ән айтатын перде, ізіңді жасырар кілем, осылай тізе беруге болады. Ұлының бөлмесі тіпті алапат. Кең дүниені тарылтпапты. Жар жағасына кемесінің біздей ұшты ернеуін тақап, баспалдақта алшаң басқан төртеу. Ортасындағысының тұрған тұрысы - осы топтың капитаны менмін дегені. Тістері кәрі кемпір тістеріндей сирек, түрлеріне бес ит тоярлық капитанның қолшоқпарлары. Алда болар жойқын соғысты әлгілердің қойнындағы минаға қарап емес, қанаты сынып, зулай құлаған самолет, отқа оранған ұшқышты көріп-ақ сезесің. Айнала түтін, жараланған адам... Бұл бала бөлмесінен менің түсінгенім. Әлгі бөлмеде ойнап, түнде жалғыз өзі ұйықтап жүрген жиенге «Қаһарман» атағын беру керек. Осынша зұлымдыққа толы бөлмеден тәтті түс көру қиын секілді. Құрбыма айтып көргем, күлкіге қалдым. Оның айтуынша шетелде бұл мультсериалдың бағы жануда, қоржынын дәл осындай қомпитқан картина әлі жоқ көрінеді.

Сол кездесу кезінде қалаға көктем енді орнап жатса да, себепсіз арамыз суып кетті. Жазғы демалыста Самалмен бірге қырға жиі баратынмын. Ауылдан алыста тұрып мал бақса да әкесі көк мұқабалы «Жалын» журналын жаздыртып оқитын. Білмейтін сұрақ қойып қала ма деп әрдайым именіп отыратынмын. Кенет ол кісінің есіме неге түскені қайдам, алған тәрбиесі нашар деген жаттанды ой мазалады ма, балалық шағымды бөліскен құрбыма деген сағынышым қорқынышқа айналғандай беймаза күй кешкенім рас.

Әлде жат жерде жүріп болмысын жатсынды ма екен?... Білмедім.

Құрбымның баласы қазақ мектебіне бармайтыны да сол күні белгілі болды...

Самал екеуіміздің ұлымыз тетелес. Менің ұлымда шетелдік картинамен жасақталған бөлме де, жасанды сүтпен тамақтандыратын күтуші де, ағылшын тілінен арнайы сабақ беретін мұғалім де жоқ. Жоқ, бұл қызғаныш емес, қорқыныш. Есейген соң баланың өз бөлмесінің болуына ешкім де қарсы емес шығар, қолда қаражат болса, қалағаның жасап берсе де кеш емес-ау, бірақ бесіктен белі қатпаған баланы бөлек бөлмеге қамау.... санама сіңбей-ақ қойды. Тасжүрек бала тәрбиелеп, қатігез ана атанғым келмейді.

Қойнымдағы бөбегімді ана сүтінен ажыратпай, бесігін тербетіп, қалаған ертегісін айтып бергенім, жанында жатып тәтті түс көретінім, қияли қиялдан шығарылған қара дүрсін кейіпкерлерге шегін тартып, таңдайын тақылдатып тамсанбай, «Алдар Көсе», «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?»  мультсериалдарын қойып бер деп жер жастана жылағаны, қазақ балабақшасында жұдырықтай жүрегіне алақанын қойып әнұранмен әр күнін бастар тұлымды ұлым, ауыл мектебінің табалдырығын жаңа аттаған қылықты қызым, үйі де, банкте жинақ есепшоты да, тым құрыса «Жигулиі» де жоқ. Бірақ отбасы мен Отанына деген махаббаты шексіз қазақ жігітіне тұрмысқа шыққаным ойыма оралса өзімді бақытты сезінетінім имандай шыным.

Күз ортасында орталық базардан Самалдың анасын көрдім. Көрісіп, құшақтасып едік, пальтосынан жаңа сауылған сүт иісі мүңкіді. Туған жер иісі. Құрбымның  мұрнына емес, жүрегіне осы иіс жетсе екен...                          

Сурет: my19edwin.livejournal.com



Бөлісу: