Сүрініп кеттім... "встреча"

      Мектепте қыздар арасында мынандай қызық «дәстүр» бар еді. Қыздар, естеріңде ме? Қай жерде келе жатсақ та, сүрініп кетсек, «ВСТРЕЧА» деп айғайлаушы едік қой? Естеріңе түсті ме? Мектептен кетер-кеткенше сол «встреча» аузымыздан түспеген. Солардың бірі орындалып, «встреча» болған-болмағаны есімде жоқ, бірақ сол «дәстүр» әлі есімде... Сонымен...

           Күзбен бірге басталатын «картоп алу» деген майданға отбасымызда біріміз қалмай «аттанатынбыз». Өз жоспарымызбен жексенбіге дәл келтірген сондай күннің бірінде ауылымыздан шалғай жердегі жазық далаға «соғыс киімдерімізді» киіп алған біздер көлікпен, аға-інілерім мініс аттарымен жолға шықтық. Көлікпен 15 минут шамалас, атпен жарты сағатқа жуық уақытта жететін шайқас майданына жетіп, асай-мүсейлерімізді артынып, шайқасқа енді кірісе бергенімізде, Анам «Ойбуй! Ұмыттым!» демесі бар ма?! «Нені?» ...деп шуластық. «Плиткаға кіші флягтағы (Анам екі күнде бір жиналатын сүтті флягқа жинап  әкем қолдан жасап берген мотормен май шайқайтын еді) айранды қойып едім... Соны өшірдім бе, өшірмедім бе, есіме түспей тұрғаны... Құдай-ау, атылып, өртеніп, үй жанып кетпесе болғаны...»- деп, Анамыз одан әрі жүрегімізді ұшырды. Әкем боқтап, қатты ұрыспайтын (әлде мен елемедім бе). «Өй! Дұрыстап қарап шықпадыңдар ма?!» - деді де, «жылдам бар да, өшіріп, флягты түсіріп, есікті дұрыстап жауып кел» деп, мені сүйікті қара атыма мінгізіп жіберді, інімді түсіріп. Шамамен 6-7 сыныпта оқимын, көзілдірікті інім 2 жас кіші еді менен. Мені «ботқасың» деп мазақтайтын ап-арық, тыриған ініме сенбей, мені жіберетіні әдеттегі әдет еді. Ауыл арасында қонақ шақыру, малдарды айдап келу болса, атқа міне сала, мен шабатынмын. Бұл жолы да «тапсырманы» орындауға қара атыма қарғымасам да, тәп-тәуір жылдам мініп, шауып кеттім. Жазық дала. Әр жерде қараң-құраң адамдар біздікіндей майданда жүрген. Кедергі болар ағаш, дөң дегендей ештеңе жоқ. Аттың аяғы түсіп кететін әлдебір індер, егінді, картопты суғаруға арнап қазған арықтар болмаса, айнала түгел теп- тегіс. Ой, қойшы, сонымен, желпілдеп шауып келемін! Шауып келемін! «Шоқпардай кекілі бар, қамыс құлақ» деп кейіннен мені «біреу» айтып еді, сол шоқпардай кекілім маңдайымда желп-желп етіп, тақымымды қысып, ноқтасын тартып қойып, қара атты барынша жоғары «жылдамдыққа» қостым. Қара атым да бәрін үнсіз ұққандай, не жау қуғандай «ұшып» келеді! Дұрысы – ұшып келеміз! Дәл сол кездегі сезімді айтып жеткізу мүмкін емес! Керемет! Жазық далада жүйрік атпен (меніңше, жүйрік) ешбір кедергісіз емін-еркін шауып келе жатырмын! Рахат! Шынымен де, рахат! Керемет сезім! Еркіндік! Қанатсыз көкте қалықтап жүргендейсің! Еңіреп жыласаң, жасыңды жел кептіреді, бар даусыңмен күлсең, күлкіңді кеңістік алып кетеді... Қысқасы, «ғажап»! Мен мұндайда көзімді бір сәтке жұмып (әдетте, аға-інілеріммен шағын қашықтыққа атпен жарысқанда көзімді жұмбаймын, әрине), кең тыныстайтынмын... Сондағы кереметті айтып жеткізу мүмкін емес. Бағанадан бері сол сезімді жеткізе алмай жатыр емеспін бе? Қысқасы, атпен «от души» шауып көрген адам мені түсінеді...

          Ауылдың төбесі әлі көрінер емес. Мына жазық бітпесе екен... Жалғаса берсе екен... Ұшып барамын... Қандай керемет... деп әкемнің «тапсырмасын» ұмытып, қиялдап келе жатқанымда, қара атым сүрініп кетті! Көзімді ашып қалып, айтқан сөзім – «ВСТРЕЧА»! Иә, дәл сол бағанағы сүрінгенде айтатын «ВСТРЕЧА». Ал, кеп күліп жатырмын, жынды адамша жазық далада бар даусыммен күліп келемін, күліп келемін... Мен емес, атым сүрінді ғой. Күлкім келгені сонша, көзден жас кетті дейсің ғой... Қойшы, сонымен ішім түйіле бастады. Түк ұқпаған қара атым, «иемді жын ұрды ма» дегендей шабысын сәл бәсеңдетті. Әлі күліп келемін. Кенет өз күлкімнен өзім шоши бастадым. Қорқынышты естіле бастады...Айналамда ешкім жоқ. Өз күлкім өзіме біртүрлі естіле бастағанда, ауылдың төбесі көрінді. Сөйтіп, үйге ұшып жетіп, әкемнің «тапсырмасын» орындап, майдан алаңына дәл сондай жылдамдықпен ешбір сүрінусіз жеткенім бар еді...

Н.ғ.: ...содан бері өмір-жолдан да, сезімнен де, дос танудан да, тағысын тағы сүріндім, бірақ әлі «встреча» болмады... )) Осы жылы да болмады. Келер жылы болып қалар... Менің жылдық есебім осылай.))



Бөлісу: