2013 ЖЫЛ ҚОРЫТЫНДЫСЫ

2013 ЖЫЛ ҚОРЫТЫНДЫСЫ
жеке
блог

Бұл тақырыпта блог жазу ойда жоқ еді. Әйтседе, жылдағы дәстүр ғой.  Оның үстіне Мейіргүлдің суретті есебін оқыған соң ба, альбомдарды ақтарып, артта қалған біраз нәрселерді еске түсірдім. Ойдағы мен қырдағы сең қозғалды. Ретімен еске түсіріп баяндайын.


 

Алматыда өзбектердің «Кишлагында» өткен бас қосу мен Шымкенттегі Блогқұрылтай есте қалды. Шымкент қатты ұнап қалды. Көшелері тап-таза! Шашлыктары тілді үйіреді. Әгәрәки, ол жерде теңіз болса, екінші Стамбулға айналдырып жібереріне күмәнім жоқ шымкенттіктердің. Бір ұятты ісім болды. Лондон олимпиядасының қола жүлдегері Ақжүрек Таңатаровты танымадым. Неге қыз-қырқын оның соңында жүр десем. Мен оны тараздық блогшылардың бірі екен деп тараздықтардың қатарына тұрғызып суретке түсіріп жүрмін.  Оны білгенде өзім де суретке түсіп алатын едім ғой елден қалмай. )) Айтпақшы, сол блогқұрылтайда Мейіргүлмен бөлмелес, Ақеркемен төсектес болғанымды біреу білсе, біреуі білмес. Анау- мынау емес, қонақ үйде! )) Мен үшін үлкен естелік! Қыздарики, рақмет! ))

Осы жылы сурет көрмелеріне қызығушылығым оянды. Біраз көрмелер мен домбыра патиге бардым. Алматыда сегіз жыл жүріп орталық музей мен Ә.Қастеев атындағы музейге баруға биыл сәті түсті. Сонымен қатар, Розатай, Сыр сұлуы және Арсик.кз бірге Ботаникалық бақта өткен фотосетте әдемі естелік. Арбаттағы «Родем»  корей дәмханасында өткен  әдемі қыздардың кездесуі де сондай жылы естелікке толы. Сол жолы Массагеттің Сәниясымен кездестім алғаш рет. Жалпы, массагеттіктерді толық кездестірдім десем де болады. Әйгерімді укибілімде, Еркебұланды – домбыра party-де кездестірдім. Ал, Қайсар Қауымбекті – Жазушылар Одағында кездестірдім. Қыз болсам да, ұялмай бардым да мен массагеттегі Қыпшақ қызымын деп жөнімді айттым.Cool


Биылғы жылдың тағы бір қызығушылығы – Үндістан. Үнділердің чуридар киіміне қатты ынтық болдым. Алматыдан таппадым. Гошаға тапсырыс беруге тағы реті келмей қалды. Үнді қыздары ұқсап қынадан қолыма өрнек салдырып мәз болсам, ертеңіне ректордың қолынан диплом алатынымды естен шығарып алыппын. Қолымды көріп шошып кетер деп, қайта өшірдім. Есіл еңбек! Embarassed

Нәзираның блогы мен Абылайдың суреттерінен Маңғыстау өлкесіне ғашық болдым. Мүмкіндік болса тарихи жерлері мен аққуларын көргім келеді. Міне, блогтың әсері қандай!


Магистратурамды бітіріп, Түркияға оқуға түскенім мен үшін биылғы жылдың жаңалығы болды. Жазда құт мекенім – туған ауылым мен туғандарымның жанында болдым.


Жылдың үздік киносы – К.М. Ататүрік жайлы түсірген  «Қоштасу» фильмі мен тай-ағылшындардың  «Анна мен король» фильмі. Әрине, қыздарға махаббат туралы қызық қой. )  Уақыт болып жатса, Neke.kz ұсынған фильмдерді қарап көремін деп отырмын.

Жыл адамы – жан құрбым Назик. Оған деген құрметім шексіз. Бар жақсылыққа лайықты жан. Тілекшіңмін, жаным!

Жыл тәттісі – «Қағанаттың»  мына тәтті торты. Мен мұны ұмытпаймын. Басында екі құлағы бар. )) Мұнда қанша естеліктер жатыр десеңші!

Жыл көрінісі – балкондағы мына көрініс. Бұл балконнан қанша түнді ұйқысыз таңды қарсы алғам.

Жыл блоггері - Әйгерім Сматуллаева деп таныдым.

Мика айтпақшы, осы жылы бір құрбыммен қоштастым... Ал, бір құрбымды күйеуге беріп қоштастым.  Балабақшадан бері келе жатқан ескі досым болатын. Қыз жолдас болып парызымды атқардым.

Жылдың тосынсыйы - Юнус Емре Орталығының фотоконкурсынан Стамбулға ұтып алған билет.


Бұл жыл – ескі тарихи қала Пергам патшалығына саяхатпен еске қалды.

Сосын ертегілер елі Чешме мен Алачаты жері де ерекше есте қалды


Есте қалған тағы бір естелік – Маниса сапары. Осман империясы дәуірінде «ханзадалар ордасы» саналған бұл қаланы көруге қатты құмарттым. Қиялымдағы бір блог жазылмады сол күйі. Себебі межелі жерге емес, Манисадағы Спил тауына бардым. Бұл да бір керемет күн болды. Кәуап пісірдім. Біреулер ақ бұлттан жасап алса, мен бір кісіні ақ қардан жасап алдым. Cool


Одан кейінгісі – Ескішеһир сапары. Тұңғыш өткен Түрквижн байқауына Ринго тобына жанкүйер болдым.


Тәуелсіздігіміздің 22 жылдығына орай флешмоб ұйымдастырдық. Күннің көзі қақап кетті сол кезде. Жазуларымыз ұшып, талай қызықтар болды. Бұл жыл – конференциялар мен кездесулемен есте қалды. Аллаға сансыз шүкір, өткен жылға өкпем жоқ екен. Жаратқан ием, бергеніңе тәубе, береріңнен танба! Келер жылы барлығымыз үшін табысты жыл болсын! Амандықта көріскенше, достар!Kiss