Мен, жалғыз, өзім қалған кез...

          Дәл осындай қыс кезі болатын. Бес-алты жыл бұрын шамасы. Бір сыныптасымның әкесі қайтыс болып, қалада жүрген сыныптастар жиналып, екі көлікпен ауылға тарттық. Дәл осындай суық. Қар борап тұр. Аяқасты естігендіктен, жұмыстан шыға сала, түнделетіп жүріп кеттік. Қыздардан мен ғана. Басқалары шыға алмады. Бір көліктің алдына отырдым. Жол бойы өңкей жастар қызық қуып, әртүрлі әндер жазылған бір флешка үшін жол бойы қуаласып бардық. Көліктерімен жолға таласып, біздің әуен тыңдап келе жатқан флешкамызды алып алған екінші көліктегілер жеткізер емес. Оларды қуғанда дәл алдында отырған мен шопырмен бірге тормоз басып отырдым. Екінші көлік анандай жерге барып тоқтайды да, шопыр-сыныптасым флешканы алып шығады. Біздің шопыр көліктен түсіп енді жете бергенде, көліктеріне отыра салып, қашады. Қойшы, әйтеуір сөйтіп жүректі алып, жаңа жауған тайғақ қарда «ойнақтап», барлық әндерге қосылып шырқап, жеттік әрең үйге, түннің бір уағында. Сағат екілер шамасы. Үйдегілерге хабарламаған ем. Сыныптас достарым мені үйдің жанынан тастап, үйлеріне кетті. Кісі қайтыс болған үйге ертесіне барамыз деп тарастық. Қар әлем жауып тастаған. Борбаңдап үйге жетіп, даланың ешбір жарықсыз, айсыз, жұлдызсыз, аппақ, жап-жарық болып, айналамның бәрі айдан анық көрініп тұрғанына қарап бір таңданып, табиғаттың тамашасына, Аллахтың құдіретіне тағы бір мәрте басымды иіп, жаңа жауған қардың тап-таза, «жұпар» иісін танауым тесілгенше иіскеп біраз тұрып қалдым есік алдында. Жаурай бастаған соң, үйге кірмек болдым. "Әкеме тосынсый жасайтын болдым-ау" деп мәз болып келе жатқан мен, есікке жете бергенде есікте тұрған құлыпты көрдім. Жүрегім мұздап кетті. Жаңағы тоңған түк емес, тұрған орнымда қатып қалдым. Өн бойым дірілдей жөнелді. Ешқашан, ешқашан... мен студент болғалы келгенімде біздің үйдің есігінде құлып тұрған емес! Ешқашан! ...мама бар кезде... Еңкілдей жөнелдім. Тоқтай алмадым. Отыра кетіп жыладым. Не үшін жылап жатқанымды білемін. Қанша отырғанымды білмедім. Бір кезде әкем қонаққа кетіп, інілерімді сыртынан құлыптап кеткен шығар деген ой келді. Атып тұрып, есікті қаға жөнелдім. Ашпады. Ұзақ әрі қатты қақтым. Ашпады. Тағы жылай бастадым. Кімге, неге екенін білмеймін, әйтеуір ұрсып жатырмын, ұрсып жатырмын, есікті қағып жатырмын. Бірер сәттен соң сезімді тізгінге алып, тоңған бойымды жылытуға ық іздей бастадым. Сол күйде ешкім ашпады... Телефоным есіме түсіп, сағатқа қарасам, екі болыпты. Көрші үйде тұратын әкемнің інісінің үйіне баруды жөн көрдім. Заттарымды жазда тамақтануға арнап үйге жалғанып керегесіз шатырлы етіп жасалған жерде қалдырып, басып қалған қармен борбаңдап көкемнің үйіне жылжыдым. Жаңа ғана кереметтей, кіршіксіз, тыныштық әлеміндей көрінген қыстың түнгі келбеті енді маған қорқынышты көріне бастады. Тірі пенді жоқ. Тіпті ит те. Бір өзім түннің жарымынды екі үйдің ортасын кезіп жүрмін. Айдалада қалғандаймын... Көкемдердің де есігін он минуттай қағып ешкім ашпаған соң, үй жаққа оралдым. Амалын таба алмадым. Жылауға да шама жоқ. Жол жүріп, әбден жылап, жаураған менің әлім де қалмады. Тоңғаннан дірілдей басталдым... Ішімнен «мамам болса, шәйін қойып, мені күтіп отыратын еді, «әкенің орны жездедей» деген рас екен» деп өзіммен өзім күбірлеп қоямын. Бір жағынан «келем деп айтпаған өзіңсіз ғой» деп, өзімді де жазғырудамын. Қойшы, сонымен сабылып тағы 10-15 минуттай жүрдім... Кенет есіме әкемдер жататын бөлменің сыртқы әйнегінің жоғарғы жағының кішкене жері сынған терезесі есіме түскені (күзде үй әктегенде өзім сындырғанмын ғой, жуамын деп, түйе деуші еді ғой мені). Жанталасып терезеге ұмтылдым. Сөйтіп, сол сынық арқылы ішкі терезені ішке итеріп, сосын сыртқысын итеріп... Иә, терезе арқылы алдымен сөмкелерімді ішке лақтырып, сосын пышпыңдап өзім кірдім. Ас бөлменің жарығы жанып тұр. Жатын бөлмеде екі інім ауыздары ашылып ұйықтап жатыр. Үйді тонап, танк басып кетсе де оянбас, сірә. Әкем қонаққа кеткен екен, сырттарынан құлыптап. Пеште аздап жылу қалыпты. Тамақ іздеп, сөрелерді бір ақтарып, оны мұны жеп, жылынып алдым. Ұйқым келер емес. Сағатқа қарасам, үштен кетіпті. Әл жинап алып, қонақ бөлмеге кіріп, суретті альбомдарды, анамдың отыз жыл еңбек еткен қағаз-кітаптарын ақтарып шықтым. Киімдерін иіскеп, орамалын оранып... тағы да, иә, тағы да жылауға көштім... Сөйтіп, мен, жалғыз, өзім - үшеуміз болып біраз сағынышымызды басып алдық. Сағат төртке таяғанды анам мен әкемнің төсегіне көрше, жастық әкеліп, қол аяғымды бауырыма алып, анамның орамалын құшақтап ұйқыға кеттім...

      - «Өй, кім ол? Құрсын! Кім кіріп алған?» - деп шошына шыққан әкемнің дауысын естіп жатсам да, қозғалмай қойдым таңертеңгісін. Теріс қарап, көрпені бүркенген күйде жата бердім. Әкем ақырын келіп, көрпенің бас жағын еппен аша бастады. «Вәәәә» деп айқай салдым. Әкем шошып кетті де, бір метр жерге секіріп кетті. Мені көріп, «өй, әкеңнің қызы, қайдан жүрсің» деп, маңдайымнан сүйіп... Жоқ, түндегі әкеме ренжігенім орынды болмапты. Әкемнің ыстық алақанымен екі бетімнен қыса, маңдайымнан сүйгені.. сағынышын сездіре... Сонда барып, «әке орны жездедей» деген менің әкеме айтылмаған екен ғой деп ойладым...

Н.ғ.: ...дәл сол кезде жарыса барған екінші көліктің шопыры, сыныптасым содан біраз уақыттан кейін тағы бір сыныптасыммен бірге көлік апатынан ажал құшатынын ол кезде білмеген ек... Сол бір қуанышты, көңілді, бала күйінде есімде қалыпты сол сыныптастарым да...



Бөлісу: