Өмірді бәрібір сүйе алмадым

Не тірлік қылып жүрмін, біле алмадым,

Хайырлысын санама түйе алмадым.

Өзгелер өліп-өшіп сүйетұғын,

Мына өмірді бәрібір сүйе алмадым.

Ой жүйрік, сана таяз, иман әлсіз,

Пайдасыз білімім көп, нәпсі - досым,

Өтіп жатыр күндерім ешбір мәнсіз,

Шынайы шын бақытты ұзақ тостым...

***

Сені ұнату -

Барды тұтпай қадірге,

қол жетпеске құмарту.

Сені ұнату -

Сонша құрған арманды,

бір күрсініп, құлату.

Сені ұнату-

Жаңғырыққа жауап қатпай,

үнсіздікке үн қату.

Сені ұнату –

Сәл жымиған көңілімді,

келместі ойлап, мұңайту...  

***

Иманым әлсіз, жиғаным  мені қорғай ма?

Алла қаламай, пенделер мені қолдай ма?

Сескенем сәттен сүрініп құлай жаздаған,

Сірә да, Алла бақытты маған жазбаған.

Бар еді білім түкпірде шоқтап, маздаған,

Нәпсіні жеңер иманым сәл - сәл аздаған.

Алайда енді ен дала кезген сорлымын.

Иманым әлсіз, қам етпей неге назданам?..

***

... бала едік кеше,

шыбықты ат қылып ойнайтын,

Көшенің түтесін шығарып,

асықты быт-шыт қып, "қоймайтын".

Күнменен оянып, күнменен батсақ та,

Ойынға бір сәт те тоймайтын....

Ал,бүгін, береке жуымас ісіміз,

Тұрса да толысып күшіміз,

Иіліп дән егіп, жинауға

Ерінер ұрпақтың біріміз...

Не болар екен-ау ертеңгі іс,

Қалмаған кездері бір тал тіс,

Немере ертегі сұраса,

Айта алар ма екенбіз мына біз...

Қорқамын, пайдасыз ілімнен,

Ұқсас боп жылжыған күнімнен.

Ертеңгі күн басқа болсын деп,

Тілеймін Алладан түнімен...



Бөлісу: